«Келешек» ерікті жинақтау бағдарламасы жыл соңына қарай іске қосылады – министр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жыл соңына дейін Қазақстанда жаңа жинақтаушы жүйе пайда болады / Фото: архив kursiv.media         

Қазақстанда «Келешек» жинақ жүйесі биыл жыл соңына қарай іске қосылады. Осының арқасында ата-аналар арнайы шот ашып, балаларының оқуына  ақша жинай алады. Бұл жайында  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Ведомство басшысы «Келешек» жинақ жүйесі туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжіліске жіберілгенін мәлімдеді. Жоба операторы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты қаржы орталығы болады. Қазақстандықтар арнайы шотты кез-келген банктен аша алмайды.

«Балаға болашақта жоғары білім алу үшін арнайы шот ашуға болады. Оған мемлекет 60 АЕК (221,4 мың теңге) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын енгізеді және жыл сайын 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақыны және инвестициялық табысты аударатын болады. Болашақ студенттердің ата-аналары да шотты толтыра алады. Құжат күзде шығады, біз оны  депутаттармен жан-жақты пысықтап жатырмыз. Алғашқы шоттар 2024 жылдың соңына дейін ашылуы мүмкін. Мемлекеттік сыйлықақы, басқа да тиісті механизмдері әзірленіп қойды. Енді заңның шығуын күтіп отырмыз», – деді Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында.

Министр жинақтаушы жүйе бағдарламасына қандай банктер қатысуы мүмкін деген сұраққа да түсініктеме берді.

«Тәуекелдері төмен және ең мықты банктерді анықтау үшін біз Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын дамыту агенттігімен жұмыс істеуіміз керек. Іріктеу қатаң болады», – деп атап өтті Нұрбек.

Министрдің айтуынша, бағдарламада бір баланың жинақ ақшасын екіншісіне беру мүмкіндігі де қарастырылған.

«Егер депозитте баласына жинаған ақшасы болса, ол бала оқуға грантқа түссе, онда оны баспана алуға бағыттауға болады. Ал отбасында басқа балалары болса, бұл шотты соларға да аударуына болады», – деп түйіндеді ол.

Осыған дейін Саясат Нұрбек «Келешек» жинақтау жүйесі мен Ұлттық қорда жиналатын балалар қаражатын біріктіруге болатынын айтқан еді.  

«Бұл екеуі – екі түрлі бағдарлама. Бірақ бұл ақша оқуға түскен кезде бірігіп кетеді. «Келешек» бағдарламасына тоқталсақ, қазіргі таңда заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Сол себепті де қаражаттың қай банк арқылы берілетіні әлі нақтыланған жоқ. Бірақ банктерді таңдауда сенімді әрі қаржылай тұрақты банктерге басымдық берілетіні анық. Келесі жылдан бастап кез-келген ата-ана банктерге барып арнайы қорғалған есепшоттар аша алады. Ол жерге ең аз дегенде 1 АЕК көлемінде – 3450 теңге қаражат түсіп отырады« – деді министр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, осылайша мемлекет ата-аналарды ынталандыру үшін бастапқы капиталын ашып беруге көмектеседі. Ал «Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасы бұл жобадан бөлек, өз алдына жеке бағдарлама.

Еске сала кетсек, 2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында 5 жастан асқан балаларға арналаған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілетінін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз