Сарапшылар зейнетақы төлемін есептеу үшін ең төменгі жалақыны негізге алуды ұсынды
Мамандар елдегі зейнетақы жүйесін дамытуды жеделдету керек деп санайды. БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңестің 27-отырысында сараптамалық топ осы мәселені зерделеген. «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметінінің мәліметі бойынша топ ішінде Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Болат Жәмішев, Қадыржан Дамитов, Әнуар Сәйденов, Елена Бахмутова сынды қаржыгерлер бар.
Олар Mercer CFA Institute Pension Index (MCGPI) жаһандық зейнетақы индексінің нәтижелерін саралаған. Ұйым индексі әлем халқының шамамен 64%-ын қамтитын 47 елдің зейнетақы жүйесін талдайды.
Қазақстан «тұрақтылық» қосалқы индексі (7-орын) және «тұтастық» қосалқы индексі (14-орын) бойынша өте жоғары бағаланды. Бұл біздің елімізде мемлекеттің, қызметкердің және жұмыс берушінің қатысуына негізделген тұрақты көпдеңгейлі зейнетақы жүйесін құруға негізделген.
Қазақстан «лайықтылық» (38 орын) суб-индексі бойынша салыстырмалы түрде төмен баға алды. Ол елімізде азаматтардың табыстары мен зейнетақы жинақтарын арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді.
Mercer CFA институты жағдайы нашар қарттарды қолдаудың ең төменгі деңгейін ұлғайту, үй шаруашылықтарының зейнетақы жинақтарының деңгейін арттыруға ынталандыру, зейнетақы жинақтарын қалыптастыру және инвестициялау кезеңінде олардың мерзімінен бұрын пайдаланылуын қысқартуды ұсынған. Сарапшылар басқа да халықаралық ұйымдардың материалдарын зерделеген.
ЕТЖ мөлшері бойынша есептеу
Қаржыгерлердің айтуынша, базалық зейнетақыны нығайту арқылы көпдеңгейлі зейнетақы жүйесінің мемлекеттік құрамдауышын күшейту қажет. Мемлекеттік зейнетақының құнсыздануын ескерген жөн. Сарапшылар зейнетақы жүйесіндегі барлық зейнетақы төлемін болжау және есептеу үшін бірыңғай ең төменгі әлеуметтік көрсеткіш ретінде ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) негізге алуды ұсынды. Бұл тәсіл халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. ЕТЖ мөлшерін пайдалануға кезең-кезеңмен көшу ең төменгі күнкөріс деңгейін пайдаланумен салыстырғанда, анағұрлым лайықты зейнетақыны қамтамасыз етеді.
Қазақстан әлеуметтік мемлекет есептелінеді. Сондықтан мемлекеттік бюджеттің мемлекеттік зейнетақыға жұмсалатын шығысын мына тәсілмен есептеген дұрыс дейді қаржыгерлер. Базалық зейнетақы мөлшерінің лайықтылығын пропорционалды арттыру жолымен ЖІӨ-нің 3% төмен деңгейде тұрақтандыру және қолдау қажет. Соның нәтижесінде елдің экономикасы және ЖІӨ өсуімен қатар мемлекеттік зейнетақы (зейнеткерлердің әл-ауқаты) деңгейі де өседі. Бюджеттен зейнетақымен қамсыздандыруға арналған мемлекеттік шығыстар деңгейі сақталады.
Қазіргі кезед БЖЗҚ активтерінің инвестициялық табысы елдегі инфляциядан аса алмай жатыр. Бірінші несие бюросының мамандары 1 маусымда Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвесттабысы 3,49%-ға жеткенін жазды. Алайда осы кезеңде елдегі инфляция 3,50% деңгейінде.
Зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтаушы құрамдауышын:
- жеке зейнетақы шоттарындағы жинақтардың көлемін арттыру және жинақтаушы жүйеден берілетін зейнетақы төлемдерінің өмір бойы төленуін қамтамасыз ету;
- жұмыспен қамтылған халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуын барынша қамтып, қатысу деңгейінің өсуін ынталандыру (зейнетақы жарналарын төлеудің толықтығы мен жүйелілігі);
- ұзақ мерзімді келешектегі нақты (яғни, инфляциядан жоғары) кірістілік деңгейінің өсуіне бағытталған зейнетақы активтерін инвестициялық басқарудың тиімділігін арттыру жолымен дамытуды жалғастыру тиімді нәтижеге алып келеді.
Зейнетақы жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету маңызды
Жұмыспен қамтылған халықтың барлық топтарын жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды арттыру, оған өзін-өзі жұмыспен қамтыған, бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарды қосу үшін жүйелі жұмыс қажет. Сарапшылар тұрақты жұмыс берушісі жоқ, бірақ еңбек табысы бар, зейнетақы жарналарын тұрақты түрде (жылына кемінде 12 рет 1 ЕТЖ табысынан) аударып отыратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын мемлекет тарапынан бірлесіп қаржыландыру мүмкіндігін қарауды ұсынады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бұл амал мұндай қызметкерлердің «көлеңкеден» біртіндеп шығуына, олардың кірістерінің ашықтығына, салық түсімдерінің өсуіне ықпал етеді. Зейнетақы жүйесіне қатысу олардың базалық зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын еңбек өтілдерін және жинақтаушы зейнетақы үшін зейнетақы жинақтарын қалыптастыруларын қамтамасыз етеді.
Сарапшылар тобы Қазақстанның қаржы тұрақтылығы мен зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар дайындап, Президент қарауына жолдады.