Жаңалықтар

2024 жылы қазақстандықтар өмірін сақтандыруға 200 млрд теңге жұмсаған

өмірін
Фото: kursiv.media архиві

1 мамырдағы мәлімет бойынша, Қазақстандық сақтандыру секторының жыл басына бергі таза пайдасы 53,2 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстығанда 20,5%, яғни бестен бір есе кем. Есесіне биыл өмірін сақтандыратындардың қатары 125 пайызға өсіп, сақтандыруға 199 млрд теңге жұмсаған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру секторының ағымдағы жағдайына қатысты есебін жариялады.

Сақтандыру сыйақысының көлемі 35,1%-ға өсіп, 435,7 млрд теңгені құраған. Оның 42,2 пайызын жеке ерікті сақтандыру құрайды.

Қазіргі кезде Қазақстанның сактандыру секторында 25 компания жұмыс істейді. Оның тоғызы өмірді қайта сақтандырумен айналысады. Сақтандыру секторындағы компаниялар жалпы сомасы 2,65 трлн теңге активке иелік етеді. Жыл басынан бері актив көлемі 6,3 пайызға өскен.

Бұл активтерді басым бөлігі (1,8 трл теңге) – бағалы қағаздар. 2024 жылдың басында олар 1,75 трлн теңгені құраған. Сақтандыру компанияларының баға қағаздағы активтері 5 айда 3 пайыз өсім көрсеткен.

Екінші деңгейдегі банктерде орналастырылған салымдар жиынтық активтердің 4,2% үлесімен 114 млрд теңге тең. Қайта сақтандыру активтері 111 млрд теңге және жиынтық активтердегі үлесі 4,2% болды.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша міндеттемелері 1,7 трлн теңгені құрайды. Есепте міндеттемелер жыл басынан бері 8,1 пайызға өскені жазылған. Оның құрылымындағы басым үлесін (жиынтық міндеттемелердің 88,0%) – 1,5 трлн теңге сақтандыру резерві иеленеді.

«Сақтандыру сыйлықақыларының 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша көлемі 2023 жылғы 1 мамырдағы осы көрсеткішпен салыстырғанда 35,1% -ға өскен және 435 726 млн теңге болды, олардың ішінде тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі – 399 557 млн теңге. Сақтандыру сыйлықақыларының негізгі үлесін ерікті жеке сақтандыру құрайды», – делінген есепте

Өмірін сақтандыратындар қатары артқан

5 айда сақтандыру компаниялары 435 млрд теңге көлемінде сақтандыру төлемін жиған. Соның 400 млрд теңгесі – тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақысы.

Сақтандыру сыйлықақыларының негізгі үлесін ерікті жеке сақтандыру құрайды: 183 млрд теңге. Міндетті сақтандыру бойынша 79,7 млрд теңге жиналған. Қазақстандықтар ерікті мүлікті сақтандыруға 172 млрд теңге жұмсаған.

Биыл өмірін сақтандыратындардың қатары 124,7 пайызға артып, олар 199 млрд теңге жұмсаған. «Өмірді сақтандыру» бойынша жиналған сыйақы көлемі жалпы сыйақылардың жартысына жуықтап қалған. Былтыр 1 мамырдағы үлесі 27,5% болды. «Жалпы сақтандыру» саласы бойынша 239 млрд теңге жиналған.

5 айда сақтандыру компаниялары 95,8 млрд теңге сақтандыру төлемін төлеген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4%-ға артық. Төленген сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасында ерікті мүліктік сақтандыру – 28,1%, ерікті жеке сақтандыру үлесі – 29,7% және міндетті сақтандыру 42,2%-ды құрайды.

Қазақстандық өмірді сақтандыру компанияларының кірісі І тоқсанда резервтер бойынша шығынның күрт өсуіне байланысты, екі есеге жуық қысқарған.