Мобильді қосымша функционалы ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай емес: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 5 банкке ескерту жасаған

Жарияланды
Шығарушы редактор
Қандай банктер ҚНРДА-дан ескерту алды? Фото: shutterstock.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНДРА) соңғы 1 айда 5 екінші деңгейлі банкке нұсқама жіберген. Аталмыш банктердің мобильді қосымшаларында ақпараттық қауіпсіздік мәселесі ақсаған.

ҚНРДА-дан ескерту алған қаржы ұйымдары арасында Bank RBK, Halyk, Bereke bank, ВТБ және Нұрбанк бар. Бұл банктердің «мобильді қосымша функционалы ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді». Банктер бұл нұсқаманы 17 маусымға дейін орындауы тиіс болған.

Сонымен қатар Bank RBK-ке қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы қаржы мониторингі ережесін бұзғаны үшін жалпы сомасы 2,3 миллион теңге айыппұл салынған. Банк ақша немесе өзге мүлікпен жасалған операциялар туралы уақытылы есеп бермеген. Банктің бұл айыппұлды төлеу мерзімі көрсетілмеген.

Одан бөлек, «Заман Банкке» қатысты ден қою шарасы қолданылған. Оған себеп – тәуекел дәрежесін бекіту процестеріндегі және тәуекел дәрежесінің біріктірілген деңгейлерінің мөлшерін анықтауда кемшілік жіберілген. Қаржы ұйымы бұл кемшілікті 3 шілдеге дейін жоюы керек.

1 шілдеден Қазақстанда Open Banking жүйесі іске қосылады. Қазақстандықтар бір қосымша арқылы әртүрлі банктің шоттарын пайдалана алады.

Сондай-ақ оқыңыз