Канада Қытайда жасалған электромобильдерге салынатын кедендік баж салығын арттыруға дайындалып жатыр. Былтыр электрлі көлік импорты 20 еседен астамға өскен. Іргелес АҚШ пен ЕО-да баж салығы күрт өсіп еді, Канада билігі енді ел нарығы Қытайдан келген электромобильдерге толып кете ме деп алаңдап отыр.
Толығырақ
Джастин Трюдо бастаған Канада үкіметі Қытайда шығарылған электромобильдерге баж салығын салуды жоспарлап отыр деп хабарлады Bloomberg агенттігіне аты жасырын бір канадалық шенеунік. Үкімет бұл жағдайда нақты қалай әрекет ететіні әлі белгісіз, жақын арада импорттық баж салығы бойынша қоғамдық консультациялар өтеді.
Канада Статистика басқармасының мәліметі бойынша, Қытайдан Канадаға келген электромобильдер импорты өткен жылы 2,2 миллиард канадалық долларға (1,6 миллиард АҚШ доллары) дейін өскен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 100 миллион канадалық доллардан аз болған еді. Қытайдан Канаданың ең қарбалас порты − Ванкуверге жеткізілетін автокөліктердің саны бес еседен астамға өскен. Өйткені бұл жаққа Tesla Шанхайдағы зауытынан Model Y электромобильдерін жөнелте бастаған.
Алайда Канада үкіметі бағасы біршама қымбат Tesla көліктерінің келіп жатқанына емес, нарық арзан қытай автокөліктеріне толып кетуі мүмкін деп алаңдауда деп жазады Bloomberg.
20 маусымда ел астанасы орналасқан Онтарио провинциясының басшысы Даг Форд Қытайды арзан электромобильдер өндіруде «еңбек стандарттары төмен, сондай-ақ лас энергия көздерін пайдаланды» деп айыптады. Ол Трюдо үкіметін баж салығын АҚШ-тағыдай деңгейге дейін көтеруге үндеді. «Біз дереу әрекет етпесек, − деді Форд, − Онтариодағы және тұтас Канададағы жұмыс орындарынан айырылып қалуымыз мүмкін».
Акциялар жайы
20 маусымдағы Нью-Йорк сауда сессиясы нәтижесінде Tesla акциялары 1,8%-ға төмендеді. Қытайдағы ең ірі электромобиль өндіруші BYD компаниясының акциялары бүгін Шэньчжэньдегі сауда-саттықта 0,2%-ға төмендеді.
Контекст
Трюдо үкіметі мен Дуг Форд бастаған Онтарио әкімшілігі елде аккумуляторларға қажетті пайдалы қазбаларды өндіруден бастап, автокөліктер мен жеңіл жүк көліктерін құрастыру қызметін қамтитын электромобильдер индустриясын құруға ондаған миллиард доллар бөлуге уәде берген. Соның ішінде Volkswagen, Stellantis және Honda Motor-дың жаңа зауыттарына миллиардтаған субсидиялар берілмек.
АҚШ пен Еуроодақ Қытай электромобильдеріне баж салығын көтергеннен кейін, Канада премьеріне ел ішінде де, шетелде де қысым күшейді. Bloomberg мәліметінше, Трюдо осы уақытқа дейін Қытайдың қарымта сауда санкцияын енгізуінен қауіптеніп, сақ қимылдаған.
Мамыр айында АҚШ қытай электромобильдерінің импортына баж салығын 25%-дан 100%-ға дейін, яғни төрт есеге көтеретінін жариялады. Өткен аптада Еуропалық комиссия шілдеден бастап Қытайдан келетін электромобильдерге қолданыстағы 10% мөлшерлемеге қосымша баж салығын енгізетінін хабарлады. Қосымша баж салығының мөлшері өндірушіге байланысты, мысалы, BYD үшін 17,4%, SAIC үшін 38,1% болмақ.