Жаңалықтар

Қазақстан тасымалдаушылары жүкті енді Қытайдың ірі қалалары мен порттарына дейін жеткізе алады

Енді қытайлық автотасымалдаушылар Қазақстан аумағы арқылы Еуропа мен Азия елдеріне транзиттік тасымалдарды жүзеге асыра алады / Коллаж: kursiv.media   

Енді қазақстандық автотасымалдаушылар Қытайдың ірі жүк қалалары мен халықаралық теңіз порттарына дейін бара алады. Сәйкесінше, Қазақстан жолдарында қытайлық автотасымалдаушылар көбейеді. Сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады. 

Заң Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялауға бағытталған. Бұл келісім 2023 жылғы 17 мамырда Сиань қаласында жасалған. Келісімнің басты мақсаты — екі ел арасында автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау.

Сенатор Андрей Лукин соңғы жылдары екі ел арасында автокөлік тасымалы көлемінің тұрақты өсу үрдісі байқалатынын атап өтті. Айтуынша, 2023 жылы автокөлікпен тасымалданған жүктердің көлемі 1,8 млн тоннаны құраған, бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда  екі есеге көп (708 мың т).

«Келісім жолаушылар мен жүк тасымалы мәселелерін, көлік құралының жол жүруіне рұқсат беру және одан босату шарттарын, жүргізушілер мен көлік құралдарына қойылатын талаптарды реттейді. Сондай-ақ өткізу пунктеріндегі сақтандыру, салық салу және бақылау мәселелері де оңтайлындырылады. Бұдан басқа, келісімде тараптардың тасымалдаушыларының Қазақстан мен Қытай аумақтарына терең ену мүмкіндігін көздейтін ақпараттық технологияларды енгізу және тасымалдау жағдайларын жетілдіру жөніндегі нормалар регламенттеледі. Осылайша, қазақстандық автотасымалдаушылар Қытайдың ірі жүк құраушы қалалары мен халықаралық теңіз порттарына жете алатын болады», — деді сенатор Андрей Лукин.

Сонымен қатар келісімге сәйкес екі ел, жүктерді екіжақты және транзиттік тасымалдауға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, үшінші елдерге тасымалдауға рұқсат беруге келісті.

«Бұл екі ел тасымалдаушыларының автомобиль тасымалдарына тепе-тең қатысуын реттеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қытайлық автотасымалдаушылар Қазақстан аумағы арқылы Еуропа мен Азия елдеріне транзиттік тасымалдарды жүзеге асыра алады. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады», – деді Андрей Лукин.

Осыған дейін елімізде Қытайға жүк тасымалдаудың жаңа тәртібі енгізілген еді. Қазақстан отандық тасымалдаушыларға шет мемлекеттің аумағы арқылы жүруге рұқсат беретін пилоттық жобаның мерзімін ұзартты. Қытайға жеңілдетілген тәртіппен жүк тасымалдау 2025 жылға дейін ұзартылады.

Осы бастаманың арқасында Қытайдан тауарларды кедергісіз және алыпсатарларсыз өткізу мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді. Бұл логистикалық операторлар арасында оң пікір туғызып отыр.