Банк секторы мен ойын бизнесі үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25% деңгейінде белгіленбек
Қазақстанда салаға байланысты корпоративті табыс салығының мөлшерлемесі әртүрлі болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин мәлім етті.
«Мемлекет басшысы экономиканың әртүрлі салаларында сараланған салық мөлшерлемесіне көшу қажет екенін атап өтті. Зерттеу нәтижелері бойынша корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін 20% деңгейінде қалады», – деді Амрин жаңа салық кодексіне арналған брифинг барысында.
Бұл тұста ол қандай салалар үшін алымды саралау жоспарланғанын атап өтті. Мәселен, банк секторы мен ойын бизнесі үшін 25% деңгейіндегі жоғары мөлшерлеме белгіленбек. Бұл ретте, вице-министр атап өткендей, егер банктер экономиканың нақты секторына несие беретін болса, онда мұндай кіріске 20% базалық мөлшерлеме қолданылады. Корпоративтік табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі қандай секторларға қолданылады?
«Қосылған құны жоғары өнім өндіруге, сондай-ақ қаржылық лизингке және әлеуметтік салаға, оның ішінде білім, медицина, денсаулық сақтау саласына 10%-дық мөлшерлеме белгілеу ұсынылып отыр», – деді Ұлттық экономика вице-министрі.
Осы тұста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлеме 3% деңгейінде сақталады.
Еске сала кетсек, 11 наурыз Ұлттық экономика министрлігі Ашық НҚА порталында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің жобасына консультативтік құжатты жария талқыға шығарды.
Бұған дейін Үкімет корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесін 25%-ға дейін ұлғайтуды ұсынды. Жаңа Салық кодексі жобасында шикізат, қаржы, ойын бизнесі салалары үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесін 30%-ға дейін арттыру қарастырылған. Жаңа салық Кодексі бюджетке түсетін салық көлемін 2-2,4 трлн-ға арттырады.
Halyk Finance сарапшылар жаңа Салық кодексі Қазақстанның салық және бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейді, құжатта қайшылықтар барын мәлімдеген еді.
Жобаны талқылау «Ашық НҚА» сайтында 5 шілдеге дейін жалғасады. Жаңа салық кодексі 2025 жылы күшіне енеді.