Жаңалықтар

«Айдың кестесі мен күнтізбесін бекітпейміз»: Еңбек министрі Құрбан айтта демалыс болмауы жайында айтты

Еңбек министрі Құрбан айтта демалыс болмауын түсіндірді / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Мемлекеттік органдар Құрбан айттың бірінші күнін мерекелеу 17 маусымнан 16 маусымға ауысатыны туралы мерекеге екі апта қалғанда бір-ақ білген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты. 

«ҚМДБ Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымда болатыны туралы ресми ақпарат берді. Соған сәйкес күнтізбе жасалды. Алайда ҚМДБ хатында бұл күннің Ай кестесіне байланысты өзгеруі мүмкін екендігі туралы ескерту болды. Құрбан айт мерекесіне екі апта қалғанда мерекенің бірінші күні 16 маусымға ауысатыны туралы ақпарат алдық», — деді Жақыпова.

Министр демалыс күнінің қысқаруына байланысты  «қазақстандықтардың сезімдерін жақсы түсінетінін» атап өтті. Бұған қоса, келер жылы «нақты күн белгілі бола ма» деген сұраққа Жақыпова «Айдың кестесі мен күнтізбесін бекітпейміз» деп жауап берді.

Қазақстандықтарға Құрбан айтта қосымша демалыс берілмеді. Басты себеп Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы айттың алғашқы күнін 17 маусымнан 16 маусымға жылжытқанында болып тұр.

Осыған дейін ҚМДБ діни мерекелер кестесінде Құрбан айт 17 маусым болып бекітілген. Ол апта басы дүйсенбіге түсетін. Алайда мерекеге 10 күн қалғанда, күнтізбе уақыты өзгеріп, айттың алғашқы күні 16 маусым – жексенбі күні деп бекітілді

Еңбек кодексінің 84-бабының 5-тармағына сәйкес, Қазақстанда Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып жариялаған. Алайда егер діни мерекелер сенбі-жексенбі күндеріне сәйкес келсе, қосымша демалыс күні берілмейді. Яғни 2024 жылы Құрбан айттың алғашқы күні 16 маусым – жексенбіге түскендіктен, демалыс күні ауыстырылмайды.