Төтенше жағдай мен қорғанысқа бөлінетін қаржы қысқарады: Қаржы министрлігі 2024 жылғы бюджетке 300-ге жуық түзету енгізбек
Қаржы министрлігі 2024 жылға арналған республикалық бюджетке 300-ден астам түзету енгізбек. Бұл өзгерістер қосымша қажыны қажет етпейді, тек қаржыны әртүрлі ведомство арасында қайта бөлу қарастырылған.
«2024 жылға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштерін түзету және «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы № 1108 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы жобасы Ашық НҚА сайтында жарияланған.
Атап айтқанда, Қаржы министрлігі қаржыны қайта бөлуден 3,4 млрд теңге алмақ. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің бюджетінен 4,2 млрд теңгеден қысқартылады.
Цифрлық даму министрлігіне «Цифрландыру, инновациялар, аэроғарыш және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік), топография-геодезия және картография саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру» үшін бөлінген 3,2 млрд теңге алынғанымен, «Электрондық үкіметті», инфокоммуникациялық инфрақұрылымды және ақпараттық қауіпсіздікті дамытуға 2,2 млрд теңге қосымша бөлінбек.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының объектілерін салу және реконструкциялауға жоспарлаған 1 млрд теңге де басқа мақсатқа жұмсалады.
Ішкі істер министрлігіне бөлінген бюджеттен 395 млн теңгені қысқарту жоспарлаған. Одан бөлек, Сыртқы істер министрлігінің шетелге іс-сапарларына қарастырылған қаржының 200 млн теңгесі қысқарады.
Сонымен қатар республикалық бюджеттік инвестициялық жобаларға бөлінетін қаржы 270 млн теңгеден 272 млрд теңгеге жетпек.
Бюджеттің жаңа нұсқасында ел аймақтарында салынатын су бөгеттері мен каналдарды жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемі де енгізілген.
2024 жылға бюджет жоспары қандай?
Еліміздің 2024 жылға арналған республикалық бюджеті әдеттегідей дәстүрлі жолмен жасақталып құрылды. Яғни бюджет тапшылыққа негізделіп жоспарланған: 2007 жылдан бері мемлекет қазынасы тұрақты түрде минус белгісін бетке ұстап қалыптасуда. Байқауымызша, мемлекеттік аппарат бюджеттің шығыс бөлігін қиып, қысқартуға бұрынғысынша құлықты емес. Ал жылдан-жылға көлемі өсіп жатқан шығындар қарыз есебінен және Ұлттық қордан қаржыландырылып отыр.
«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», заңға сәйкес, 2024 жылы бюджет түсімі – 20,4 трлн теңге, 2025 жылы – 20,1 трлн теңге, 2026 жылы – 21,2 трлн теңгені құрауы тиіс.
Биыл трансфертсіз түсімдер 16,1 трлн теңгені немесе жалпы кірістің 80%-ын құрайды. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарлануда, оның ішінде 1,6 трлн теңге нысаналы трансферт. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
2024 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде болжанады. Ол 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3% дейін төмендейді. 2024 жылға арналған бюджет шығысы биылға қарағанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 24 трлн теңгені құрауы ықтимал.
Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономиканың нақты секторын дамытуға 2,9 трлн теңге бағытталатынын жеткізген. Оның ішінде кәсіпкерлікті қолдауға 1,2 трлн теңге бөлінеді. Күш құрылымдарының 2024 жылға арналған шығыстары 2,6 трлн теңгені құрайды.
2023 жылы бюджет шығысы кірісінен асып түсті
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, былтыр бюджетке 19 трлн теңге кіріс түссе, шығысы 22,4 трлн теңгені құрады. Яғни жалпы бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 2,6%-ды құрады.
Министр баяндамасында республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 99,9%-ға орындалғанын жеткізді. 73 млрд теңге игерілмеген. Үкімет резервін қоса алғанда 27 млрд теңге үнемделген.
Мемлекеттік борыш 27,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 22,8 %-на жеткен.