Теңгенің долларға қатысты бағамы тағы төмендеді: оның себебін Ұлттық банк басшысы түсіндірді
ҚР Ұлттық банкінің басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 2024 жылдың басынан бері теңге 1,7%-ға нығайды. Алайда өткен аптадан бері теңге бағамы құлдырай бастады. Мұнай себебі неде?
«2023 жылдың қорытындысы бойынша экономика 5,1%-ға өсті. Оның жағымды нәтижелерінің бірі теңгенің 1,7%-ға нығаюы болды. Одан кейін 2024 жылдың басынан теңге 1,7% нығайды. Жалпы нығаю 3,5%-ды құрады. Егер 2023 жылы фактор экономикалық өсім мен күшті төлем балансы болса, биылғы жылы оған ықпал еткен факторлар негізінен Ұлттық қордан қосымша трансферттер болды», – деді спикер.
Ол 2024 жылдың басынан бері бюджет белгілі бір қиындықтарды өткеріп жатқанын атап өтті.
«Салық жинау аз болды, сәйкесінше Ұлттық қордан аударымдар көлемі де айтарлықтай өсті. Трансферттерді сату деген нені білдіреді? Бұл валюталық активтерден алу деген сөз, өйткені Ұлттық қор доллармен сақталады. Оны биржаға әкеліп, сатып, теңгеге айырбастап, Қаржы министрлігіне береді. Биржаға қосымша доллар әкелгенде, бұл нені білдіреді? Бұл ұсыныс өседі, яғни баға төмендейді. Валюта нарығындағы қатысуымыз екі есе қысқарды. Тиісінше, теңгенің қалыпты деңгейіне қайта ораламыз», – деді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы биыл экономика бұрынғы деңгейде емес, сондықтан теңгенің нығаюы іргелі сипатқа ие болмағанын да атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылға болжам теңгенің орташа жылдық бағамы – 460. Бұл нарықтық механизм. Уайымдаудың қажеті жоқ. Біз болашақта ешқандай қауіп күтпейміз», – деді спикер.
Сонымен қатар ол теңге бағамына Мәскеу биржасына қатысты жағдайдың ықпал етпегенін атап өтті.
Еске сала кетсек, 17 маусым биржада теңге бағамы 1,6%-ға құнсызданды. Бұл 2023 жылдың тамызынан бері жоғары көрсеткіш. Ал 21 маусым доллар 465 теңгеден саудалануда.