Жаңалықтар

Екінші жартыжылдыққа болжам, Nvidia бағасы, жапон нарығының құлдырауы

БАҚ шолуы / Shutterstock

Сарапшылар бірінші жартыжылдықтың қорытындыларын шығара бастады, көңілді қатты қалдырған жайттардың бірі – жапон акцияларының құлдырауы. Жасанды интеллект (ЖИ) секторының қарыштап өсуі акциялардың, әсіресе, Nvidia акцияларының екінші жартыжылдықтағы құнын есептеуді қиындатып отыр. Ал АҚШ пен ЕО-ның протекционистік шаралары электромобиль өндірушілерінің табысын азайтып жатыр. Осы және басқа тақырыптар туралы өткен демалыс күндеріндегі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Америкалық акциялардың 1976 жылдан бергі ең жақсы жартыжылдығы

Dow Jones Market Data мәліметі бойынша, S&P 500 индексі 1976 жылдан бергі сайлау жылдарындағы қаңтар−маусым айларында ең жақсы нәтиже көрсету үстінде. Сондай-ақ жалпы АҚШ тарихындағы сайлау жылдарын алатын болсақ, содан бергі уақытта біз көрген үздіктен кейінгі ең жақсы көрсеткішке жетіп отыр. Дегенмен Ned Davis Research сарапшыларының пікірінше, бұл раллиде «бағаларды асырып жіберген, нарықты оптимистік көңіл күйі жайлап, шамадан артық сатып алу байқалады» деп жазады MarketWatch.

АҚШ қор нарығының көрсеткіштері жылдың екінші жартысында өзгереді деген болжам айтуға сеп болып отырған факторлар: корпоративтік пайданы бағалау, ФРЖ мөлшерлемелерді азайтатын-азайтпайтыны төңірегіндегі тұжырымдар, қарашадағы президент сайлау нәтижелерінің белгісіз, сондай-ақ нарықтағы ралли ауқымының шектеулі болуы. Жыл басынан бері пайда болжамы жақсарып келеді. Сарапшылар 2024 жылы 12-13% өсім болады деп күтуде. Алайда CFRA бас инвестициялық стратегі Сэм Стовалл ескерткендей, нарық америкалық компаниялардың пайдасы молая түседі деп күтіп отыр.

Инвесторлардың көңілі АҚШ-тағы инфляция деңгейінің сақталып тұрғанына алаң, себебі ол экономиканың өсу көрсеткіштерімен бірге пайыздық мөлшерлемелерді төмендету мерзімі мен ауқымына да әсер етпек. ФРЖ мөлшерлемелерді 2024 жылдың соңына дейін бір-ақ рет төмендетуді ойласа, фьючерстерді саудалайтын трейдерлер мөлшерлемелерді қыркүйектен бастап екі рет төмендетеді деп болжап отыр дейді CME FedWatch Tool.

DA Davidson компаниясының әл-ауқат зерттеулері жөніндегі директоры Джеймс Рэганның айтуынша, мамыр айындағы PCE көрсеткіштері инфляцияның баяулайтынын растап тұр. Осы кезеңде АҚШ-тың ЖІӨ өсімі баяуласа, ФРЖ мөлшерлемелерді дереу төмендетуге әрекеттенуі мүмкін.

Nvidia сатылымдарының тез өскені соншалық − Уолл-стрит болжам жасап үлгере алмай жатыр

Сарапшылардың Nvidia-ның қанша пайда табатынына қатысты соңғы болжамы нақты нәтижеден орташа есеппен 12%-ға ауытқыды. ЖИ саласының қарыштап өсуі болжам жасауды қиындатып, алда күтпеген жағымсыз жаңалықтар шығуы әбден мүмкін деп жазады Bloomberg. Аталмыш чип өндіруші компанияның нақты кірістерін ешкім анықтай алмай отыр.

Бұл чип өндірушінің акциялары биыл 156%-ға өсті, ал өткен аптада Microsoft-ты басып озған. Сөйтіп Nvidia уақытша болса да, әлемдегі ең қымбат компанияға (3,34 трлн доллар) айналды. Қазіргі бағалауларға сай, ол осы тоқсанда 14,7 млрд доллар пайда табады, сатылымы 28,4 млрд доллар деңгейінде болмақ. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, сәйкесінше 137% және 111%-ға жоғары. Салыстыратын болсақ, болжамға сәйкес Microsoft сатылымдары 15%-ға, ал Apple-дікі шамамен 3%-ға өспек.

Алайда Jonestrading-тің бас нарық стратегі Майкл О’Рурктің пікірінше, Nvidia пайдасының өсу қарқыны жақын арада бәсеңдейді. Содан акцияларының құнын бағамдау да қиындай түседі. «Міне, бар гәп осында, − деп атап өтті О’Рурк. − Сіз нарықтық капитализациясы үлкен компанияға жоғары баға бересіз, алайда оның көрсеткіштері өзгеріп, төмендеуге бейім келеді, әрі бұл үрдістің ұзаққа созылатын түрі бар».

Әлем инвесторлары жапон акцияларына сақтықпен қарай бастады

Citi жапон акцияларының қаңтар−мамыр айларындағы рекордтық қымбаттауынан кейін, елеулі өзгеріс болу қаупі бар деп ескертеді. Шетелдік инвесторлардың нетто-сатулар көлемі сатып алу көлемінен төрт апта қатарынан асып түсіп отыр деп жазады Bloomberg. Токио қор биржасының мәліметі бойынша, бұл – 2023 жылғы қыркүйектен бергі ең ұзақ кезең.

Елдегі корпоративтік басқару саласының реформасы мен жергілікті реттеуші орган жүргізетін ақша-несие саясатының келешегі не болатыны белгісіз. Сондықтан Citigroup Inc. және Abrdn Plc компаниялары жапон акцияларына қатысты пессимистік көзқарастағы ұйымдар қатарында. Bank of America Corp. қор менеджерлері арасында өткізген сауалнама қорытындылары көрсеткендей, респонденттердің шамамен үштен бірі жапон қор нарығы өз шегіне жетті деп санайды.

22 наурызда Nikkei 225 индексінің рекордтық ең жоғары көрсеткіші тіркелген. Содан бері ол 5,6%-ға төмендеді, дәл сол кезеңде MSCI AC Asia Pacific индексі 1%-ға, ал S&P 500 индексі 4,4%-ға өсті. Дегенмен BlackRock Inc. және Morgan Stanley компаниялары елде құрылымдық өзгерістер жүріп жатқанына, ішкі инвестициялар мен жалақының өскеніне сілтей отырып, Жапонияның ұзақмерзімді даму перспективаларына әлі де оң баға беріп отыр.

Біраз мәселе Жапония банкі шілдеде пайыздық мөлшерлемелерді екінші рет көтеру туралы шешім қабылдай ма, жоқ па, соған байланысты болады. Реттеуші өкілетті орган осындай шараны 2007 жылдан бері алғаш рет биыл наурыз айында қолданған.

Батыстың Қытай электромобильдеріне қатысты ұстанымы біржақты емес

WSJ АҚШ пен Еуропаның қытай автокөліктері импортына баж салығын енгізуінің салдарын егжей-тегжейлі талдаған. Байден әкімшілігі мамыр айында Қытайдан келетін электромобильдерге, олардың импорты өте төмен болғанына қарамастан, баж салығын 102,5%-ға дейін көтерді. АҚШ-пен тығыз интеграциядағы Канада да жаңа тарифтер енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Осы ретте Еуропа дер кезінде шара қолданбай, уақыт өткізіп алған көрінеді.

Қазір Вашингтон Қытай Мексикада көлік құрастыру зауыттарын салған жағдайда қабылдайтын қосымша қарымта шараларын да пысықтап жатыр. Трамп қараша айында Ақ үйге қайта оралса, елдің бұл бағыттағы саясаты қатаңдай түспек. Қытайды осы саланы «шектен тыс субсидиялап жатыр» деп айыптаған АҚШ-тың өзі де соны істеп жатыр.

Еуропалық Одақ енгізген қосымша тарифтер әлдеқайда төмен. Мысалы, Қытай нарығындағы көшбасшы BYD бұған дейінгі 10% баж салығына қосымша 17,4% ғана төлемек. Citi сарапшыларының айтуынша, BYD Еуропада бәрібір Қытайдағыдан көп пайда таппақ, өйткені Қытайдың автомобиль нарығындағы бәсеке әлдеқайда сұрапыл.

ЕО тарифтерінің негізгі әсері өндірісті локализациялау үрдісінің қарқын алатынынан байқалмақ. AlixPartners консалтинг фирмасының серіктесі Эндрю Бергбаум Еуропада ашылуға дайындалып жатқан сегіз қытай зауыты бар екенін айтады. Осыдан барып, іштен жану қозғалтқыштары бар автокөліктер жасайтын еуропалық өндірушілерге қысым күшеймек. Қалай болғанда да, саяси өзгерістерге сезімтал электромобильдер саласында табыс төмендейін деп тұр. Қытай Сауда министрлігінің 22 маусым күнгі мәліметінше, Қытайдың Сауда министрі Ван Вэньтао мен ЕО сауда комиссары Валдис Домбровскис Қытайдан келетін электромобильдерге салынатын баж салығына қатысты ЕО жоспарын талқыламақ. NYT мәліметі бойынша, тараптар сауда соғысын болдырмауға тырысады. Қақтығысты болдырмауға бәрінен бұрын Германия мүдделі.