Әлемде мұнай өндіру рекордтық көрсеткішке жетті, Қазақстанның үлесі тек 2%
2023 жылы Қазақстанның үлесіне әлемдік мұнай өндірудің 1,9%-ы тиесілі болды. Бұл туралы Британ энергетика институтының шолуында жазылған.
Қазақстанда 2023 жылы газ өндіру 11,7%-ға өсіп, 30,8 млрд текше метрді құрады (әлемдік өндірістің 0,8%-ы). Елімізде 2023 жылы газ тұтыну 0,7%-ға өсіп, 21,4 млрд текше метр болды.
Электр энергиясын өндіру өткен жылы 2022 жылмен салыстырғанда (әлемдік өндірістің 0,4%) 0,4%-ға азайып, 113 ТВт/сағ болды.
Бұл ретте Энергетика институтының деректері Қазақстанның ресми деректерінен ерекшеленеді. Мәселен, еліміздің Энергетика министрлігінің деректері бойынша, 2023 жылы республикада мұнай өндіру төмендеген жоқ. Керісінше, 7% өсіп, 90 млн тоннаға жеткен. Сонымен қатар, ведомствоның хабарлауынша, 2023 жылы Қазақстанда газ өндіру 59,063 млрд текше метрді құрады. Оның ішінде «Теңіз» кен орнында 16,009 млрд текше метр, «Қарашығанақта» 22,385 млрд текше метр, «Қашағанда» 11,856 млрд текше метр және басқаларында 8,813 млрд текше метр газ өндірілді.
Мұнай-газ саласы бойынша сарапшы Нұрлан Жұмағұлов мұны деректердің ауысып кетуімен байланыстырады.
«Өкініштісі, Қазақстанның мұнай өндіру деректері 2022 жыл 2023 жылмен ауысып кеткен. Ел әлемдік мұнай өндіруде 2% үлесімен, 13-ші орында тұр»
Энергетика институтының әлемдік энергетиканың статистикалық шолуына сәйкес, 2023 жылы сұйық көмірсутектердің жаһандық өндірісі рекордтық деңгейге жеткен. Осылайша көрсеткіш тәулігіне 96 млн баррельден сәл асты.
Америка Құрама Штаттары ең ірі өндіруші болып қалды, онда өндіріс 8%-дан астам өсіп, тәулігіне 19,4 млн баррелге (827 млн тонна) жетті. Екінші орында Ресей, онда өндіріс 1%-дан астам төмендеп, тәулігіне 11,07 млн баррель (541,7 млн тонна) болды. Үшінші орында 11,38 млн баррельмен (531,7 млн тонна) Сауд Арабиясы тұр.
Мұнай мен конденсат өндіру бойынша да АҚШ 12,93 млн баррельмен көш бастап тұр. Ал Ресей 10,55 млн баррельмен екінші орында. Сауд Арабиясы 9,6 млн баррельмен үшінші орында.
Еске сала кетсек, Қазақстан 2024 жылы 90,3 миллион тонна мұнай өндірмек.
2023 жылы 90,5 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған. Ауытқуға кен орындарындағы түрлі жағдай себеп болды. Мысалы, 8 тамызда электр қуатының шектелуіне байланысты мұнайдың тәуліктік өндірісі 228 мың тоннаға дейін төмендеді.