Жаңа Салық кодексі Қазақстанның салық және бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейді, құжатта қайшылықтар бар – Halyk Finance
Қазақстанның фискалдық жүйесі дағдарыстық жағдайда. Өкініштісі бұл маңызды мәселе назардан тыс қалып отыр. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың Қазақстанның жаңа Салық кодексіне қатысты талдауында осылай деп жазылған.
«Оның себебі мұнай бағасының қазір жоғары болуына қарамастан республикалық бюджет Ұлттық қордың мұнайдан түскен қаржысына тәуелді. Дегенмен бұл керісінше болуы керек. Мәселен, 2023 жылы республикалық бюджет шығыстарының 55%-ы ғана шикізаттық емес салық және бюджеттің басқа да түсімдерінен қаржыландырылған. Бюджет шығыстарының қалған 45%-ы мұнай кірістері (Ұлттық қордан түсетін түсімдер рекордтық сома 5,3 трлн теңге) және мемлекеттік қарыздың өсуі есебінен қаржыландырылды», – деп түсіндірді сарапшы.
Маманның пайымынша, мұнайдың бағасы жоғары болған кезде бюджеттің шикізаттан түсітен кірістеріне тәуелділік күрделі мәселе туғызады. Яғни, «қара алтын» бағасы қымбаттаған шақта Қазақстанның экономикасы қарқынды дамуы керек, бюджетке түсетін салық түсімдері ең жоғары деңгейде болуы шарт, Ұлттық қор аз пайдаланылуы қажет. Ал қазіргі уақытта бәрі керісінше
Мәселені шешудің екі жолы бар
Бұл ретте Ұлттық қорға мұнайдан түсімдерінің азаюы және Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттердің ұлғаюы Қор көлемінің өте жылдам төмендеуіне әкеледі. Бұл бүкіл елдің қаржылық тұрақтылығына айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін.
«Қазақстанның фискалдық жүйесіндегі бұл жағдайдан шығудың екі ғана жолы бар: бюджет шығыстарын қысқарту және бюджеттің ресурстық емес салықтық түсімдерін ұлғайту. Дегенмен, бюджет шығыстарының басым бөлігі әлеуметтік салаға және инфрақұрылымды және экономикадағы басқа да проблемаларды жоюға бағытталған. Сондықтан Үкімет бюджет шығыстарын қысқарта алмайды. Осылайша бір ғана жол қалады – бюджеттің ресурстық емес салықтық түсімдерін арттыру», – деп ұсынды Мұрат Темірханов.
Мұнайдан басқа секторларда салықтық түсімдер деңгейі өте төмен
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда ЖІӨ-дегі шикізаттық емес салықтық түсімдер үлесі Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің орташа көрсеткішімен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Бұл өте күрделі мәселе.
Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы деректері бойынша, Қазақстанда бұл салыстырмалы түрде салық мөлшерлемелерінің төмендігі ықпал еткен. Бұған қоса, салық базасының шағын болуы, көлеңкелі экономика деңгейінің жоғары болуы және салықтық жеңілдіктердің көп болуы әсер етіп отыр.
Құжатта қайшылықтар бар
Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жаңа Салық кодексіндегі барлық жаңашылдықтар нәтижесінде мемлекеттік бюджетке салық түсімдері жыл сайын 1,4 трлн теңгені құрайды.
«Біздің ойымызша, бұл көрсеткішке нақты негізде жоқ. Сондықтан оның шынайылығына күмәнмен қараймыз. Мысалы, салық реформасы бойынша бірде-бір мемлекеттік құжатта салық түсімдерін 1 трлн теңгеге қалай арттыруға болатыны туралы нақты түсініктеме берілмеген. Құжаттарда жылына 1,3 трлн теңге салық жеңілдіктерін алып тастауға қатысты қарама-қайшылықтар бар», – деп жазылған талдауда.
Еске сала кетсек, 1 наурыз Ұлттық экономика министрлігі Ашық НҚА порталында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің жобасына консультативтік құжатты жария талқыға шығарды. Құжатты мұқият зерттеген экономист Ғалымжан Айтқазин оны сынға алды.