Мұнайдан қайыр болмай тұр: экспорттан түсетін табыстың қысқаруына не себеп?

Жарияланды
Kursiv Research бас талдаушысы
Мұнай экспортынан түсетін табыстың қысқаруына не себеп? / shutterstock.com

2024 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан экспортының құрылымын сарапқа салған Kursiv Research ел экспортының негізгі бағыттарындағы өсу және күйзеліс көрсеткіштерінің себебін іздеді.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2024 жылдың қаңтары мен наурызы аралығында ҚР тауарларының экспорты құндық мәнде 1,9%-ға қысқарып кеткен. Яғни экспорт нарығында өткен жылы белең алған төмендеу тенденциясы әрі қарай жалғасуда. Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың І тоқсанында экспорт 1,5%-ға қысқарып, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша төмендеу көрсеткіші 7%-ға дейін жеткен болатын.

Өзінің кезекті зерттеуінде Kursiv Research ҚР тауарлары экспортындағы төмендеу үдерісіне қандай факторлар әсер еткенін талдаумен қатар, есепті кезең аралығында көрініс берген өсу тенденцияларына да мұқият мән берді.

Экспорт төмендеп барады…

2024 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша ҚР тауар экспортынан түскен ақшалай ағын 18,5 млрд долларды құрады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 1,9%-ға аз көрсеткіш. Әдетте Қазақстанның жиынтық экспортының өсіп, төмендеуі – отандық нөмір бірінші экспорттық өнім – «қара алтын» сату нәтижесіне тікелей тәуелді. Былайша айтқанда, мұнайдан түсетін экспорттық табыс артқан сайын жалпы нәтиже де еселеп өседі деген сөз. Бұл, кем дегенде, соңғы бес жылда кеңінен байқалып отырған корреляция (зерттеу барысында І тоқсандағы да, жыл соңындағы да нәтижелер салыстырылды).

Десек те, қатаң қағидаға айналған бұл жағдай 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында өзіндік өзгеріске ұшырады. Мұнай келісімшарттарынан түсетін кірістер 6%-ға өскенімен (10,9 млрд долларға жуық), экспорттық түсімдер төмендеп барады.

Мұнай өндірушілер экспорттық түсімдерді мұнай жеткізу көлемін қосымша 1,3 млн тоннаға (+7,5%) ұлғайту есебінен арттыра алды. Бірақ мұнай өндіру деңгейінде еш өзгеріс болған жоқ. Еліміздегі мұнай өндіру деңгейі негізгі үш мегажобаға тәуелді десек, сол жобаның бірі Қашағанда қарқын төмендеп қалғаны байқалды (аталған кен орны былтыр отандық мұнай өндірудің 1/5 бөлігін қамтамасыз еткен болатын). «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 2024 жылдың І тоқсанындағы есебінде өндірістің төмендеуі ілеспе газды кері айдау мен өңдеу бойынша қуат мүмкіндіктерінің шектеулі болуымен байланыстырылған.

Әлбетте, мұнай жеткізуді ұлғайту барысында ақша ағыны да артады деп түйіндеуге болар еді. Алайда есепті кезеңде Қазақстанның «қара алтыны» 2023 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 1,4%-ға арзан бағамен сатылды (орташа есеппен алғанда тоннасына 608 доллардан), ал эталондық марка 2,1%-ға қымбаттады (барреліне 83,1 долларға дейін).

Осылайша, 2023 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда Қазақстан есепті кезеңде 618,8 млн доллар жоғары табыс тапты. Бірақ минусқа шыққан тауарлар номенклатурасы бойынша шығындарды жабуға бұл ақша бәрібір жеткен жоқ.

Айтпақшы, экспорттық негізгі топ-10 өнім құрамында мұнайдан өзге тағы үш позиция І тоқсанды плюспен аяқтағанын айта кету керек. Мысалға, тазартылған катодты мыс жеткізу (отандық нөмір екінші экспорттық өнім) ел экономикасына 909,8 млн доллар табыс әкелді (+54,1%).

Дүниежүзілік банк мәліметтеріне сай, жаһандық нарықтарда қызыл металдың орташа тоқсандық бағасы ептеп төмендеген (–5,6%). Осының салдарында Қазақстанның өнімдері де арзандай түсті: 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында отандық катод өнімінің тоннасы сыртқы нарықтарда орташа есеппен 7,9 мың доллар шамасында сатылды, бұл бұдан бір жыл бұрынғыдан 3,3%-ға төмен баға.

Әйтсе де, ептеп түзетуге ұшырағанына қарамастан бұл бағалар қазақстандық кәсіпорындар үшін қолайлы деңгейде қалып отыр. Есепті кезеңде мыс өндіруші компаниялар тазартылған мыс шығаруды 15,6 мың тоннаға (+14,9%), экспорт көлемін 42,5 мың тоннаға (+59,3%) арттыра алған.

Қазақстан экспортындағы топ-10 өнімнің ішінде өсу қарқыны бойынша қоспасыз (легирленбеген) алюминий жеткізудің орны да ерекше. Экспорттық түсім 23,3 млн доллардан (2023 жылдың І тоқсанында) 149,4 млн долларға дейін өскен (2024 жылдың І тоқсанында). Бұл өнімді сегізінші орынға шығарған алты есе жоғары өсім – өткен жылғы төмен база негізіндегі шикізат жеткізуді арттыру көрсеткішімен тікелей байланысты.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қоспасыз алюминий ақшалай түрде 37%-ға, физикалық шамада 20%-ға азая түскен. Мұның бір себебі – электр энергиясының қымбаттауына орай Еуроодақ елдері алюминий өнімдерін өндіруді қысқарта бастады. Егер 2022 жылы қазақстандық өңделмеген алюминий Еуроодақтағы он шақты елге бағытталған болса (оның ішінде Ұлыбританияға да), 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл өнім тек Италияға ғана жөнелтілген.

2024 жылдың І тоқсанында қоспасыз алюминий ЕО құрамындағы бірқатар нарықтарға қайта оралды, атап айтсақ, Польша, Нидерланды, Болгарияға. Оның елеулі көлемін Әзірбайжан да сатып ала бастады, ал бұл ел 2023 жылға дейін қазақ алюминийін сатып алушы негізгі серіктестер қатарында болған жоқ. Еуроодақ тарапынан қажет етілмеген көлемнің бір бөлігі дәл осы елге бағытталды: 2023 жылдың қорытындысы бойынша Әзірбайжанның үлесі 40%-ға дейін өскен (ақшалай да, өнім жеткізу тұрғысында). Бұл тренд биыл да өз күшінде, 2024 жылдың қаңтары мен наурызы аралығында Әзірбайжанның үлесі 60%-ға дейін өскен.

Ал тоғызыншы орынға – 2024  жылдың І тоқсанында 140 млн долларға дейін өскен (+93,7%) байытылған (агломерленген) темір кендері мен концентраттары жайғасқан. Шикізаттың бұл түрінің экспорттық топ-10 өнім қатарына қайта оралуы – елімізде темір рудасын игерумен айналысатын негізгі кәсіпорын Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ; Eurasian Resources Group құрамына кіреді) 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында бетпе-кет келген проблемалардың ойдағыдай шешілгенін көрсетсе керек.

Айта кету керек, 2022 жылдың мамырында қайталама санкциялар қаупі аясында ССКӨБ өзінің саудадағы басты серіктесі Магнитогорск металлургиялық комбинатына (ММК) өнім жеткізуді толығымен тоқтатты. Арада бірнеше ай өткенде, яғни тамызда ММК және оның басты акционері Виктор Рашников ресми түрде америкалық SDN-тізіміне енгізілді. ССКӨБ мен ММК арасындағы ынтымақтастық тығыз байланыс совет кезеңінде қалыптасып, одан кейін де жалғасып жатты. Ал 2021 жылы, яғни бұл байланыс үзілгенге дейін, ССКӨБ өндірген түйіршіктердің 40%-ы Магнитогорск комбинатына жөнелтіліп келді.

ССКӨБ басшылығының Магнитогорск металлургиялық комбинатына өнім жөнелтуді доғару туралы шешімі кәсіпорын үшін оңай соқпағаны анық. Осы кезеңде байытылған (агломерленген) темір кендері мен концентраттарын сыртқы нарықтарға шығару көрсеткіші 39%-ға, яғни 3,2 млн тоннаға дейін қысқарған. ҚР кедендік статистикасындағы мәліметтерде көрсетілгендей, 2022 жылдың мамыры мен қыркүйегі аралығында шикізаттың бұл түрінің Ресей бағытындағы экспорты нөлмен теңестірілген. Ресйлік БАҚ-тың сол тұстағы ақпараттарына жүгінсек, ССКӨБ шешімінен кейін ММК темір рудасы шикізатын «Металлоинвест» компаниясынан сатып алуды арттырған.

Байытылған темір кендері мен концентраттарын Ресейге жеткізу барысы 2022 жылдың қазан айында қайта жанданды. Бұдан кейінгі жеті айда өнім жеткізу 100 мың тонна деңгейінен асқан жоқ. «Соғысқа дейінгі», яғни 200 тоннадан астам деңгейге экспорт 2023 жылдың қыркүйегінде қайта шықты. 2023 жылдың жазында Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко ССКӨБ Ресейден жаңа клиенттер тапқанын мәлім етті. Олардің ішінде Батыс Сібір металлургиялық комбинаты, Челябинск металлургиялық комбинаты және «Уральская сталь» компаниясы бар. Десек те, ССКӨБ мен ММК-ның жария етілген қаржылық есептерінде (ССКӨБ: 2023 жылдың ІІ, ІІІ тоқсандары б/ша; ММК: толық 2023 жыл б/ша) олардың арасындағы ынтымақтастық байланыс қайта жанданғанын көрсететін дәйекті мәліметтер жоқ.

2024 жылдың алғашқы айларының қорытындылары Ресей бағытындағы байытылған темір кендері мен концентраттарының экспорты қалыпқа келіп, бұрынғы деңгейге шыққанын көрсетеді. Биыл қаңтарда солтүстік көршімізге 233,1 мың тонна байытылған (агломерленген) темір кені мен концентраты жөнелтілген, ал бұл 2022 жылдың ақпанындағы ауқымға сай көлем.

Мұндай тенденция 2024 жылдың алғашқы үш айында да жалғасып, Ресейге байытылған темір кендері мен концентраттарын жеткізу 79,7 мың тоннадан (2023 жылдың І тоқсанындағы) 596,3 мың тоннаға дейін ұлғайып өскен (2024 жылдың І тоқсаны). Шикізаттың бұл түрінің бағасы 23,8%-ға қымбаттауы да одан түсетін кірістің өсуін көрсететін жағымды фактор деуге тұрады. 

Минусқа шыққан «алты» өнім

Қазақстанның топ-10 экспорттық тауары құрамындағы алты өнім есепті кезеңді минуспен аяқтағаны белгілі болды. Мысалға, мыс жеткізу (–5,5%; 645 млн долларға дейін), уран жеткізу (–25%; 452,7 млн долларға дейін), жоғары көміртекті феррохром жеткізу (–8,4%; 432,6 млн долларға дейін), жұмсақ бидай түрлерін (–46,3%; 245,2 млн долларға дейін), әртүрлі дистилляттар (–45,8%; 179,1 долларға дейін) және өңделмеген күміс жеткізу (–21,3%; 134,7 млн долларға дейін) деген сияқты. 

Абсолюттік мәнде ең көп шығын жұмсақ бидай (211,3 млн доллар), әртүрлі дистилляттар (151,3 млн доллар) және уран (150,7 млн ​​доллар) бойынша тіркелген.

Жұмсақ бидайды жеткізуден түсетін экспорттық кіріс бағаның арзандауы (–27%) мен жөнелту көлемінің (–26,4%) төмендеуі аясында қысқарып келеді. Егін дұрыс шықпаған 2023 жылдан кейін (жиналған ауқым 12,1 млн тонна – 2022 жылғы рекордтық 16,4 млн тоннадан 26% аз) өнім жеткізу көрсеткіштері де қысқара бастады. Оның сыртында егін егу кезіндегі құрғақшылық пен астық пісіп, егін ору басталғанда үдей түскен жауын-шашын салдарында диқандар 5 млн тонна шамасындағы жарамсыз бидай ауқымымен бетпе-бет келді. Осының бәрі экспорт әлеуетіне әсер етпей қойған жоқ: бір жағынан алғанда, бұл бидайды қазақстандық құс өсірушілер құс жемі ретінде сатып алды, екінші жағынан – сыртқы нарықтарда оны арзан бағамен сатуға тура келді, мысалға, өзбекстандық диірменшілерге (олар одан Ауғанстан үшін өте арзан ұн жасайды). 2024 жылдың наурыз айының басында бұл ауқымның тек жартысы қалғаны туралы хабарланған болатын.

Айтпақшы, қазақстандық диқандардың жоспарларына ептеп болса да Еуроодақтағы нормативтік өзгерістердің салдары да әсер етуі мүмкін. Онда 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Ресей мен Беларусьтен келетін дәнді дақылдарға, майлы дақылдарға және олардың өңделген өнімдеріне баж салығы тоннасына 95 еуроға дейін өспек.

ЕО нарығы ресейлік егіншілер үшін негізгі нарық емес. 2021 жылғы қолжетімді деректерге сүйенсек, сол жылы Ресей Еуроодаққа 1,2 млн тонна жұмсақ бидақ жөнелткен (барлық ауқымның 4,4%-ы). РФ үшін негізгі бағыттар Түркия мен Мысыр деп саналады, бұл елдерге ол 26,9 млн тоннаны құрайтын жалпы көлемнің сәйкесінше 24,9%-ы мен 21%-ын жеткізген. 

Ресейлік бидай экспорттаушылар одағының басқарма төрағасы Эдуард Зерниннің мәлімдемесіне ден қойсақ, жағдайдың бұлайша өрбуіне  ресейлік бизнес әу бастан дайын болса керек. Сол себепті де олар қалған өнімді өзге бағытта сату үшін Африка мен Азиядағы серіктестерімен келіссөздер жүргізе бастаған. Қазір қолданыстағы бағыттар бойынша да ұсыныстар артатын тәрізді, олардың арасында жоғарыда айтылған Түркия мен Мысырдан өзге Әзірбайжан, Нигерия, Бангладеш, Судан, Сауд Арабиясы, Йемен және т.б. елдер бар.

Жұмсақ бидай ауқымын сату тұрғысында бұл елдердің бірде-бірі Қазақстан үшін маңызды дейтін нарық емес. Біз үшін дәстүрлі сатып алушылар Орталық Азия елдері, ең алдымен Өзбекстан және Тәжікстан: 2023 жылы сыртқы нарықтарға жөнелтілген 6,5 млн тонна жұмсақ бидайдың сәйкесінше 55%-ы мен 15%-ы осы елдерге бағытталған. Оның сыртында Қытай да Қазақстаннан жұмсақ бидай жеткізу ауқымын арттырып жатыр – 34,3 мың тоннадан (2022 жылдың қорытындысы б/ша) 538,8 мың тоннаға дейін (2023 жылдың қорытындысы б/ша). 

Айтқандай, біз үшін дәл осы Қытай бағытында ресейлік бизнеспен арадағы бәсекелестік күшейе түсуі мүмкін. Әзірше Ресей онда жеткізіп жатқан жұмсақ бидай көлемі мардымсыз деуге тұрарлық (2021 жылы бар болғаны 54,3 мың тонна). Бірақ географиялық жақындық әрі РФ экономикасының Қытайға қарай бет бұруы мұндай ықтималдықты жоққа шығармайтындай көрінеді.

Әртүрлі дистилляттар – есепті кезеңде бидайдан кейін елеулі көлемде шығынға ұшыраған өнімнің бірі. Кірістің 151,3 млн долларға төмендеуіне «әртүрлі дистилляттар» санатында (сыртқы экономикалық қызметтегі тауар номенклатурасы 271019) ең көп кіріс көзін құрайтын мазут жеткізілімдерінің төмендеуі себеп болған (алдыңғы үш жылда – 85%-дан астам деңгейде). ҚР ресми статистикасында тіркелгендей, ішкі нарықта мазут өндіру үштен бірге дейінгі шамада төмендеп кеткен: 869,8 мың тоннадан (2023 жылдың І тоқсанындағы) 599,6 мың тоннаға дейін (2024 жылдың І тоқсанында). ҚР энергетика министрлігі мұны битум өндіру басымдығымен түсіндіреді. Ішкі өндірістің төмендеуі сыртқы нарықтарға мазут жеткізу көрсеткіштеріне де әсер етпей қойған жоқ. 2024 жылдың І тоқсанында сыртқа 445,6 мың тонна мазут жөнелтілген (160,8 млн долларға), ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде жөнелтілген ауқым 631,9 мың тонна болатын (280 млн долларға). 

Ал уран компаниялары болса 150,7 млн доллардан қағылған. Бірақ бұл сала ішіндегі оқиғаларға қатысты емес. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы 2024 жылдың І тоқсанындағы операциялық нәтижелер бойынша есебін мәлім етті, онда жалпы өндіріс 7%-ға өсті деп көрсетілген, әйтсе де, компаниялар тобы бойынша сатылымдар 55%-ға төмендеп кеткен. Тоқсандық сатылымдар көлемі жылдан жылға өзгеріп отыруы мүмкін, өйткені олар клиенттердің сұранысы мен өнім жеткізу мерзіміне тікелей тәуелді. Айта кету керек, «Қазатомөнеркәсіптің» барлық кәсіпорындары бойынша орташа сату бағасы үштен бірге дейінгі шамада өскен.

Сонымен, қорытындылап айтар болсақ, алты позиция бойынша жалпылай шығын есепті кезеңде 627,3 млн долларға жеткен. Ал экспорттық негізгі топ-10 өнім қатарында есепті кезеңді плюспен аяқтаған төрт позиция бойынша өсім көрсеткіші 1,1 млрд долларды құраған. 2024 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша жиынтық экспорт 1,9%-ға төмендегенін ескерсек (– 360 млн доллар), негізгі шығындарды топ-10 құрамынан тыс өнімдер құраған деп түйіндеуге толық негіз бар.

Осының нәтижесінде тауарлар концентрациясы арта түскен. Егер 2023 жылдың І тоқсанында топ-10 өнімдерінің шоғырлануы 73,7% болса, биылғы жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша шоғырлану үлесі – 76,5%.

Қарқындап өскен он өнім

Өз шолуларында Kursiv Research ел ішіндегі экономикалық процестерді ашып көрсету мақсатында экспорттық позициялардың ішінде қарқындап өсіп жатқан топ-10 өнімнің тізімін жасаған болатын. Тауарлардың бұл тобы Қазақстанның экспорттық қызметіндегі жүйелік жетістіктер мен сәтсіздіктерді айқындап беретін өзіндік қосымша көрсеткіш болуы мүмкін әрі бұл топ экспорттың болашақ чемпиондарын анықтауға да септік етуі тиіс.

Экспорт тізімінде қарқындап өсіп жатқан баптарды анықтау үшін есепті кезеңде құндық өлшемі 25 млн доллардан асатын позициялар есепке алынып, олар өткен жылдың көрсеткішіне бөлінеді. 25 млн долларға дейінгі шектеу талдау аясынан тұрақсыз келісімшарттарды алып тастауға мүмкіндік береді.

Ал бұл тізімдегі экспорттық тауарлар тобын өсу қарқынындағы ерекшеліктеріне қарай былайша жайғастыруға болады: қоспасыз алюминий (+542%; 149,4 млн долларға дейін), жем түрлері (+211%; 34,3 млн долларға дейін), ұшақтар және бос жабдықты құрылғы салмағы 15 тоннадан асатын ұшу аппараттары (+205%; 64,7 млн долларға дейін), минералды және газдалған сулар (+145%; 48,9 млн долларға дейін), байытылған темір кендері және концентраттары (+94%; 140,1 млн долларға дейін), полипропилен (+80%; 28,5 млн долларға дейін), сера (+76%; 84,2 млн долларға дейін), тазартылған қорғасын (+63%; 41,1 млн долларға дейін). 

Батыс және Шығыс

Экспорттың өнімдік құрылымын сарапқа салу үшін Kursiv Research негізгі төрт бағытты анықтап бекітті, олар: ЕО-27, ЕЭО және Орталық Азия елдері мен Қытай.

Қазақстан экспортының Еуроодақ бағытындағы негізгі өнімдері шикі мұнай, газ және мұнай өнімдері екендігін ескерсек, бұл тұрғыдағы көрсеткіштерді сарапқа салып, талдау қиынға соққан жоқ. Яғни, көмірсутегі өнімдерін өндіруді арттырып, ұлғайту немесе мұнайдың қымбаттауы бірден экспорттық түсімнің артуына алып келеді деген сөз (немесе керісінше жағдай).

2024 жылдың І тоқсанында ЕО-27 елдеріне бағытталған экспорт көрсеткіші 8,6 млрд долларға дейін өскен (+10%), оның ішінде шикі мұнайдың үлесі  90,8%. Есепті кезең аясында еуроаймақ елдері қазақ мұнайын сатып алу көлемін 1,6 млн тоннаға дейін арттырған. Айта кету керек, Еуропа бағытындағы қазақ мұнайының бағасы ептеп арзандап кеткеніне қарамастан, 2023 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда ел экономикасына 895,7 млн долларға жоғары кіріс түсті.

ҚХР бағытындағы тауар экспорты 22,7% қосып, 3,2 млрд долларға дейін өсті. Бұл өсім, ең алдымен, шикі мұнай жеткізу (+59,6%; 958,1 млн долларға дейін), тазартылған мыс катодтарын жеткізу (+96,8%; 675,1 млн долларға дейін), жоғары көміртекті феррохром жеткізу (+64,3 %; 252,4 млн долларға дейін), байытылған темір кендері мен концентраттарын (+18,9%; 78 млн долларға дейін), отын элементтерін (69,6 млн долларға дейін), байытылмаған темір кендері мен концентраттарын (+70,1%; 65,6 млн долларға дейін), салмағы 99,99% немесе одан да көп мырышты құрайтын қоспасыз мырыш (+131,5%; 44,8 млн долларға дейін) жеткізуді ұлғайту есебінен мүмкін болды.

Топ-10 құрамындағы үш позиция бойынша түсім қысқарып кетті: мыс кендері мен концентраттары (–5,8%; 568,2 млн долларға дейін), табиғи газ (–52,5%; 71,9 млн долларға дейін), бағалы металдар кені мен концентраттары (–48,3%; 41,9 млн долларға дейін) бойынша. 

Егер Қытай бағытында мейлінше қарқындап өсіп жатқан экспорт өнімдерінің құрылымын қарастырар болсақ (жекелеген бағыттар бойынша шектеулі сома 10 млн долларды құрайды), олардың арасында қатты бидай мен мақта талшықтарын жеткізу көрсеткіштері бірден көзге түседі.

Бұл екі өнім де Қазақстанға бұрыннан жақсы табыс әкелуде. 2020 жылдан бері қатты бидайдың экспорттық кірісі жылына 1 млрд доллардан асты. Мақта талшығын жеткізуден түскен кіріс 2023 жылы рекордтық деңгейге, яғни 135,1 млн долларға жетті.

Қытай бағытындағы тауарлардың бұлайша қарқындап өсуіне жеткізілімдерді қайта бағыттау септік етуде. Айталық, Қытайға қатты бидай жөнелтуді арттыру бұл өнімнің Өзбекстан бағытындағы көлемінің қысқаруына байланысты орын алды. Ал мақта талшығы ауқымының бір бөлігі түрік нарығы есебінен қайта бағытталды. Осы арада айта кетсек, 2023 жылдың І тоқсанында қазақстандық мақта талшығы көлемінің жартысынан астамын сатып алған түрік нарығы 2024 жылдың І тоқсанында бұл ауқымның үштен біріне ғана қызығушылық танытқан.

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құрамындағы төрт ел бойынша да экспорттың төмендеуі байқалуда: РФ бағытындағы жеткізілімдер 25,5%-ға қысқарған (1,8 млрд долларға дейін), Қырғызстанға – 4,3%-ға (250,6 млн долларға дейін), Беларусь бағытында 31,8%-ға (29,4 млн долларға дейін), ал Арменияға – 9,6%-ға қысқарды (3,2 млн долларға дейін). 

Айтпақшы, ЕЭО бағытындағы отандық экспорттың 87%-ын иемденіп отырған Ресей Қазақстаннан алатын экспорт өнімдерінің жеткізілімін топ-10 өнім құрамындағы сегіз позиция есебінен арттырып отыр. Атап айтсақ, олар: алюминий тотығы (+39,5%; 78,7 млн долларға дейін), байытылған темір рудалары мен концентраттары (+828%; 62 млн долларға дейін), мырышталған тегіс прокат бұйымдары (+3,9%; 60,4 млн долларға дейін), байытылмаған темір рудалары мен концентраттары (+32,1%; 48,2 млн долларға дейін), электр энергиясын өндіруші қондырғылар (+6064%; 40 млн долларға дейін), қалыңдығы 3 мм астам суықтай илектелген тегіс прокат бұйымдары (+1,9%; 47,8 млн  долларға дейін), мыс кендері мен концентраттары (+45,7%; 43,1 млн долларға дейін) және салмағы 99,99% немесе одан да көп мырышты құрайтын қоспасыз мырыш (+243,9%; 36,5 млн долларға дейін).

Сәйкесінше минусқа шыққан екі позиция төмендегідей: уран (–42,3%; 195,6 млн долларға дейін) және қалыңдығы 10 мм астам ыстықтай илектелген тегіс прокат бұйымдары (–34,6%; 58 млн долларға дейін).

Экспорт бойынша басқа да негізгі серіктестермен салыстырғанда ресейлік бағыт ең төмен тауар концентрациясына ие. Қазақстандық ең ірі он өнімді экспорттау көрсеткішінде РФ үлесі бар болғаны 36,9% ғана.

Орталық Азия бойынша еліміздің басты сауда серіктесі Өзбекстан бағытындағы негізгі он өнімнің жеткізілім үлесі 52,2%-ды құрайды. Бірақ бұл тұрғыда да төмендеу бар, әсіресе, төрт позиция бойынша. 2024 жылдың І тоқсанында жылдар бойы оңтүстіктегі жетекші позицияны иеленген Өзбекстан тарапынан жұмсақ бидай сатып алу көрсеткішіндегі құлдырау әрі қарай жалғасуда. Есепті кезеңде аталған өнімді жеткізу 41,7%-ға (138 млн долларға дейін) азайып кеткен. Сондай-ақ, мыс кендері мен концентраттарын жеткізу (–32,1%-ға; 33,7 млн долларға дейін), ұн жеткізу (–10,1%-ға; 31,1 млн долларға дейін) және қалыңдығы 3 мм жетпейтін ыстықтай илектелген тегіс прокат бұйымдарын жеткізу (–5,3%-ға; 12,6 млн долларға дейін) көрсеткіштері де қысқара түскен.

Бірақ осымен бір мезетте шикідей өсімдік және сафлор (мақсары) майларын жеткізу (+35,2%; 28,7 млн долларға дейін), дайын етіп кесілген тік бұрышты (оның ішінде төрт бұрышты да) болат қиындыларын жеткізу (+9,9%; 27,3 млн долларға дейін), минералды және газдалмаған сулар (+535,7%; 24,1 млн долларға дейін) мен әртүрлі дистиллятар жеткізу (+737,5%; 24,9 млн долларға дейін), дайын етіп кесілген тік бұрышты (төрт бұрыштыдан басқалары) болат қиындыларын (+22,2%; 13,4 млн долларға дейін), картоп түрлерін жеткізу (+139,9%; 12,8 млн долларға дейін) ұлғайып өскен.

Қарқындап өсіп жатқан экспорт өнімдері арасында (есепті кезеңде жеткізілім көлемі 10 млн доллардан астам) үш позиция ерекше көзге түседі. Қанттың қатты түрін жөнелту көрсеткіші бастапқы нөлдік позициядан 11,2 млн долларға дейін жеткен, сондай-ақ қоңыр көмір (+175%; 11,9 млн долларға дейін), күнбағыс пен сафлор (мақсары) майларының фракцияларын жеткізу (+58%; 10,1 млн долларға дейін) көрсеткіштері де әдәуір өскен.

Айта кетейік, «2024 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша экспорт картасын» жариялар тұста мемлекеттік органдар еліміздің сыртқы саудасына қатысты ағымдағы жылдың алғашқы төрт айындағы статисткалық мәліметтерді жаңартқаны белгілі болды. Kursiv Research алдыңғы шолуларға қатысты (оларда есепті кезең ретінде бір тоқсан мен толық бір жыл алынған-тын) салыстырмалық қағидаттарды сақтау мақсатында сараптамалық материалын 2024 жылдың І тоқсанының қорытындылары бойынша ҚР экспорттық қызметіндегі негізгі трендетрді талдай отырып жариялағанды жөн көрді.

Айтпақшы, аталған шолуда есепке алынған негізгі тенденция 2024 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында да жалғаса берді. Экспорттық жиынтық түсім 2%-ға қысқарды (25,2 млрд долларға дейін), ал осы тұста мұнай жеткізуден түскен ақша ағыны 3,5%-ға өскені белгілі болды (14,6 млрд долларға дейін).
 

Сондай-ақ оқыңыз