Freedom Holding Corp 2024 қаржы жылында 375 млн доллар таза пайда тапқан

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Тимур Турлов Қазақстаннан басқа елдерде банк ашу жоспарын жеткізді /Фото: kursiv.media

Freedom Holding Corp үшін 2024 қаржы жылы – рекордтық жыл болған. Холдинг басшысы Тимур Турлов өткен қаржы жылының жетістіктері мен нәтижесін жариялады.

Холдингтің 2024 қаржы жылындағы ( 2023 жылдың 1 сәуірінен 2024 жылдың 31 наурызына дейін) түсімі рекорд жасаған. Осы қаржы жылындағы түсім 1,6 млрд долларды құрап, 2023 қаржы жылымен салыстырғанда 105% өсім көрсетті. Тимур Турлов 2023 қаржы жылындағы түсімі 796 млн доллар болғанын атап өтті.

Түсімнің артуына компания пайыздық табысының өсуі себеп болған. Пайыздық кірістің 533,5 млн долларға ұлғаюы сауда портфелінің және ондағы облигациялардың үлесінің кеңеюімен байланысты. Сонымен бірге клиенттерге берілген банктік кредиттер, маржалық қарыздар, кері РЕПО шарттары және банктердегі қаражат, сондай-ақ сату үшін қолда бар бағалы қағаздар бойынша пайыздық кіріс өскен.

2024 қаржы жылында компанияның таза пайдасы 375 млрд доларға жеткен. Жылма-жыл өсім – 82 пайызды, таза маржасы түсімнің 23 пайызын құраған.

Турловтың айтуынша, бұл көрсеткіш – дәстүрлі қаржылық қызметтерді дамыту мен лайфстайл-сегмент сегментін кеңейтуге бағытталған стратегияның нәтижесі. Кейінгі 1 жылда холдинг құрамына 13 компания енді: Aviata, Chocotravel және Arbuz сервистері, сондай-ақ Freedom Media медиа платформасы, Freedom Telecom операторы және т.б.

Қызметтерді цифрландыруға үздіксіз салынған инвестиция компанияны басқару тиімділігін арттыру және Қазақстан нарығында цифрлық қаржы қызметтерінде көш бастауға ықпал еткен.

Болашаққа жоспар қандай?

Холдинг басшысы экожүйені дамыту мен өзге нарықтарға шығуды – болашақ өсім нүктесі деп атады.

«Біз табиғи түрде өсіп, атап айтқанда, басқа елдердің нарығына шығуды жалғастыра бермекпіз», – деді холдинг басшысы.

Сонымен қатар холдинг стратегиясы АҚШ нарығында қанатын кеңінен жаяуға бағытталған. Одан бөлек Тимур Турлов Қазақстаннан басқа елдерде банк ашу жоспарын жеткізді.

«Орталық Азияда өсу әлеуетіміз жоғары. Қазір Тәжікстанда банк ашуға дайындалып жатырмыз. Бұл бүкіл экожүйемізді жетілдіре отырып Орталық Азияда ашылатын соңғы банк емес», – деді ол.

Биыл сәуір айында Freedom Bank Kazakhstan ҚНРДА-дан Freedom Bank Тәжікстан еншілес ұйымын құруға рұқсат алған болатын.

Әлемдегі ең ірі ұялы байланыс операторымен ынтымақтастық

Freedom Holding Corp. Қазақстанда жаңа ұялы байланыс операторын іске қосу үшін әлемдегі ең ірі ұялы байланыс операторларының бірі – Vodafone-мен ынтымақтастық орнатады.

«Vodafone компаниясымен келісімшартқа отырдық. Олар қазір бізге желі құруға көмектесуде. Біз олардың бүкіл технологияларын Қазақстанда тіркелген және толыққанды виртуалды ұялы байланыс операторын құру үшін олардың брендін, жеткізушілермен барлық байланысын пайдаланамыз», – деді Тимур Турлов.

Турлов Vodafone брендін пайдалану құқығын алу оңай емес екенін, холдингтің бұл жетістіктігін мақтан тұтатынын атап өтті.

2024 фискалдық жылдың қорытындысы бойынша Freedom Holding Corp. компаниясының түсімі 1,635 млрд долларды құрады. Бұл ретте компания түсімі 839,4 млн долларға өсті (+105%). Көрсеткіштің артуына бірнеше фактор ықпал етті.

Оның ішінде, кірістің 533,5 млн долларға ұлғаюы сауда портфелінің және ондағы облигациялардың үлесінің кеңеюімен байланысты. Сонымен бірге клиенттерге берілген банктік кредиттер, маржалық қарыздар, кері РЕПО шарттары және банктердегі қаражат, сондай-ақ сату үшін қолда бар бағалы қағаздар бойынша пайыздық кірістердің өсуі байқалды.

Сондай-ақ оқыңыз