Қазақ тіліндегі мультфильм өндірісіне биыл мемлекеттік бюджеттен 500 млн теңге бөлінбек

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
500 млн теңге
2024 жылы 37 анимациялық фильм сценарийі қаралып жатыр / Коллаж: .kursiv.media

2019-2022 жылдар аралығында мемлекеттің қаржылай қолдауымен 8 анимациялық фильм жарық көрген. Ал 2024 жылы 37 анимациялық фильм сценарийі қаралып жатыр. Оларға мемлекет қазынасынан 500 млн теңге қарастырылған. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында жазылған.

Одан бөлек, биыл шығатын 15 фильм қазақшаға аударылмақ.

Қазір Қазақстан мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Тұжырымдама отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің кинопрокат үлесін 2022 жылғы деңгейден 2030 жылы 35 %-ға дейін арттыру көзделген.

«Республикалық және жергілікті бюджетте анимациялық фильмдерді шығаруға жыл сайын қаражат қарастырылып келеді. Мәселен, 2024 жылы анимациялық жобаларды өндіруге республикалық бюджетте 500 млн теңге қарастырылған. Анимациялық фильмдердің барлығы қазақ тілінде жарыққа шығады», – деп жазылған хабарламада.

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» 2024 жылы елімізге әкелінетін 15 фильмді қазақшаға дубляж жасамақ.

Сондай-ақ биылдан бастап ұлттық деп аталуға үміткер киножобаларды іріктеу қағидаларына түбегейлі өзгеріс енгізіліп, ұлттық фильмдерді іріктейтін Сараптама кеңесінде анимациялық киножобаларды қарастыратын секция құрылған.

14 маусымда «Ойжұмбақ 2» («Головоломка 2») анимациялық фильмі көрермендер назарына ұсынылды. Алғашқы прокат күні мульфильм рекорд орнатып, 10 миллион теңге касса жинады.  Pixar сикуелі осы жаздағы ең үздік Холлиуд туындысы болуы мүмкін.  Адамның қиын-қатпар болмысы туралы мультфильм осы жылдың жасөспірімдерге арналған ең үздік туындысы болмақ.

Биыл қазақ тіліндегі дубляжды Disney компаниясы қолдағанын айта кеткен жөн. «Ойжұмбақ» кейіпкерлерін әнші Жұлдыз Төлепберген мен Ninety One тобының солистері Батырхан Мәлік пен Азамат Ашмақын қазақша «сөйлетті». 

Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы «Меломан» компаниясы биыл 4 көркем фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын кең прокатқа шығаруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз