«Басты проблема – бюджеттің тұрақты тапшылығы»: Смайылов бюджет шығынын жабу кезіндегі кемшіліктерді атады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі

Қазақстандағы басты проблемалардың бірі – бюджеттің тұрақты тапшылығы. Соңғы жылдары шығыстар едәуір өсіп келеді. Сәйкесінше, бюджет шығынының жартысы Ұлттық қордан және қарызға алынып жатыр. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов осындай  мәліметтер келтірді.

Палата төрағасы Үкіметтің бюджет қалыптастыру кезінде жіберетін кемшіліктеріне тоқталды.

«Соңғы жылдары шығыстар едәуір өсіп келеді. Бұл ретте мұнайға қатысты емес кірістер шығыстардың 50%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қалған бөлігі негізінен Ұлттық қордың трансферттері және қарыздарды тарту есебінен өтеледі. Сондықтан тапшылықты ұстап тұру жеткіліксіз. Ол үшін тапшылығы жоқ бюджетті қалыптастыратын ұзақмерзімді жоспар қажет», – деді Әлихан Смайылов.

Смайылов Ұлттық қорды басқару жөніндегі нормативтік құқықтық базасын тұрақтандыру керек екенін атап өтті.

«Олай болмаған жағдайда Мемлекет басшысының Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі мақсатына жетпеу тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз. Қарыз алу құралын кеңінен қолдану да борыш жүктемесінің тәуекелін арттырады», – деді ол.

Қазақстан бюджеттің 17 пайызын қарызды өтеуге жұмсап отыр

Аудиторлық палата төрағасының айтуынша, Қазақстан қазірдің өзінде бюджеттің 17%-дан астамын қарызды өтеуге жұмсап отыр.

«Біздің бағалауымыз бойынша, он жыл бұрынғы борыштарды төлеудің басым көлемінің жүктемесі 2024-2025 жылдарға түседі.  Борыш тұрақтылығының ағымдағы жай-күйін сапалы бағалауды қамтамасыз ету үшін базалық көрсеткіштер тізбесін кеңейту маңызды. Қарыз қаражаты индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуы тиіс. Мұндай жобалар табысты генерациялау керек. Салық базасын арттыру үшін де резервтер бар. Ол үшін салықтық әкімшілендіруді күшейтетін тиімді шаралар қабылдап, жекелеген салықтық жеңілдіктердің қолданылуын қайта қарау қажет», – деп мәлімдеді Смайылов.

Салықтан жоспарланған 1,4 трлн қаражат неге түспей қалды?

Смайылов Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне де күмән келтірді. Айтуынша, 2023 жылы әкімшілендіру есебінен бюджетке 944 млрд теңгеге жуық қосымша түсім түскен. Ал Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша, бұл көрсеткіш төрттен бір бөлікке аз. Смайылов салықтық жеңілдіктердің тиімділігіне толыққанды талдау әлі де жүргізілмей келе жатқанын айтады.

«Сондықтан бюджет кірістерінің түспеуіне алып келетін салықтық жеңілдіктерді пайдалану тиімділігіне толыққанды талдау жүргізуді регламенттеп, оны Парламенттің ашық талқылауына ұсынуды қажет деп есептейміз. Көлеңкелі экономиканы қысқарту – бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін маңызды фактор. 2022 жылы оның үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 18,8%-ға дейін төмендеген. Сонымен бірге салықтарға қатысты жоспардың 1,4 трлн теңгесі орындалмаған. Осы мәселенің анығын білу үшін біз биыл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жасау мемлекеттік саясаты тиімділігіне аудит жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Былтыр бюджеттің 489 млрд теңгесі тиімсіз игерілген

Әлихан Смайылов сондай-ақ кейбір мемлекеттік органдар құзыретіне кірмейтін жобаларды іске асыруын әлі де жалғастырып келе жатқанын мәлімдеді. Мысалы, салалық министрліктер бола тұра, Ұлттық экономика министрлігі мәдениет, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, су бұру және автожол салаларындағы жобаларды жүзеге асыруда. Осының салдарынан, түпкілікті нәтижеге жету жауапкершілігінің болмауы және екі жақтан қаржыландыру тәуекелдері орын алып отыр. Сондай-ақ аудиторлық палата төрағасы былтыр 489 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз игерілгенін мәлім етті.

5 маусымда Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Әлихан Смайылов квазимемлекеттік секторды бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені үшін жауапқа тартуды ұсынған болатын. Айтуынша, квазимемлекеттік сектор субъектілері жалпыхалықтық міндеттерді іске асыруға қатысып отыр. Олар 2023 жылдың өзінде республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған.

Сондай-ақ дәл сол жиында өз міндетіне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң болатынын ескертті.

 Әлихан Смайылов өзінің премьер-министр болғандағы қызметіне де баға берді. Экс-премьер-министр үкімет басында отырған кезеңде Қазақстан экономикасы ауыр кезеңдерді бастан кешкенін, қиындыққа қарамастан, үкімет өзіне жүктелген міндетті орындай алғанын айтты. Палата төрағасы қазіргі қызметінде де нәтижелі жұмыс істейтінін, жұмсалған қаражаттың әр тиыны қадағаланатынын және өзін ешкімнің де алдай алмайтынын мәлімдеді.

Ал 13 маусым күні Сенаттың жалпы отырысында есеп берген Смайылов тағы бір мәлімдеме жасады. Ол биылдан бастап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ірі компанияларына да аудиторлық тексеріс жүргізілетіні айтты. Сонымен қатар ЭКСПО ғимараттарына жұмсалған қаржыға да аудиторлық тексеру жүргізілетінін мәлім етті. Аудиторлық палата төрағасы ЭКСПО өзін-өзі ақтай алмағанынан да жеткізген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз