Бас прокуратура «Бәсе» каналының авторы Айдос Садықовқа Киевта жасалған қастандық ісі бойынша күдіктілердің бірі ұсталғанын хабарлады. Алтай Жақанбаев Қазақстанның құқық қорғау органдарына өзі берілген.
21 маусымда Алтай Жақанбаев Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына өзі хабарласып, одан істің мән-жайы бойынша жауап алынған. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталды.
«Бас прокуратура Украинаның құзіретті органдарына Жақанбаев пен Каратаевтың жасалған қылмысқа қатыстылығы туралы қылмыстық істің материалдарын беру туралы халықаралық тергеу тапсырмасын жолдады», – делінген хабарламада.
Екінші күдікті Мейрам Каратаев іздестіріліп жатыр.
Айдос Садықовқа қатысты істің мән-жәйі
18 маусымда Киевтегі Шевченко ауданында белгісіз адам тұраққа қойылған автокөліктің жүргізушісіне, яғни қазақстандық белсенді Айдос Садықовқа оқ атқан.
Айдос Садықов пен әйелі Наталья Садықова Киевте тұрады. Олар 2014 жылдан бері «Бәсе» Youtube-арнасын ашып, Қазақстандағы саяси оқиғаларға қатысты сыни видеолар жариялап жүрген.
Украинаның Бас прокуратурасы «Бәсе» оппозициялық арнасының авторы Айдос Садықовқа қастандықты екі қазақстандық жасады деген ақпарат жариялады. Прокуратура сайтында Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаевтың қылмысы жайлы толыққанды беріп, оларға халықаралық іздеу жариялады.
Прокуратура мәліметінше, күдіктілер Садықовты өлтіруге «белгісіз адамнан» тапсырыс алған. 2 маусымда олар Киевке келіп, оны аңдиды. 18 маусымда олар журналист тұрған үйдің жанына тоқтап, Садықов үйіне жеткенде, Мейрам Қаратаев «көліктің жүргізуші отыратын жағына қарай тез жақындап оқ атқан».
Қазақстан Бас прокуратурасы Садықовқа қастандық жасауға байланысты сотқа дейін тергеу амалдарын бастаған. Мемлекет басшысы Киевте қазақстандық журналиске қастандық жасаған күдіктілердің мекенжайын анықтауды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.
Берік Уәлидің ақпаратына сүйенсек, президент Киевте Қазақстан азаматына жасалған қастандыққа қатысты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр.