Қазақстанда ипотекалық ұйымдардың таза пайдасы мамыр айында өткен аймен салыстырғанда 29,2 % кеміген. Сәуір айында олардың кірісі шығысынан 8,4 млрд теңге асса, мамыр айында бөлінбеген таза пайда 6,5 мрлд теңгені құраған. Ұлттық банк (ҰБ) банк қызметін атқаратын ипотекалық ұйымдардың статистикасын жариялады.
Қазақстанда «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» мен «Эскпресс Финанс» атты ипотекалық ұйым тіркелген. Екі компанияның мамыр айындағы таза пайдасы 6,5 млрд теңгені құрады. Оның 6,07 млрд теңгесі «Қазақстан Тұрғын үй компаниясына» тиесілі болса, 436 млн теңгесі – «Эскпресс Финанс» компаниясының тапқан табысы.
Айлық көрсеткіш 29,2 пайызға кеміген. Сәуір айының нәтижесінде аталған компаниялар 8,4 млрд теңге таза пайда тапқан болатын.
Статистикада 1 маусымдағы жағдай бойынша, қазіргі кезде ипотекалық ұйымдардың активтерін 1,3 трлн теңгені құрады. Айма-ай салыстырғанда екі компанияның міндеттемелері 4,31% өсіп, 1,067 трлн теңгеден 1,113 трлн теңгеге жеткені байқалады.
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның меншікті капиталы 222,7 млрд теңгеге тең болса, «Эскпресс Финанстың» балансында 1,8 млрд теңге меншікті капитал бар. ҚТК несие порфелі – 480 млрд теңге, екінші компанияның несие портфелі 175 млн теңгені құрайды.
Ипотекалық ұйымдардың табыс салығын ескергендегі шығысы 1 айда 66,2 млрд теңгеден 83,3 млрд теңгеге жеткен. Жалпы шығыстың артуына бағалы қағаздар бойынша сыйақы төлеуге байланысты шығыстың көбеюі ықпал еткен. Тұрақсыздық айыппұлы 487 млн теңгеден 7,4 млрд теңгеге өскен.
«Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» – еліміздегі бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторы. Компания 2023 жылы 41,85 млрд теңге таза пайда тапқан. Жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингіне таза пайдасынан 29,3 млрд теңге дивиденд төлемек. 2022 жылы Қазақстан тұрғын үй компаниясының төлеген дивиденді 31,3 млрд теңгені құраған.
Компания бұған дейін еліміздегі үлестік құрылысқа қатысы бар тұрғын үйлердің 68%-ы заңсыз салынғанын жариялаған болатын.
«Эскпресс Финанс» 2014 жылы банктік операциялар жүргізуге лицензия алған. 2022 жылғы аудиторлық есебіне сәйкес (сайтында одан жаңасы жоқ), компанияның жалғыз акционері – Сыздықова Юлия. Басқарма төрағасы Сәбденов Санжар деп көрсетілген.