Елімізде қымбат темекі мен алкоголь өніміне де сән-салтанат салығы салынуы мүмкін
Сән-салтанат салығы автокөліктер мен пәтерлер ғана емес, сонымен қатар ішімдік пен темекі өнімдеріне де салынуы мүмкін. Бұл жайында ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев айтты.
Департамент директоры Ерлан Сағынаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы жаңа Салық кодексін таныстыруға арналған іс-шарада байлық салығының ішімдік пен темекіге қатысты мөлшерлемесі қандай болатынын түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, Салық кодексіне сәйкес қымбат мүлікке салықтық градациясы болады. Яғни мүліктің құны неғұрлым көп болса, салық мөлшерлемесі де соғұрлым жоғары болады.
«Егер жиынтық бойынша менде, мысалы, құны 450 миллион теңгеден асатын бір немесе бірнеше нысан болса, онда мүлік салығының көтерілген ставкасы автоматты түрде қосылады. Қалған нысандар бойынша қандай шаралар болады дегенге келсек?! Жаңа Салық кодексі күшіне енген кезде, сырттан әкелінген автокөліктердің кедендік құны 75 миллион теңгеден асса, онда кіре берісте акциз түріндегі 10% артық соманы меншік иесі қосымша төлейді. Сол сияқты, 100 миллионнан асатын кедендік құнның 10 пайызы яхталарға, ұшақтарға, кемелерге түседі, яғни біз оларды қымбат нысандар қатарына жатқызамыз. Яғни мұндай мүлікті сатып алуға мүмкіндігі бар азаматтар жоғары мөлшердегі салық салу және акциз арқылы қосымша салық төлейтін болады», – деді Сағынаев.
Департамент басшысы қымбат алкоголь өнімдері мен темекілерге де жоғары салық салынатынын айтты.
«Қымбат темекі, қымбат алкогольдік сусындар сияқты акциздік өнімдер де бар. Егер темекінің бір данасы 10 мың теңгеден асса, онда оның салығы акциз түрінде 10 пайызға жоғары төленеді. Ал қымбат алкогольдің 1 литрі жарты миллион теңгеден асса, акциз түрінде 10 пайыз жоғары төлейді», – деді министрлік өкілі.
Осыған дейін «Сән-салтанат» салығы Ашық НҚА порталында жария талқыға шығарылған болатын.
Ұлттық экономика министрлігі тапсырманы қолданыстағы салықтар шеңберінде іске асыруды ұсынды.
«Мәселен, жеке тұлғаның барлық объектілерінің жиынтық құны 130 мың АЕК шегінен асқан жағдайда ставкаларды арттыру ұсынылады», – деп жазылған құжатта.
Сонымен қатар министрлік елімізде қанша адамда яхталар немесе жеке ұшақ секілді қымбат мүлік бар екені туралы ақпарат беріпті.
«Мысалы, жеке тұлғаларда 490 яхта бар. Яхталарға салынатын салықтың ең жоғары сомасы-шамамен 190 мың теңге (55 АЕК). Мөлшерлемені яхталардың ұзындығына қарай көбейту ұсынылады. Мысалы, Еуропа елдеріндегідей салық мөлшерлемесін анықтау үшін қолдануға болады. 5 метрден астам яхта «сән-салтанатқа» жатады», – деп жазылған құжатта.
Шетелдік тәжірибе қалай?
Министрлік келтірген дерекке сәйкес Грецияда ашық яхталарға арналған «сән-салтанат» салығы жылына 780 еуродан (383 мың теңге) 2340 еуро (1 млн 149 мың теңге) дейін белгіленген. Ал егер яхта 12 метрден асса, салық сомасы тағы артады.