Германия Қытайға көмір өндірісін қысқартуды ұсынды

Жарияланды (жаңартылды )
Көмір бағасы
Германия Қытайға көмір өндірісін қысқартуды ұсынды / kursiv.media

Германияның экономика министрі Роберт Хабек Қытайды көмір энергетикасынан біртіндеп бас тартуға шақырды. Ол осы елдегі электр қуаты тасымалының 60%-ын қатты отын құрап отырғанына алаңдайды.

Reuters басылымының жазуынша, ақпарат құралдарына сұхбат берген министр жаһандағы климат ахуалын реттеу үшін алып елдің бұл бағыттағы ұстанымы зор рөл ойнайтынын айтқан. Роберт зиянды өндіріс шығарындылары атмосфераға зиян екенін ескертті.

Қытай Еуропаға мұнай-газ тасымалдау көлемін де ұлғайтты. Хабек бұған Украина мен Ресей арасындағы соғыстың өршуі себеп болғанын меңзеген.

Бейжің көмір өндірісін арттыруға күш салуда. Одан бөлек жаңартылған энергия көздерінен 350 гигаватт қуат өндіріп үлгерген. Бұны әлем бойынша жаңа энергетика әлеуетінің жартысына жуығы деп есептеуге болады.

Роберт Хабек энергетика жүйесін жаңғырту, қуат көзін сақтау үшін батареяларды тұтынуға көшу тиімді нәтиже көрсететінін атап өтті. Осыны негізге ала отырып, дәстүрлі отынды пайдаланатын электр стансалар санын азайтуға болатынын қаперге салды.

Ал Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде ондыққа кіреді. Республика көмірді Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркияға және Шығыс Еурпаның кейбір елдеріне тасымалдайды. Экспорт көлемінің 65 пайызы – Ресейдің үлесінде.

Елде электр энергиясының 70%-дан астамын көмір өнеркәсібі қамтамасыз етіп отыр. Кокс-химия өндірісі мен коммуналдық-тұрмыстық секторды дамытуда осы өнеркәсіп өнімінің маңызы зор.

Үкімет көмір генерациясы аясында ЖЭО нысандарын дамытуды жоспарлаған. Көмір өнеркәсібі саласында 32 мыңдай адам жұмыс істейді. Елдегі көмір қорын мемлекет 250 жылға дейін тұтына алады.

Бірақ адамзат экологиялық тұрғыда қауіпсіз қуат көздерін тұтынуға көңіл бөлуде. Жасыл энергетикаға көшу, логистикалық проблемалар, әлемдік нарықтағы бағаның құбылуы көмір өнеркәсбін дамытуға кедергі болуда. Энергетика министрлігінің өзі жаңартылған энергия көздерін көбейту арқылы көмірдің үлесін 70 пайыздан 35-40 пайызға дейін азайтуды көздейтінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз