Жаңалықтар

Түркістан обылысында аудандық білім бөлімінің басшылығы мен қызметкерлері 4 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Білім басқармасының бұрынғы және қазіргі басшысы қамауға алынған /Фото: kursiv.media архиві

Түркістан облысының Жетісай аудандық білім бөлімінің 40-тан астам қызметкері 4 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Олардың қатарында аудандық білім бөлімінің бухгалтерлері мен басшылығы бар. Бұл туралы Түркістан облыстық прокуратурасы хабарлады.

Жетісай аудандық білім бөлімінің қызметкерлері 2021-2023 жылдар аралығында 4 миллиард теңгеден астам қаржы ұрлады деген күдікке ілінді.

Тергеушілердің айтуынша, басшылық пен есепшілер өздерінің, сондай-ақ туыстары мен жақындарының есепшоттарына белгіленген жалақыдан артық ақша аударған.

«Облыс прокуратурасының арнайы прокурорлары 41 қызметкерді, оның ішінде 2 білім бөлімінің басшысын, 1 бас есепші, 2 орынбасарын және 36 есепшіні күдікті ретінде таныды», – делінген хабарламада.

Білім басқармасының бұрынғы және қазіргі басшысы қамауға алынған.

Қазіргі кезде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастырудың барлық мән-жайы мен фактісін анықтауға бағытталған тергеу жүріп жатыр.

2023 жылы білім саласындағы жемқорлар 11 млрд теңгені жымқырғаны белгілі болған.

Қазақстанның білім беру жүйесі – жемқорлық жайлаған салалардың бірі. Қозғалған қылмыстық істер саны бойынша «үздік» үштікке кіреді. 2020 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында 382 қылмыстық іс тіркелсе, білім саласында -343, сондай-ақ әлеуметтік салада 235 қылмыстық құқық бұзу анықталған.

Кейінгі үш жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағыттаған, бұл 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет шығысының 28%-ын құрайды. Оған қоса білім саласындағы қызметкерлердің жалақысы өскен. Соған қарамастан ақша жымқыру фактісі азаймай тұр, жүйені жемқорлық жайлаған.

Еске сала кетсек, осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Жемқорлар тізімі жалпыға қолжетімді болатынын хабарлады. Тізімде жемқорлық үшін сотталған адамдар жайлы деректер қамтылады. Осылайша жұмыс берушілерге әлеуетті үміткерді тазалық пен адалдыққа тексеруге мүмкіндік берілмек.