«Бәйтерек» холдингі былтыр 49% акциясын сатып алған “Западное-NORD 2020” компаниясын иелігінен шығарды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Бәйтерек» холдингі «Западное-NORD 2020» компаниясына иелік етпейді. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі «Западное-NORD 2020» компаниясын иелігінен шығарды. Бұл туралы холдингтің Қазақстан қор биржасына жолдаған ақпаратында жазылған.

Холдинг аталмыш компанияның 49 пайыз акциясын 2023 жылдың желтоқсанында сатып алған еді.

Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов ауданында тіркелген «Западное-НОРД 2020» ЖШС 2020 жылы құрылған. Компания басшы – Сергей Дудник. Серіктестік тұқым өсіруді қоса алғанда, дәнді және бұршақ дақылдарды өсірумен айналысады.

Ашық дерекөздерде серіктестіктің құрылтайшылары  – Сергей Дудник және «Западное-СК» ЖШС деп көрсетілген. Соңғысының 228 құрылтайшысы бар мекеме 2021 жылы -20 677 теңге, 2022 жылы 24 936 теңге салық төлеген.

Холдинг оған дейін де өз қызмет бағытынан бөлек саладағы 3 мекеменің акциясын иеленген болатын. Оның біреуі Қазақстандағы дәулетті адамдардың біріне қатысы бар компания болса, екеуі дәнді дақыл өсірумен айналысады.

«Бәйтерек» холдингі сол кезде агрокомпаниялардың ірі акциясын неге сатып алғанын түсіндіріп, мұндай тәжірибе «ҚазАгро» басқарушы холдингімен бірігу кезінде алынған бейінді емес активтерден құтылу ниетімен байланысты екенін айтқан.

Холдинг үшін бұл активтер бейінді емес, алайда заң бойынша холдинг оларды дербес сата алмайды. Сондықтан мемлекеттік комиссия әзірлеген схеманы пайдаланады. Оған сәйкес, өңірлік әкімдіктер белгілі бір мүлікті сатып алуға мүдделі инвесторларды таңдайды. Содан кейін олар ЖШС нысанында арнайы компаниялар құрады. Ал «Бәйтерек» оларға қатысу үлестерін төлеп, жарғылық капиталға кепіл мүлкін енгізе отырып сатып алады. Инвесторлар оны мақсаты бойынша пайдаланады. Бұл өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етпек.

Алдағы уақытта «Бәйтерек» жаңа компаниялардың үлесінен арылып, оларды жергілікті әкімдік таңдаған инвесторлар сатып алатыны хабарланған.

Қазіргі кезде» Бәйтеректің» құрылымында мемлекеттік саясат пен мемлекеттік бағдарламаларды іске асырумен айналысатын сегіз еншілес ұйым бар. Олар: Қазақстанның Даму банкі, «Qasaqstan» инвестициялық корпорациясы, «Отбасы банкі», «Қазақстан тұрғын үй компаниясы», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы, «Аграрлық несие корпорациясы» және Bereke Bank (2024 жылы банк қатарлық инвесторға сатылатын белгілі болды).

Сонымен қатар холдинг «ТайыншаЖер Плюс» ЖШС,  «Aвантюрин» ЖШС және «Qarqyn Group» ЖШС-ның 49,0% акциясын иеленеді. Сондай-ақ «Бәйтерек» активтерінің қатарында 2020 жылы құрылған Amanat jer 2020 серіктестігінің 49,0% акциясы бар. Ол да дәнді және бұршақ дақылдарын өсірумен айналысады.

Сондай-ақ оқыңыз