Тоқаев Киевте қазақстандық журналиске қастандық жасаған күдіктілердің мекенжайын анықтауды тапсырды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев Киевте қылмыс жасаған күдікті Қазақстан азаматтарының мекенжайын анықтауды тапсырды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына Киевте «Бәсе» Youtube-арнасының авторы Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдікке ілінген азаматтардың мекенжайын анықтауды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.

Берік Уәлидің ақпаратына сүйенсек, президент Киевте Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес Қазақстанның құқық қорғау органдары қылмыстық істің мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды», – делінген жазбада.

Бұдан бөлек, баспасөз хатшысы Қазақстан тарапы Украинаның құқық қорғау құрылымдарымен, оның ішінде Интерпол жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін жазды.

Айта кетейік, Қазақстан Бас прокуратурасы Садықовқа қастандық жасауға байланысты сотқа дейін тергеу амалдарын бастады.

Украинаның Бас прокуратурасы «Бәсе» оппозициялық арнасының авторы Айдос Садықовқа қастандықты екі қазақстандық жасады деген ақпарат жариялады. Прокуратура сайтында Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаевтың қылмысы жайлы толыққанды беріп, оларға халықаралық іздеу жариялады.

Прокуратура мәліметінше, күдіктілер Садықовты өлтіруге «белгісіз адамнан» тапсырыс алған. 2 маусымда олар Киевке келіп, Садықовты аңдиды. 18 маусымда олар журналист тұрған үйдің жанына тоқтап, Садықов үйіне жеткенде, Мейрам Қаратаев «көліктің жүргізуші отыратын жағына қарай тез жақындап оқ атқан».

«Садықовқа дер кезінде медициналық көмек көрсетілгендіктен, қастандық жасаушылар түпкі мақсатына жете алмады», — делінген айыптау актісінде.

Қылмыс жасағаннан кейін Қаратаев пен Жақанбаев қаруды жойып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Айдос Садықовтың жұбайы Наталья Садықова Украина полициясы шабуыл жасаған күдіктілерді анықтағанын хабарлады. Олар 33 жастағы Мейрам Қаратаев және 36 жастағы Алтай Жақанбаев есімді Қазақстан азаматтары. Садықованың жазуынша, күдіктілер 2 маусымда тапсырыс алып, сол уақыттан бастап Айдос Садықовты бақылап жүрген.

«Мейрам Қаратаев — Қостанай облысы ІІД қызметкері, ол қызметкерлер арасында оқ ату жарыстарында бірінші орын алып келген», – деп жазды Наталья Садықова. 

Қазақстан ІІМ Мейрам Қаратаевтың 2019 жылғы қаңтарда Ішкі істер органдарындағы жұмысынан босатылғанын, қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екендігін хабарлады.

Киевте қазақстандық журналиске қастандық жасалды

18 маусымда Киевтегі Шевченко ауданында белгісіз адам тұраққа қойылған автокөліктің жүргізушісіне, яғни қазақстандық белсенді, журналист Айдос Садықовқа белгісіз біреу оқ атқан. 

Айдос Садықов пен әйелі Наталья Садықова Киевте тұрады. Олар 2014 жылдан бері «Бәсе» Youtube-арнасын ашып, Қазақстандағы саяси оқиғаларға қатысты сыни видеолар жариялап жүрген. 

2023 жылы қазан айында Қазақстан ерлі-зайыпты Айдос және Наталья Садықовтарға іздеу жариялаған.

Сондай-ақ оқыңыз