Грекияда отшашулар атып, орман өртіне себепкер болып ұсталғандар қатарында Қазақстан азаматтары болмаған. Бұл туралы «Курсивке» Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.
«Қазақстанның консулы бұл ақпарат жарияланғаннан кейін, осы іске қатысты бірден Грекия билігіне хабарласты. Полицияның мәліметіне сәйкес, ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ және оларға ешқандай да талаптар қойылмаған», – деді Смадияров.
21 маусымда кешке Грекияның Идра аралында 13 турист жалдамалы яхтада отшашу атқан. Салдарынан қарағайлы орман өртке оранған. Туристер өртті сөндіруге тырысып, кейіннен оқиға орнынан қашып кеткен. Арал мэрі Джоргос Кукулакис оларды сотқа беретінін айтты. Полиция туристерді ұстап, кейін грекиялық БАҚ олардың Қазақстанға қатысы бар азаматтар екенін жазған.
Кейіннен News Break басылымы ұсталғандардың қазақстандықтар емес, Пәкістан азаматтары екенін жазды.
23 маусымда Италияның Помпей қаласында бұзақылық жасаған қазақстандық турист ұсталған. Ол Помпей археологиялық паркінде орналасқан Цей үйінің сыртына «ALI» деп атын жазып кеткен. Сәулет ескерткішін бүлдіргені үшін ҚР азаматы залал шығынын өтейді. Залал мөлшері техникалық сараптамадан кейін белгілі болады.