Сірескен стрестік активтерді айналымға тарта аламыз ба?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Сірескен деп отырғанымыз – стрестік активтер. Берешегін өтей алмаған немесе өтеуді кешіктірген клиенттің мүлкі банк балансына өтеді. Сөйтіп не ары емес, не бері емес, стрестік активке айналып шыға келеді. Біржақты ету үшін бұл активтерді экономикалық айналымға енгізу қажет. Сонда экономиканың тамырына қан жүгіріп, белсенділік артады. Пайдасы да тиеді. Бұл мәселе бізде әлі өзекті. Қазіргі уақытта шамамен 1,6 трлн теңгеге жуық стрестік активті экономикаға тарту көзделіп отыр.

Стрестік активтер

Стрестік активтер – негізінен екінші деңгейлі банктер балансындағы, проблемалық несиелер қорындағы және стрестік активтерді басқару ұйымдарындағы жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, өндірістік объектілер мен жабдықтар түріндегі проблемалық несие мен өндіріп алынған мүліктер. 2022 жылдың ортасында елімізде стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша олардың деңгейін одан әрі төмендету және нарықтық жағдайларда айналымға тарту үшін стрестік активтердің толыққанды нарығын құруға бағытталған заң қабылданды. Сол жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) және Проблемалық несие қорымен бірге Қазақстанда стресс активтерін сату бойынша электрондық сауда алаңдарын құру мүмкіндіктерін зерттей бастады.

«Қазіргі уақытта стрестік актив деңгейі 2,6 трлн теңге сомасына бағаланады. 1 трлн теңге – жеке тұлғалардың несиесі. Біз оларды экономикалық айналымға тарту қажет деп айтпаймыз, бірақ 1,6 трлн теңге – бұл банктердің стресстік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарында жатқан, банк балансынан өндірілген мүлік, сондай-ақ оның бір бөлігі – қайта құрылымдалған қарыздар. Заң бойынша жеке инвесторларға стрестік активтерді сатып алуға мүмкіндік берілді»,– дейді ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Жоғарыда айтып өткендей, қазірге дейін жинақталып қалған 2,6 трлн теңге сомаға бағаланып отырған стрестік активтердің 5 пайызы – банк жүйесінің активтері. 1 трлн теңгесі – жеке тұлғалардың проблемалық кредиті болса, 1,6 трлн теңге – өндіріліп алынған мүліктер мен қайта құрылымдалған займдар. Шын мәнінде, стрестік активтер көлемі бұдан да көп болған. Алайда 2016-2021 жылдар аралығындағы банктерді сауықтыру бағдарламасы және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары есебінен 6,7 трлн теңгенің стрестік активі есептен шығарылды. Бұл соманың бір бөлігі әлі де Проблемалық несие қорының балансында тұр. Осылайша, бір жағынан, қаржы жүйесі үшін бұл тұрғыда жүйелік тәуекелдер жоқ дегенімізбен, екінші жағынан, жинақталған жұмыс істемейтін активтерді сату мәселесі өткір тұр.

Стрестік активтерді сатудағы қадамдар

Бұған дейін агенттік бірқатар жергілікті компания стрестік активтерді саудалайтын алаңқай құруға қатысты қызығушылық танытты деп хабарлаған еді. Олардың айтуынша, ондай цифрлы платформа құру бойынша негізгі талап – Қазақстан заңнамасы аясында, АҚ немесе ЖШС түріндегі заңды тұлғаның тіркелуі болып саналады. Сонымен қатар ондай құрылымда шетелдік қатысумен банк активтерін сату бойынша жұмыс істеп тұрған сауда алаңқайлары болуы шарт. Белгілі бір шарттармен бейрезиденттерге де платформаларда қолжетімділік беріледі деп отыр. Ал осы алаңдарда бұрын берешекті өтеу есебінен өндіріп алынған мүлік бойынша, сондай-ақ банктік қарыз шарттары мен микрокредит бойынша талап ету құқықтары бойынша сауда-саттық өткізу жоспарланады.  

«Қолданыстағы банк заңнамасы резидент еместерге активті сенімгерлік басқаруға коллекторлық агенттіктер немесе күмәнді активтерді басқару үшін ұйымдар ұсынған жағдайда ғана сатуға рұқсат береді. Осылайша, цифрлық платформалар резидент еместердің пайдалануы үшін қолжетімді болады. оның ішінде сервистік компаниялар – резиденттер арқылы. Гибридті моделдегі алаңқайларды құру туралы шешім халықаралық тәжірибе мен елдегі стрестік активтер бойынша әлеуетті алаңдар тәжірибесін зерделегеннен кейін қабылданды. Ол ЕҚДБ, KPMG және Dentons қолдауымен жүзеге асырылды», – деп түсіндірді реттеуші.  

Расымен, бастапқыда стрестік активтерді жүзеге асыру үшін бірыңғай ұлттық цифрлық платформа құру жоспарланған болатын, бірақ кейінірек бұл идея нарықты монополиялау қаупіне, сондай-ақ мемлекеттің экономикадағы рөлін күшейту қаупіне байланысты алынып тасталды. Алдын ала талдау нәтижесі қаржы реттеушісі үшін қазіргі және әлеуетті нарық ойыншыларын активтерді сату үшін өздерінің онлайн платформаларын дамытуға немесе жаңартуға ынталандыратын жағдайлар жасауға күш салу орынды болатынын көрсетті.

Заңнамалық түзетулер

Осыдан кейін, 2023 жылдың соңында ҚНРДА:

  • Электрондық сауда алаңдарына міндетті функционалдық және техникалық талаптарды;
  • Банктердің, микроқаржы ұйымдарының және нарықтың басқа да қатысушыларының электрондық сауда алаңдары арқылы стресс активтерін сату жөніндегі міндеттерін;
  • Аккредиттеу және реттеу жөніндегі ҚНРДА өкілеттіктерін белгілеуге бағытталған заңнамалық түзетулерді әзірледі.

Бірер күн бұрын ғана стрестік активтерді сатуға арналған алғашқы цифрлық платформаның биыл пайда болатыны мәлім болды. Қаржы реттеушісі 2024 жылдан бастап «цифрланған сауда алаңдарында ашықтық, әділдік және әлеуетті инвесторлар үшін нарыққа қолжетімділік қағидаттарын сақтай отырып, стрестік активтерді сатудың толық басталуы» болатынын жария етті.

«Заңға тәуелді актілер деңгейінде цифрлық платформа операторларының осындай қызметті жүзеге асыру құқығына стресстік активтерді сату бойынша рұқсаттар алуына қойылатын талаптар, цифрлық платформаларда сауда-саттық өткізу қағидалары, сондай-ақ ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қағидалар белгіленетін болады», делінген құжатта.

Стрестік активтер нарығының дамуындағы кедергілер

Азия Даму Банкі таяуда Азия-Тынық мұхит аймағы, соның ішінде Қазақстандағы стрестік активтермен сауда-саттық үшін қажетті платформалардың даму үрдісі жайлы есебін жария етті. Банк сарапшыларының айтуынша, стрестік активтер нарығының маңызды элементі саналатын онлайн платформалар қаржы жүйесіндегі жұмыс істемейтін активтер деңгейін төмендетуге көмектеседі. Сонымен қатар баға саясатын жақсартып, қаржылық орнықтылықты арттырады.

АДБ зерттеуіне сүйенсек, проблемалық активтерді сату бойынша онлайн платформалардың табыстылығы сенімді цифрлық инфрақұрылымның және ашық сауда-саттықтың ашық тетіктерін және барлық әлеуетті инвесторлар үшін ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін бірыңғай стандарттардың болуына байланысты. Сонымен қатар несие берушілердің құқықтарын қорғау және проблемалық қарыздарды реттеу бойынша дамыған заңнама, сондай-ақ активтермен сауда жасау процесінде инвесторларға көмектесе алатын коллекторлық агенттіктер сияқты беделді үшінші тараптар желісі қажет.

Сарапшылардың айтуынша, әсіресе соңғы тармақ бойынша бізде үлкен қиындықтар туындауы мүмкін. Мәселен, талқыланып жатқан заңға сәйкес, проблемалық қарыздарды коллекторлық агенттіктерге (2 жылға мораторий) сатуға тыйым салу ұсынылып отыр. Сала сарапшыларының пікірінше, бұл шектеу коллекторлық институтты дамытуды тежеуі, сонымен бірге стрестік активтер нарығының да дамуын тежеп тастауы әбден мүмкін.

Банктер көзқарасы қандай?

Бұл ретте әр банктің пікірі мен ұстанымы әр бөлек. Freedom Bank баспасөз қызметінің хабарлауынша, қарыздарды қайта берудің орындылығын әрбір қарыз алушы бойынша жеке тәсілді қолдану үшін банктердің қалауына қалдыру қажет.

«Нұрбанк» баспасөз қызметінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, банк қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалауда консервативті саясат жүргізеді және әрқашан оңтайлы шешімдерді табуға талпынады.

«Мұндай жағдайда біз кредитті қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыруды ұсынамыз және жеке төлемдер кестесін жасаймыз. Банк кепілзаттық мүлікті сатуға асықпайды және клиентпен «аяғына тік тұрып кетуіне» көмектесетіндей жұмыс істейді. Өйткені, біз қарыз алушылар неғұрлым тұрақты және орнықты болса, тұтастай алғанда елдің экономикасы соғұрлым күшті екенін жақсы түсінеміз. Қазіргі уақытта банк жаңа коллекторлық компаниялармен ынтымақтасуды жоспарлап отырған жоқ. Проблемалық кредиттермен жұмысты банктің өз қызметкерлері жүргізеді. Дегенмен банк коммерциялық ұйым болып табылатынын және кредит ақылы, мерзімді және қайтарымды шарттармен берілетінін айта кеткен жөн. Проблемалы кредиттерді сатуға тыйым салу банктің тәуекелдерді басқару және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мүмкіндігін шектеуі мүмкін»,– деп пікір білдіреді банк басшылығы.

«Еуразиялық банк» өкілдерінің айтуынша, дәл қазір қаржы институтының коллекторларға проблемалық займдарды сату тәжірибесін оң деп айтуға болады, бұл үрдіс актив сапасын арттыруға жұмыс істеп жатыр.

«Депутаттар бастамасына келсек, олардың алаңдаушылығын және азаматтарды ықтимал озбырлықтан қорғауға деген ұмтылысын түсінеміз. Біз тыйым салу және шектеу шаралары ел экономикасына теріс әсер етеді деп санаймыз. Проблемалық қарызды өндіріп алу саласындағы кез келген шектеулер несие құнын арттырады. Бұл дегеніміз – 15 адал азамат өз мүмкіндіктерін бағаламаған бір қарыз алушының арқасында қосымша шығындарға ұшырайды дегенді білдіреді. Тағы бір тараптан, біз депутаттардың коллекторлық қызмет нарығын қадағалау сапасын жақсартуға деген ұмтылыстарын жоғары бағалаймыз. Басқару және қаржылық ашықтық тұрғысынан жеке тұлғалардың қарыздарымен жұмыс істеуге ниет білдірген компанияларға (банк заңнамасына ұқсас) заңнамалық талаптарды қалыптастыру, коллекторлық компаниялардың лауазымды тұлғаларының азаматтармен жосықсыз жұмыс жасағаны үшін жауапкершілігін күшейту өте маңызды»,– делінеді банк жауабында.

Сондай-ақ оқыңыз