Астана әкімдігі өрттен зардап шеккен пәтер иелеріне көмек беру үшін жұмыс комиссиясын құрмақ

Жарияланды (жаңартылды )
Өрт салдарын жою үшін жұмыс комиссиясы құрылады / t.me/astana_newss

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Тұран даңғылы бойындағы үйде өрт шығып, соның салдарынан пәтері бүлінген тұрғындармен кездесті. Әкім өрт салдарын есептейтін жұмыс комиссиясы құрылатынын хабарлады.

«Мамандар техникалық қорытындыны берген соң қасбетті қалпына келтіруге және бұзылған пәтерлерді жөндеуге дереу кірісеміз. Өрттің себебін қалалық төтенше жағдайлар департаменті анықтап жатыр», — деді Жеңіс Қасымбек.

Сенбіде Астанада «Хан Шатыр» маңындағы «Rixos Khan Shatyr Residences» тұрғын үй кешені өртенді. Үйдің 2-қабатынан бастап 26-қабатқа дейінгі қабырғаның сыртындағы қаптама отқа оранды. Өрт сол күні сөндірілді.

ТЖМ мәліметі бойынша үйдің ауданы 260 шаршы метр бөлігін жалын шарпыды. Өрт сөндірушілер 12 тұрғынды эвакуациялады. Оған қоса өрт кезінде екі адамды құтқарды. Оқиға орнында 20 техника, 91 құтқарушы жұмыс істеді.

Сондай-ақ оқыңыз