Антикор Бишімбаевтың үкімін жеңілдету үшін қомақты қаржы иемденген азаматты қамауға алды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Бишімбаевтың үкімін жеңілдету үшін қомақты қаржы иемденген азамат қамауға алынды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Астана қаласының тұрғыны Бишімбаевтың үкімін жеңілдету сылтауымен алаяқтық жолмен 100 млн теңгені иемдену ісі бойынша күдікке ілініп отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпаратына сүйенсек, Қуандық Бишімбаевтың туыстары агенттікке өтініш жасап, елорда тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. «Г» есімді әйел адам алаяқтық әрекетіне байланысты күдікті деп танылып, қамауға алынған.

«Ол аса ірі мөлшерде алаяқтыққа оқталғаны, яғни Қ. Бишімбаевтың үкімін жеңілдету сылтауымен алдау арқылы 100 млн теңгені иемдену бойынша күдікті», – делінген агенттік хабарламасында.

Күдіктінің іс-әрекеті аса ірі мөлшерде пара беруге итермелеу бабы бойынша да қаралуы мүмкін.

Күдікті сот санкциясымен қамауға алынып, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бишімбаев пен Байжановтың апелляциялық сот отырысы 26 маусым сағат 10:00-ге тағайындалған. Жоғарғы сот істі әрі қарай да тікелей эфирде қарайтын болады. 11 маусымда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановтың шағымы апелляциялық сотқа келіп түсті.

Сот Үкімі

Еске сала кетсек, кеше 13 мамырда өзінің азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталып, сот ісі ашық жүргізілген бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. 

Сот Үкіміне сәйкес, экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, сот Үкімімен Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың қайталануы деп танылды.

Үкімге сәйкес, ол қауіпсіздігі қатаң деңгейдегі қылмыстық-түзету мекемеде жазасын өтеуі тиіс. Бишімбаевтың 2023 жылы 9 қарашадан бері тергеу изоляторында қамауда отырған әр күні 1 күн болып есептеледі. Яғни оның жалпы жазасын өтеу мерзімі 23 жыл 6 айға созылады.

Бишімбаевтың туысы, Байжанов Бақытжан Әмірханұлы аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес, кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейтін болады. Оның қамауға алынған 11 қарашадан бастап тергеу изоляторында өткізген әр күні 1,5 күн болып есептеледі. 

Сондай-ақ оқыңыз