Жаңалықтар

Ақтөбе облысында дельтаплан ұшқышы қаза тапты

Дельтаплан ұшқышы қаза тапты /Фото: shutterstock.com

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы Жарық ауылының маңында дельтаплан апатқа ұшырап, ұшқыш қаза тапты. Құрылғы «Самғау АГРО» ЖШС-ге тиесілі болған.

Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, дельтаплан өндірістік жұмысты орындап жүрген.

«Бұл оқиға бойынша ҚР Көлік министрлігі авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құрды. Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері авиациялық оқиға орнына жіберілді», – делінген хабарламада.

Дельтапланға иелік еткен «Самғау АГРО» ЖШС компаниясы 2015 жылы Шымкентте тіркелген. Құрылтайшысы және директоры – Артық Уәлиханов.

Сонымен қатар 21 маусым күні Қызылорда облысындағы Мәдениет ауылының маңында «Самғау АГРО» ЖШС-ге тиесілі Ан-2 ұшағы жерге қатты екпінмен қонған. Бортта екі экипаж мүшесі болды. Зардап шеккендер жоқ.

Авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі қағидаларға сәйкес, бұл оқиға да авиациялық оқиға ретінде қаралып тексеріледі.