Gilead Sciences фармацевтикалық компаниясының акциялары бейсенбі күнгі саудада 8%-дан астамға қымбаттады. Акциялар құны осы компанияның ұзақ әсер ететін ленекапавир атты инъекциялық препаратын зерттеу нәтижелері жариялағаннан кейін өскен. Зерттеу кезінде бұл препараттың әйелдерде АИТВ (адамның иммунитет тапшылығы вирусы) инфекциясының алдын алуда күнделікті ішетін Truvada таблеткаларымен салыстырғанда тиімдірек екені анықталды деп хабарлайды Reuters.
Толығырақ
Gilead акциялары 20 маусымда Нью-Йорктегі саудада 8,46%-ға өсті. Бұл – 2022 жылдың қазан айынан бергі ең үлкен өсім.
Инвесторлар АИТВ-нің алдын алуға көмектесетін препарат туралы зерттеу деректері жарияланғаннан кейін акцияларды сатып ала бастаған. Gilead Sciences ұзақ әсер ететін ленекапавир инъекциялық препаратының әйелдерде, күнделікті ішетін Truvada таблеткаларымен салыстырғанда, АИТВ инфекциясын болдырмауда әлдеқайда нәтижелі екенін хабарлады. Оның тиімділігі әзірлеушілер күткеннен де асып түскендіктен, тәуелсіз комитет препаратты зерттеуді мерзімінен бұрын тоқтатқан деп жазады Reuters.
Зерттеу қорытындыларына сенсек, жылына екі рет ленекапавир инъекциясын жасаған әйелдердің АИТВ жұқтыру деректері тіркелмеген. Ал осындай профилактика шараларын қолданбаған пациенттер арасында АИТВ жұқтыру деңгейі жоғары болған. Зерттеуге Африкадан 16−25 жас аралығындағы 5300-ден астам әйел мен жасөспірім қатысқан. Қатысушылар Gilead компаниясының ленекапавир екпесін, Truvada немесе Descovy таблеткасын күн сайын ішетін.
«Біраз адамға ленекапавир сияқты жылына екі-ақ рет қолданатын профилактикалық құралдың болғаны әлдеқайда ыңғайлы», − деді Gilead компаниясының клиникалық әзірлемелер жөніндегі вице-президенті Джаред Бэтен Reuters агенттігіне.
Фармацевтикалық компания ленекапавирді ерлерге егіп зерттеуді жалғастыруда. Жоспарға сай, бұл зерттеу биыл жыл соңына дейін аяқталуы керек. Содан кейін Gilead жаңа препаратты АҚШ-та мақұлдауға өтініш бермек.
Сарапшылар пікірі
Ленекапавирді зерттеу нәтижесінің осылай шыққаны − компания үшін «ең жақсы» сценарийдің іске асқаны деуге болады деп мәлімдеді RBC Capital Markets аналитигі Брайан Абрахамс инвесторларға арналған жазбасында. Бұл профилактикалық препарат нарыққа шыққаннан кейін, компанияға жылына кемінде 1,7 миллиард доллар табыс әкелуі мүмкін деп жазады Bloomberg. RBC Gilead акцияларының мақсатты бағасын 74 доллар деп бағалап, Sector Performance бағасын өзгертпеді. Бұл бейтарап рейтингке сай келеді. Яғни компания акциялары саланың басқа компанияларынан қалыспайды не озып кетпейді дегенді білдіреді.
Зерттеу нәтижелері жарияланған соң, Baird сарапшылары Gilead акцияларының мақсатты бағасын 80 доллар деңгейінде сақтап, бейтарап рейтинг берді. Себебі фармацевтикалық компания онкологиялық дерттерді емдеуде айтарлықтай жетістікке жеткен жоқ деп жазады Investing.com. Evercore ISI және BMO Capital Markets сарапшылары Gilead рейтингін «нарықтан жоғары» деңгейінде сақтап қалды.
Акцияның жайы
Жыл басынан бері Gilead акциялары 15,5%-ға төмендеді. Бұл ішінара АҚШ-тағы Medicare (зейнеткерлерге арналған медициналық сақтандыру) шығындарын үнемдеу шараларына байланысты деп атап өтті The Wall Street Journal. Аталмыш шаралардың нәтижесінде келесі жылы АИТВ-ге қарсы дәрі-дәрмектердің сатылымы бір қалыпқа түспек.
MarketWatch деректері бойынша, Gilead Sciences акцияларын қадағалап отырған 32 сарапшының 15-і оларды сатып алуды, ал 17-і бұрын сатып алынған акцияларды портфельде ұстауды ұсынады. Сату жөнінде ұсыныс жоқ. Уолл-стриттің фармацевтикалық компания акцияларының бағасы бойынша консенсустық болжамы − 82,17 доллар. Яғни шамамен 20%-ға өсім болмақ.