Kursiv.Media тілшісі БАҚ қызметкерлері арасында тоғызқұмалақтан өткен турнирде топ жарды
Kursiv.Media тілшісі Ақниет Төленді Алматыда БАҚ қызметкерлері арасында тоғызқұмалақтан өткен турнирде топ жарды.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында БАҚ қызметкерлері күніне орай BAQ TOGYZQUMALAQ турнирі өтті. Assyl Tas қоры және Тоғызқұмалақ федерациясы ұйымдастырған шараға Алматы қаласы мен Алматы және Жетісу облыстарының БАҚ өкілдері қатысты.
«Ойыншылардың көбі тоғызқұмалақты алғаш рет ойнады. Сол себепті 2 күнге жоспарланған жарыстың бірінші күні тәжірибелі жаттықтырушылар шеберлік сабақтарын өткізіп, журналистерге тоғызқұмалақтың қыр-сырын үйретті», – дейді ұйымдастырушылар.
Турнирге жалпы саны 40 қатысушы тіркелді. Тілшілер мен редакторлар, блогерлер мен телерадио саласының қызметкерлері турнирде топқа бөлініп сынға түсті. Үздік өнер көрсетіп жеңімпаз болған журналистер дипломдармен, ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Қыздар арасында жүлделі үшінші орынды «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары Қарагөз Смәділ мен «Үш қоңыр» газетінің тілшісі Салтанат Жасбатырқызы иеленді. Екінші орынға Massaget.kz сайтының тілшісі Нұржамал Үсенова ие болды. Ал бірінші орынды Kursiv.Media тілшісі Ақниет Төленді иеленді.
Ерлер арасында спорт журналисі Нұрлыхан Жұмахан мен «Алатау арайы» газетінің қызметкері Әліби Изекенов үшінші орын алды. Екінші орынды sportpress.kz сайтының тілшісі Нұрлан Құмар иеленді. Massaget.kz порталының шеф редакторы Өмірбек Сансызбай бірінші орын алды.