Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясы жобасын мақұлдады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясы жобасы қандай мақсаттарды қамтиды? Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Қазақстан Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің төртінші кеңесінде энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясының жобасы мақұлданды.

Құжат энергетикалық ресурстардың транзиттік әлеуетін дамыту перспективаларын және экспорттық маршруттарды әртараптандыру мүмкіндігін қамтиды. Сонымен қатар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы 2030 жылға дейінгі ынтымақтастығының негізгі бағыттарын айқындайды. Сондай-ақ саланы дамыту басымдықтарының теңгерімін құра отырып, жаңа энергетикалық жүйені қалыптастыруды көздейді. Әрі дәстүрлі энергия көздерін жаңғырту, саланы жүйелі жетілдіру, ЖЭК пайдалану саласындағы инновациялық технологиялар мен ғылымды дамыту, сутегі энергетикасы, энергия үнемдеу саласында жаңа шешімдер іздеу және энергия тиімділігін арттыру мүмкіндігі де жоспарланған.

«Бекітілген стратегияда Біз ШЫҰ елдерінің ұлттық жағдайларына сәйкес теңдестірілген тәсілді жүргізу, дәстүрлі және жаңартылатын энергетиканы дамыту қажеттілігі туралы ортақ пікірге қол жеткіздік», – деп атап өтті министр Алмасадам Сәтқалиев елордада өткен жиында.

Сондай-ақ ведомство басшылары энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық тәсілдерін, мүше мемлекеттердің, байқаушы мемлекеттердің және ШЫҰ диалогы бойынша әріптес елдердің энергетикалық секторының орнықтылығы мен дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсілдерді дамытуға жәрдемдесуді және нақты шешімдерді әзірлеуді талқылады.

Еске сала кетсек, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – бұл қатысушы елдердің диалогы мен ынтымақтастығы үшін алаң болатын өңірлік одақ. Бүгінгі таңда ШЫҰ әлемдік ЖІӨ-нің шамамен үштен бірін, Еуразия аумағының 60%-ын құрайды. Энергетика саласы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы шеңберінде аса маңызды. Өйткені бұл сала өзара іс-қимылдың барлық саласын, атап айтқанда, экономикалық саланы дамытуға жәрдемдеседі. ШЫҰ ірі өндірушілерді, транзиттерді және энергия ресурстарын тұтынушыларды біріктіреді.

Еске сала кетсек, ШЫҰ елдерінің энергетикалық ведомстволарының басшылары былтыр Самарқандта «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің энергетикалық ынтымақтастығын дамытудың 2030 жылға дейінгі Стратегиясын» қарастырған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерін терроризммен бірігіп күресіп, саяси ерік-жігер көрсетуге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашуды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз