Жаңалықтар

Зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығы ұсталынбайды – ҰЭМ

БЖЗҚ төлемі ЖТС-тан бостатылады/ kursiv.media

БЖЗҚ-да жиналған қаражаттың артық бөлігін алған тұлғалардың жеке табыс салығы бойынша қарыздары есептелінбейді. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин жаңа Салық кодексі күшіне енген күннен бастап зейнетақы төлемдеріне қатысты салық алу тоқтатылатынын айтты.

– Бұл ақшаға салық салынбайды, өйткені жеке тұлғалар үшін табыс салығы алынып тасталынады. Ол болашақта алынатын жинақтардан ұсталынады. Заңды актілерге сәйкес жаңа Салық кодексі 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылса, зейнетақыны салықтан босату ережесі де күшіне енеді. Болашақта зейнеткерлікке шықсаңыз да, зейнетақымен байланысты төлемдердің барлығы салықтан босатылады. Зейнетақы жинақтарынан асып кеткен сома сол мерзімде шегеріліп, төленсе, одан кейін қайтарылмайды, – деп түсіндірді кулуарда Азамат Амрин.

ЖТС төлеу тәртібі

Қазіргі заңнамалық қолданыс бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті біржолғы зейнетақы төлемдеріне салық салу тәртібін түсіндірген.

«ЖТС сомасын ұстап қалуды «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) жеке тұлғаның таңдауы бойынша екі тәсілдің бірімен ЖТС ұстап қалу туралы өтініш негізінде жүргізеді:

1) БЖЗҚ уәкілетті операторға аударған кезде – бір рет;

2) БЖЗҚ белгілеген кесте бойынша (зейнетақы аудару басталған келесі айдан бастап) 16  жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен жүзеге асырылады», – делінген комитет хабарламасында.

Екі жағдайда салықтан босатылмайды

Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері табыс салығынан босатылады. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.

Үкімет басшысының жауабындағы мәліметке сүйенсек, салықтан екі жағдайда босатылмайды. Егер азаматтар ҚР-дан тыс жерлерге шықса және және төлемдер мұрагерлік жолмен берілген жағдайда салықтан босатылмайды.  

Қазіргі уақытта ҚР Салық кодексінде Бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдеріне кіріс деп танумен 10% жеке табыс салығы салынады. Үкімет мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, бұл төлемдерді жеке табыс салығынан босату арқылы ережені өзгерту туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

«Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын, сондай-ақ шегерімдер мен жеңілдіктер бойынша халықаралық тәжірибені ескере отырып, Бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығы бойынша шығындар сомасын төлеуден босату ұсынылады», – деп жауап береді Олжас Бектенов.