Жаңалықтар

«Субсидия беруден бас тартты»: Шымкентте 30-ға жуық фермерлік шаруашылықтар жабылудың алдында тұр

Сенатор Шымкент фермерлері үшін субсидиялау ережелерін қайта қарау керек екенін айтты / Коллаж архив kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Ауыл шаруашылығы жерінің болуын талап ететін субсидиялаудың жаңа ереженің салдарынан Шымкентте 30-ға жуық шаруа қожалығы жабылып қалуы мүмкін. Бұл жайында Сенатор Әлішер Сатвалдиев айтты. Ол депутаттық сауалында асыл тұқымды сүтті мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың мәселесін көтерді.

Әлішер Сатвалдиев Шымкент фермерлері үшін субсидиялау ережелерін қайта қарау керек екенін айтты. Сенатордың айтуынша, ауыл шаруашылығы жерінің болуын талап ететін субсидиялаудың жаңа ережелері Шымкентте орналасқан 30-дан астам фермерлік шаруашылықтарға, сондай-ақ ондаған сүт өңдеу кәсіпорындарына қиындық туғызуда. Олардың барлығы енді субсидия алуға өтініш бере алмай отыр.

«Субсидиялау жаңа қағидасына сәйкес, өтінім берген сәтте тауар өндірушіде «ауыл шаруашылығы мақсатындағы» жері болуы талап етілген. Сонымен қатар Шымкент қаласындағы жерлерге «елдімекен жерлері немесе ауыл шаруашылығы пайдаланылымдағы жерлер» санаты берілген. Осылайша, дара «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер» санатының болмауы себепті шаруалар Plem.kz ақпараттық-сараптамалық жүйесінде субсидия алуға өтініш бере алмай отыр», – деді Әлішер Сатвалдиев.

Депутаттың айтуынша, Шымкентке келген ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері шаруаларға субсидия беруден бас тартқан. Оның басты себебі- жер санатының сәйкес келмеуі, мал азығы мен жайылымдық жерлердің болмауы. Алайда Шымкент шаруалары Түркістан облысынан мал азығын әкеліп, көрші ауылдардан жерді жалға алып, тіпті мал азығына қатысты мәселені де шешіп қойған.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл ұстанымы нәтижесінде бірқатар инвестициялық жобалардың тоқтауына да себеп боларын атап өткіміз келеді. Осыны ескеріп, депутаттық сауалға арқау болып отырған Шымкент қаласындағы сүт бағытындағы асыл тұқымды мал өсіретін шаруалардың мемлекеттік қолдаудан таса қалмауы үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидиялау қағидаларына өзгеріс енгізген жөн деп  санаймыз», – деді Алишер Сатвалдиев.

Айта кетейік, осыған дейін қой шаруашылығы бойынша 17 республикалық палата өз міндетін тиісті деңгейде атқара алмай отырғаны жайлы хабарлаған едік.

Мәжілістің бір топ депутаты Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа жолдаған хатында елімізде қазіргі уақытта асыл тұқымды қой шаруашылығын дамыту ақсап тұрғанын мәлімдеді. 2011 жылы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар өзін-өзі басқару ұйымдарын құрып, республикалық палаталар құруға тиіс болған. Бүгінге дейін 17 палата тіркелген. Бірақ содан бері еш нәтиже жоқ деп санайды.

Асыл тұқымды малды тіркейтін ИАС деген электронды жүйенің мәлімет базасында қойдың көп бөлігі «асыл тұқымды» деген атына сай емес. Асыл тұқымды мал шаруашылығына жыл сайын 23,6 млрд теңге бөлінеді. Бірақ бұл қаржының тиімділігі көрінбей тұр. Республикалық палаталар жұмысы бірін-бірі қайталайды. Ұсақ палаталарда қаражат қоры қалыптаспаған. Қой палатасын бақылайтын тәуелсіз жүйе де болмай шықты.

2023 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 8,2 трлн теңгеге жектен. Мал шаруашылығы саласындағы өсім 3,3%-ға артып, өндірістен 3,8 трлн теңге түскен.