Nvidia акцияларының құлдырауы салдарынан Nasdaq индексінің биылғы ең ұзақ раллиі тоқтады

Жарияланды
Nasdaq биылғы ең ұзақ раллиін аяқтады / Фото: Reuters/Brendan McDermid

20 маусымда америкалық акциялар нарығы тарихи максимумға жеткен күйінен кері шегінді. Бұл жайт Nasdaq Composite технологиялық индексінің биылғы ең ұзақ раллиінің аяқталуына себеп болды. Осы және келесі жұмадағы оқиғалар («қабаттасқан үш сиқыр» және Russell индекстерін қайта теңгерімдеу) Американың қор нарықтарында қысқамерзімді құбылу үрдісін күшейтуі мүмкін.

Толығырақ

Nasdaq Composite 20 маусымда Нью-Йорктегі сауда нәтижесінде 0,8% жоғалтты. Осылайша, бұл индекстің желтоқсан айындағы тоғыз күндік раллиден бергі ең ұзақ жеті күндік өсуі тоқтады деп жазады Financial Times.

Nvidia акциялары 3,5%-ға төмендеді. Сөйтіп жақында әлемдегі ең қымбат жария компанияға айналған жасанды интеллект чиптерін өндіруші көш басындағы позициясын жоғалтып, бірінші орынға Microsoft шықты. Америкалық S&P 500 көк фишкалар индексі, оған қатысушылардың жартысынан астамының акциялары өссе де, технологиялық сектордағы шығындарға байланысты 0,3%-ға төмендеді.

Қазынашылық облигациялардың бағасы төмендеді. Нәтижесінде екі жылдық облигациялардың табыстылығы 0,03 пайыздық тармаққа өсіп, 4,73%-ды, ал 10 жылдық облигациялар табыстылығы 0,04 пайыздық тармаққа өсіп, 4,26%-ды құрады.

«Қабаттасқан үш сиқыр»

Жаз жақындағанда акцияларды саудалау көлемі азайып, әдетте маусым айында АҚШ қаржы нарықтары тыншиды. Алайда, 21 маусым, жұма күні «қабаттасқан үш сиқыр» деп аталатын құбылыс болады, бұл дегеніміз – әр тоқсанда акциялар бойынша опциондардың, қор индекстері бойынша фьючерстердің және қор индекстері бойынша опциондық келісімшарттар мерзімінің бір күнде аяқталуы. Кейде осының қарсаңында нарықтағы құбылу күрт көбейеді деп жазады MarketWatch ресурсы Benjamin F. Edwards инвестициялар жөніндегі директоры Билл Хорнбаргерге сілтеме жасап. Бұл жолы «қабаттасқан үш сиқыр» АҚШ-тың ең танымал үлгілі индекстері мен биржа қорларының кейбірін қайта теңгерімдеумен тұспа-тұс келеді.

Жұма күні АҚШ-тағы опциондар мерзімінің аяқталуы трейдерлер көп күткен қысқамерзімді нарық ауытқуларына себепші болмақ деп жазады Bloomberg. SpotGamma платформасының бағалауынша, «қабаттасқан үш сиқыр» индекстер, акциялар мен ETF-терге байланған, шамамен, 5,5 трлн доллар опциондардың жойылуына әкеледі. Келісімшарттар жойылған сайын инвесторлар позициясын түзеп, бұл кейбір активтерге әсер етуі мүмкін.

Сарапшылар не дейді?

Goldman Sachs Group компаниясының жаһандық нарықтар бөлімшесінің басқарушы директоры және тактикалық маманы Скотт Рубнердің пікірінше, позициялар жабылғаннан кейін нарықта біраз турбуленттілік болуы ықтимал.

Рубнердің айтуынша, осы және келесі жұмадағы сауда сессияларының (америкалық индекстердің ғаламдық жеткізушісі Russell индекстерін қайта теңгерімдеу өтетін шақта) «әсері жойқын болу қаупі бар, өйткені біз классикалық активтерді басқарушылардың артық көлемдерді белсене жаратып, тактикалық сауда жүргізетінін байқадық».

Сондай-ақ оқыңыз