Қазақстан жасыл экономикаға көшу стратегиясын өзгертті

Жарияланды
Фото: shutterstock.com

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 2021 жылдың қазан айында іске асырыла бастады. Оның негізгі мақсаты – республикадағы экологиялық жағдайды жақсарту. 2021−2025 жылдарға арналған бірқатар міндеттерді орындауға 1,413 миллиард теңге бөлінді.

Кейін Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) сол жоспардың 80%-ы қаржыландырылғанын, жоба көрсеткіштерінің 78%-ға жеткенін және оның тиімділігі төмен екенін мәлімдеді. Дегенмен Қазақстан тұрақты даму саласындағы міндеттерден бас тартпай, осы саладағы халықаралық бастамаларға қатыса бермек.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 10 маусымдағы жарлығымен жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына бірқатар өзгерістер енгізді. Құжатта жасыл экономикаға көшу – Тұрақты даму мақсаттарына жетудің негізгі жолы және Қазақстанның Париж келісімі аясында парниктік газдар шығарындыларын азайтуға қосқан үлесі деп жазылған.

Жаңа тұжырымдама кімге әсер етеді?

Біріншіден, құжатта суды үнемдейтін технологияларды кеңірек енгізіп, антропогендік ағынды суларды барынша тазарту − су ресурстарын пайдаланудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді әрі таза су қоймаларының санын арттыруға көмектеседі деп айтылған.

Екіншіден, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына мән беру керек. Бұған органикалық өнімдердің үлесін арттыру, техникалық жабдықтау, тұқым генофондымен қамтамасыз ету арқылы қол жеткізуге болады. Бұл факторлар тек өнімділікті ғана емес, жобаның экологиялық тазалығын да арттырмақ.

Өнеркәсіп, құрылыс және көлік салалары да өзгеріске ұшырайды. Бұл салаларда энергия үнемдеу әрі энергия тиімділігін арттыруды бірінші орынға қою жоспарлануда. Осылайша ішкі жалпы өнімнің энергия сыйымдылығын азайтуға мүмкіндік туады. Электр энергетикасына келетін болсақ, мемлекет көміртекті бейтараптыққа көшу шараларын бұрыннан белсенді түрде қолданып келеді. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып, электр энергиясын көмір жағу арқылы өндіру біртіндеп азайып, көміртекті ұстап қалу және сақтау технологиялары дамып жатыр.

Басты мәселелердің бірі – ауаның ластану деңгейі. Осы бағытта үкімет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормаларына көшіп, өнеркәсіпте озық әрі экономикалық қолжетімді технологияларды енгізуді жоспарлап отыр.

Қазақстанның барлық аймақтары үшін көкейкесті мәселе – қоршаған ортаны қалдық-қоқыспен ластау және қалдықтарды жинап, кәдеге жаратудың қиындығы. Тұжырымдамада қоқысты бөлек жинау жүйесін кеңінен енгізіп, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, қайта пайдалану деңгейін арттыру ұсынылады.

Үкімет экологиялық мәдениетті әрі жауапкершілікті арттыру ісіне бизнесті бұрынғыдан да белсендірек араластыруға ниетті. Сонымен қатар, экологиялық жағдай туралы ақпарат таратуға қоғам өкілдерін тартуды, жалпы экология тұрғысында білім беруді барлық салаларға енгізуді көздеп отыр.

Құжатта «жасыл экономиканың» жеке тармақ болып тұрғаны заңды. Бұл бағытта қаржы институттары қоршаған ортаны жақсартуға, қалпына келтіруге көмектесетін жобаларды әзірлеуге, іске асыруға ынталандырады. Ынталандыру құралдарына «жасыл несиелер», «жасыл облигациялар» т.б. кіреді.

Нәтижесін кейін көреміз

Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына сай, жоспарланып отырған өзгерістердің арқасында 2050 жылға қарай елдің жылдық ЖІӨ базалық сценариймен салыстырғанда ширектен астамға өспек. Құжат авторлары уақыт өте келе ел «жаңа өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларын құрып немесе барын жаңартып, халықтың өмір сүру сапасын жоғары стандарттарға жеткізе алады» деп сенеді.

Құжатты әзірлегендердің есебі бойынша, жоспарлы шараларды іске асыру инвестиция ағынын арттырады. Бұл өз кезегінде елдің ЖІӨ-дегі инвестиция  үлесін 3-13%-ға көбейтпек. Бұған қоса, осы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2031−2040 жылдары жыл сайынғы инвестициялар көлемі орта есеппен 7−8%-ға (10 жылда 235−270 миллиард долларға), ал 2041−2050 жылдары 14−15%-ға (10 жылда 650−700 миллиард долларға) артады.

Тұжырымдама авторлары жасыл технологиялардың бәсекеге қабілеттілігі тез өсіп келе жатқанын да атап өтті. Көп ұзамай дәстүрлі энергетика жүйелерімен салыстырғанда, баламалы энергетика технологияларының көмегімен электр энергиясын өндірудің әлдеқайда арзан жолдары пайда болады.

Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы – әлеуметтік бөлігі. Жасыл технологияларды дамыту арқасында үш санаттағы мамандықтар бойынша жаңа тұрақты жұмыс орындары пайда болады деген болжам бар. Бірінші санат жаңа өнеркәсіп салаларының дамуына байланысты: жаңартылатын энергия көздерін орнату, оларға күтім жасау, ауыл шаруашылығында су беру, суару жүйелерін орнату және оларға күтім жасау, қалаларда, қала сыртында орман алқаптарын ұлғайту, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстары.

Екінші санатқа біліктілігі жоғары мамандар жатады. Олар білім беру, мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын кезең-кезеңімен жүзеге асырады. Мысалы, жаңа кәсіпорындарды іске қосып, жылу сақтайтын құрылыс материалдарын өндіру, сутегі өндіру және оны пайдалану сияқты салаларға инженер-технологтар қажет болады.

Үшінші санаттағы мамандарға келетін болсақ, сарапшылардың айтуынша, қазір бұл қатардағы білікті эксперттер тапшы не ондайлар әлі жоқ. Сөз ғылыми зерттеу мен білім беру саласындағы мамандар туралы болып отыр: жаңартылатын энергия көздері мен басқа да жаңа технология секторына маман даярлайтын оқытушыларға міндетті түрде қажеттілік туады.

Тұжырымдамада болашақта еңбек нарығы «жасыл жұмыс орындарынан» тұрады делінген. Сол орындарды экологиялық жағынан қолайсыз өндіріс пен жұмыс орнын тастап кетуге мәжбүр болған білікті жастар, яғни нарықтың жаңа қатысушылары иеленбек. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, экологияға байланысты мамандықтарға үміткерлердің қызығушылық деңгейі төмен, бұл ұдайы солай. «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасының авторлары мемлекеттік бюджеттен бірқатар мамандыққа бөлінетін білім гранттарын көбейту қажеттігін айтады.

Жаңа жоба қанша тұрады?

Бұл тұжырымдамаға президенттің 10 маусымдағы жарлығына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олар қаржы мәселесіне де қатысты. Әзірлеушілердің айтуынша, 2024 жылдан 2050 жылға дейінгі мерзімде тұжырымдаманы жүзеге асыруға қажетті қосымша инвестицияның жиынтық көлемі жыл сайын орта есеппен алғанда, шамамен, 15 миллиард доллар болады.

Осы орайда ең жоғары жылдық инвестиция көлемі 2041−2045 жылдар аралығында ЖІӨ-нің 6,2%-на тең болмақ. Ал 2050 жылға дейінгі орташа инвестиция көлемі ЖІӨ-нің шамамен 4,4%-ын құрайды. Оның негізгі бөлігін жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тарту жоспарлануда.

Қаражаттың негізгі бөлігі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, көлік, өнеркәсіп және құрылыстағы энергия тиімділігін арттыру шараларын жүзеге асыруға бағытталады. Ауыл шаруашылығын дамыту мен су ресурстарын тұрақты пайдалануға азырақ қаражат бөлінеді – бұл сала негізінен арналар мен су қоймаларын жөндеуге жұмсалатын мемлекет қаражатына мұқтаж.

Сондай-ақ оқыңыз