21 маусымда Жапония Ресейге қарсы санкциялар тізімін жариялап, тізімге алғаш рет қазақстандық компания ілікті. Тізімге енген Elem Group компаниясы бұған дейін АҚШ пен Еуроодақ санкцияларына тап болған.
Жапония үкіметінің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Elem Group LLC компаниясының ресми мекенжайы Алматы қаласы Наурызбай батыр көшесі, 8 деп көрсетілген.
Бұдан бөлек, тізімге Қытай, Үндістан, БАӘ және Өзбекстанда тіркелген компаниялар енген.
«Үкімет Ресейге қатысы бар ұйымдар мен жеке тұлғалардың активтерін бұғаттау және экспортқа тыйым салу, сондай-ақ санкцияларды айналып өтуге жәрдемдесетін үшінші елдердің компанияларына қатысты шаралар қабылдау туралы шешімді мақұлдады. Атап айтқанда, үшінші елдер бойынша – Қытай, Үндістан, Қазақстан, БАӘ, Өзбекстанда тіркелген жалпы 11 компания тізімге енді», – деді Жапония үкіметінің бас хатшысы Есимаса Хаяси.
Ақпан айында Ресейдің Украинаға толыққанды басып кіргеніне екі жыл толған кезде Еуропа Одағы мен АҚШ Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакетін енгізді. Тізімде ЕО релизінде айтылғандай, «Ресей әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдаған» және «сауда шектеулерін айналып өтуге қатысқан» Қазақстаннан келген компаниялар да болды
Еуроодақ пен АҚШ-тың екінші мәрте санкцияларына қазақстандық Еlem Group тап болған. АҚШ Қаржы министрлігі Еlem Group АҚШ-та тіркелгенімен, Ресейде жұмыс істейтін STRELOI EKOMMERTS компаниясына тыйым салынған тауарларды жеткізген.
EGOV мәліметтері бойынша, компания Алматыда 2022 жылдың наурыз айында тіркелген, 2024 жылы қайта тіркеуден өткен. Elem Group құрылтайшысы – Артур Короленок. Фирма электронды және телекоммуникациялық жабдықтар мен олардың бөлшектерін көтерме саудамен айналысады.