Қазақстанда Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресеймен шекара аймақтарда 104 км қашықтықта шегірткеге қарсы өңдеу жүргізді.
Екі ел шекарасында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ресейдің Орынбор облысы ауыл шаруашылығы вице-министрі Жанар Құрманбаевамен шегірткелерге қарсы күрес мәселелері бойынша келіссөздер жүргізген.
Орынбор облысының ауыл шаруашылығы вице-министрі облыста Ресей-Қазақстан шекарасы бойымен 22 мың га – 10 км жер өңделгенін атап өтті. 12 техника жұмыс істеді, 20 маусымнан бастап тағы 12 техника тартылды.
«Ресейлік тараптың өңдеуді күшейтіп, қосымша техника тартуы маңызды. РФ ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лутқа авиацияны тартуды, сондай-ақ бейтарап аумақта өңдеулер жүргізуді сұрап жүгіндім», – деп атап өтті ҚР ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров.
Шегірткенің ұшуын тіркеу нәтижесінде Сапаров химиялық өңдеу орындарына барып, Қостанай және Ақтөбе облыстарының РФ Орынбор облысымен шекаралас аумағына инспекция жүргізген.
«Әйтеке би ауданында химиялық өңдеуге жоспарланған 307 мың гектардың 71 мың гектары өңделді. Арнайы бүріккіш техниканың 33 бірлігі пайдаланылуда, 6 шағын ұшақ тартылды. Бүгінгі таңда Қазақстан тарапынан ұзындығы 104 км Ресей-Қазақстан шекарасы бойында химиялық жұмыстар жүргізілді», – делінген министрлік хабарламасында.
Жалпы облыс бойынша 76 бірлік техника, соның ішінде 11 ұшақ жұмыс істейді, жұмыстар 784 мың га алқапта жоспарланған, өңдеу жұмыстары 482 мың га немесе 61% алқапта аяқталған.
Кездесу қорытындысы бойынша шегіртке зиянкестерінің шекаралас мемлекеттерге көшуіне жол бермеу бойынша келісімдер туралы хаттамаға қол қойылды.
Маусым айында Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында да шегіртке дернәсілдері көбейе бастаған. Өңірдің 12 ауданында 281 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді. Шегірткеге қарсы күреске 600-ге жуық адам тартылды. Әкімдік тағы 14 техника сұрап отыр.