S&P 500 рекорды, АҚШ нарығына қатысты көңілсіз болжамдар, еуроаймақтағы жағдай жақсарып келеді

Жарияланды
БАҚ шолуы / Shutterstock

Сарапшылар АҚШ қор нарығының көрсеткіштері айтарлықтай өзгеретінін ескертті. Жақында S&P 500 индексі 5500 пунктке жетіп, жаңа рекорд көрсетті. Ал Еуропаның экономикалық көрсеткіштері жақсарып келеді, тіпті Түркияға келген шетелдік инвестициялар көбейді. Осы және басқа тақырыптар туралы 20 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Stifel АҚШ қор нарығының көрсеткіштері айтарлықтай өзгереді деп ескертті

Bloomberg-тің хабарлауынша, Stifel, Nicolaus & Co инвестициялық фирмасындағы (Stifel Financial Corp-тың еншілес құрылымы) стратегия маманы Барри Баннистер S&P 500 индексі 6000-ға жеткеннен кейін күрт құлдырайды деп болжап отыр. Оның айтуынша, былтырғы жағдайды ескерсек, 2024 жылы S&P 500 тағы 10%-ға өсуі мүмкін. Алайда бұрын да болған «көпіршіктер» сияқты, бұл да ерте ме, кеш пе жарылады.

Америкалық кең нарық индексі 2024 жылдың соңына дейін 6000 деңгейіне жетуі мүмкін деп санайды Баннистер. Бірақ 2026 жылдың ортасына таман 4800 деңгейіне түсуі, яғни 20%-ға төмендеуі ықтимал.

Сондай-ақ ол коронавирус пандемиясы басталғаннан бері биткойн мен Nasdaq 100 индексі арасында корреляция барын атап өткен. Маусым айында биткойн әлсіреді, демек S&P 500-дің жазғы көрсеткішінде де түзету болмақ.

Айта кетерлігі, Баннистер 2023 жылдың бірінші жартысында акциялар өседі деп дұрыс болжаған болатын. Дегенмен оның біраз әріптесі де өзгеріс болатынын ескерткен еді. Содан кейін ол акциялардың табыстылығы азаятынын болжаған. Бірақ нарық әлі де өсіп келеді.

Еңбек нарығындағы жағдай туралы мәліметтерден кейін S&P 500 индексі төмендеді

S&P 500 индексі бейсенбіде алғаш рет 5500 деңгейіне жетті, алайда кейін АҚШ-тың еңбек нарығындағы жағдай туралы деректер жарияланып, ФРЖ өкілдері мәлімдеме жасаған соң, 5473 деңгейіне дейін төмендеді деп хабарлайды Reuters. Артынша Nasdaq индексі 0,79%-ға төмендеді, ал Dow 0,77%-ға өсті.

Мамыр айында жәрдемақы алатын жұмыссыз америкалықтар көрсеткіші қаңтардан бері ең жоғары деңгейге жетті. Бұл АҚШ-тың еңбек нарығындағы жағдайдың саябырсығанын аңғартады. Бұған қоса, ипотекалық несиелер бойынша мөлшерлемелердің жоғары болуы салдарынан елде мамыр айында тұрғын үй құрылысының көлемі азайды.

Миннеаполис Федералды резервтік банкінің президенті Нил Кашкари инфляцияны 2% деңгейіне қайтару үшін бір-екі жылдай уақыт қажет болатынын айтады. Себебі АҚШ-та жалақының өсу қарқыны жоғары болып қалуда. Демек пайыздық мөлшерлемелердің де ұзақ уақыт бойы жоғары болып қалу қаупі туындайды. LSEG-тің FedWatch деректеріне сәйкес, қаржы нарықтары қыркүйек айында мөлшерлемені 25 базистік пунктке төмендету ықтималдығын 58% деп бағалап отыр.

Кристалина Георгиева: Еуропаның экономикалық көрсеткіштері жақсарып келеді

ХВҚ басшысы Кристалина Георгиева CNBC-ге берген сұхбатында Еуропаның экономикалық көрсеткіштері жақсарып жатқанын, ал инфляцияның айқын төмендеу траекториясына түскенін атап өтті. Ол Еуропа елдерін ортақ нарықтың әлеуеті мен артықшылықтарын (тауар, капитал, қызметтер мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы) толығымен жүзеге асыруға шақырды. «Еуроаймақ қазір болашақтың маңызды мәселелеріне баса назар аударып отыр. Солардың ішіндегі ең әуелгісі – өнімділікті бәсекелестердегідей, әсіресе, АҚШ-тағыдай, дәрежеге арттыру», – деді Георгиева.

ХВҚ болжамы бойынша, Еуроаймақ экономикасының өсуі 2024 жылы 0,8%, ал 2025 жылы 1,5% болады. Сарапшылар ЕОБ пайыздық мөлшерлемелерді азайтады. ЕО-дағы инвестициялар мен тұтыну нарығы көрсеткіштері жақсы болады деп болжап отыр. Георгиева АҚШ үшін Еуропа − «идеялар супермаркетіне» айналған деп отыр. Оның айтуынша, АҚШ-та кеңінен қолданылып жүрген техникалық әзірлемелерді ЕО-да ойлап тапқан. Сондықтан еуропалықтар осындай әзірлемелерді өздерінде сақтап, оларды барынша қаржыландыруға ден қоюы керек.

Түркиядағы инфляция саяси мәселеге көбірек ұқсайды

Bloomberg Түркияның экономикалық көрсеткіштері туралы материал жариялады. Онда ел президенті Режеп Тайып Ердоған экономикалық өсуді жоғары деңгейде сақтау мақсатында негізгі мөлшерлемені төмен деңгейде ұстап тұрудан бас тартқаннан кейін, жағдайдың айтарлықтай жақсарғаны айтылады. Билік мөлшерлемені көтергеннен кейін, бұрын лираның күрт құлдырауы салдарынан елден кеткен шетелдік инвесторлар қайта оралды.

Қазір Түркия инфляцияның айтарлықтай жоғары болу салдарынан айығуда. Дегенмен елдің қатаң ақша-несие саясатына қарамастан, тұрғындар баға тағы өседі деп отыр. Van Eck Associates-тің дамушы нарықтар бойынша портфель менеджерінің орынбасары Дэвид Остервейлдің айтуынша, халықтың сенімін қалпына келтіруге көп уақыт қажет. Оның пікірінше, қазір инфляция жайы саяси мәселеге көбірек ұқсайды.

Үкіметтің қазіргі қатаң ақша-несие, фискалдық саясаты түрік акциялары мен облигацияларының қайта жандануына дем болмақ. Ердоған 2023 жылдың мамыр айында қайта сайланғаннан бері Түркияның негізгі қор индексі долларлық көрсеткіште 40%-дан астамға өскен. Бұл әлемдегі ең жақсы көрсеткіштердің бірі. Мамыр айында лирадағы облигациялар 6,5 миллиард доллар көлеміндегі шетел валютасының рекордтық ағынын игеріп алған.

Түрік нарығындағы доллар қарыздары да көбеюде – өткен айда бұл дамушы нарықтардағы ең тиімді carry trade (пайыздық мөлшерлемелердің әртүрлілігі есебінен валюта нарығында пайда табу стратегиясы) болды. Bloomberg Economics бағалауы бойынша, наурыз айының соңынан бері елге, шамамен, 20 миллиард доллар қаражат келген.

Сондай-ақ оқыңыз