Тоқаев ішкі істер органдары қызметкерлерін Полиция күнімен құттықтады

Жарияланды (жаңартылды )
Президент тәртіп сақшыларын Полиция күнімен құттықтады /kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер органдарының қызметкерлерін Полиция күнімен құттықтады. Бұл жөнінде Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

–Құрметті полиция қызметкерлері!

Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!

Сіздер заң пен тәртіпті сақтауға, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға елеулі еңбек сіңіріп келесіздер.

Әділдік идеясы үстемдік құрған қоғамда полиция қызметкерлеріне жоғары талап қойылып, зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздер антқа адалдықтың және жұртқа жанашырлықтың озық үлгісін көрсетулеріңіз керек. Әрбір тәртіп сақшысының қызметін мінсіз атқарып, білікті маман, отаншыл азамат болуы өте маңызды.

Сіздердің әділетті мемлекет пен берекелі қоғам құруға өлшеусіз  үлес қосып, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға атсалыса беретіндеріңізге сенемін, – деді Президент.

Тәуесіздік жылдарында 800-ден астам полиция қызметкері қаза тапты. 4,5 мыңнан астам полицей жарақат алған. Мемлекет тәртіп сақшыларын әлеуметтік тұрғыда қолдау бағытында олардың баспанамен қамтамасыз етуге көңіл бөліп, еңбекақыларын өсірді.

Заман талабына сай ІІМ қызметкерлері цифрлы технология көмегін пайдаланады. Министрлік цифрлы шешімдерді пайдалану полиция жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, жалпы ішкі істер органдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қаупін айтарлықтай төмендетеді деп санайды.

Ішкі істер министрлігі артық салмағы бар қазақстандықтарды да полиция қызметіне жұмысқа шақырып отыр. Мамандардың интеллектуалдық қабілетін ескеруді жөн көреді. Ведомство кандидаттардың IT маман немесе тергеуші болып жұмыс істеуіне артық салмақ кедергі болмайтынын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз