Ұлттық экономика министрлігі шағын және орта бизнеске арналған салық режимдерінің санын қысқартуды ұсынып отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстанда бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына алмастыру ұсынылды/ Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шағын және орта бизнеске арналған салық режимдерінің санын оңтайландыру ұсынылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин айтты. Бұл ретте ол елімізде ШОБ-қа арналған тек үш салықтық режимді қалдыру керек деп есептейді.

Мәселен, біріншісі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай және ең төменгі төлеммен 4% жеңілдетілген режим. Оған МЗЖ, әлеуметтік аударымдар және МӘМС жарналары кіреді. Төлемді қосымша арқылы немесе арнайы платформа арқылы дербес төлеуге болады. Осы ретте айлық табыс 1,25 млн теңгеден немесе 340 АЕК-тен аспауы керек. Бұған қоса жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес. 

«Сонымен қатар жеңілдетілген декларацияны бөлшек салықпен біріктіріп, оны шағын бизнес режиміне ауыстыру керек. Бұл ретте табыс көлемі жылына 500 млн теңгеден аспайды. Ал қызметкерлер саны шектелмейді. Яғни жеңілдетілген декларацияны қолданатын 1,9 млн салық төлеуші үшін режимді қолдану шегі 2,5 есе, ҚҚС шегі 6 есе артады», – деді спикер.

Вице-министр пайымынша, бұл айналымдағы қаржыны жасырмай, көлеңкелі экономиканы алдын алуға ынталандырады. 

Спикер атап өткен үшінші режим шаруа қожалықтарына қатысты. Бұл салықтық режимге өзгеріс енгізу көзделмеген. Алайда Қазақстанда бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына алмастыру ұсынылып отыр.

«Тек бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы төленетін болады. Осы режим үшін тиімсіз пайдаланылған жерлер бойынша жер салығын базалық мөлшерлемеден 40 есе мөлшерде енгізу маңызды», – деп атап өтті Азамат Амрин.

Ол республикада айтарлықтай пайдасы жоқ төлемдер алынып тасталатынын, ал кей режимдер біріктірілетінін атап өтті.

21 маусым «Ашық НҚА» порталында жаңа Салық кодексінің жобасы жарияланды. Құжат осы күннен бастап жария талқыға шығарылды.

Еске сала кетсек, 1 наурыз Ұлттық экономика министрлігі Ашық НҚА порталында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің жобасына консультативтік құжатты жария талқыға шығарды. Құжатты мұқият зерттеген экономист Ғалымжан Айтқазин оны сынға алды. 

Halyk Finance сарапшылар жаңа Салық кодексі Қазақстанның салық және бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейді, құжатта қайшылықтар барын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз