Қазақстан Қырғызстанға құны өте қымбат радиофармацевтикалық препараттарды жеткізе бастады

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан Қырғызстанға радиофармацевтикалық препараттарды жеткізе бастады /фото atomvestnik.ru

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастық аясында Қазақстан Қырғызстанға радиофармацевтикалық препараттарды жеткізе бастады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

15 маусымда ҚР Ядролық физика институты Қырғыз Республикасына қатерлі ісік пен жүрек ауруларын диагностикалау үшін қолданылатын молибден-99/технеций-99 генераторын жеткізді.

Технецийді мамандар арнайы құрал-жабдықпен өндіреді. Адамның сау жасушалары мен тіндеріне радиацияның әлсіз сәулесін түсіру арқылы технеций сүйек тіні, қалқанша безі, бауыр, бүйрек және лимфа жүйесінің қатерлі ісігін диагностикалау үшін қолданылады.

Технеций-99-ды арнайы молибден-99 изотопы бар генераторларда дайындайды. Генератор – кішкентай қорғасыннан жасалған цилиндрлік контейнер. Ішінде шыны хроматографиялық баған болады. Ыдырау нәтижесінде молибден-99-дан технеций-99м түзіледі. Дүние жүзінде молибден-99-ды әзірлеу үшін уран-235 бөлшектерін пайдаланады.

Былтыр Астанада Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен АЭХА бас директоры Рафаэль Гросси 2023-2028 жылдарға арналған Елдік бағдарламаны жүзеге асыруға келісті.

Бағдарламада төрт басым бағыт бар:

  • атом энергетикасы инфрақұрылымы;
  • ядролық және радиациялық қауіпсіздік;
  •  азық-түлік қауіпсіздігі;
  •  ядролық медицина.

Қырғызстан үшін радиофармацевтикалық препараттарды жеткізу аса маңызды болып есептелінеді.

Ядролық физика институты – радиофармацевтикалық препараттарды өндіру процесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын GMP сертификаты бар Қазақстандағы жалғыз ұйым. Институт елдегі дәл осындай препараттардың 75%-ға жуығын өндіреді. Алматы, Шымкент және Семей қалаларының медициналық мекемелерін қамтамасыз етіп отыр.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 26%-ға артып, 1,6 млрд долларға жетті. Қазақстандық экспорттың үлесі 69% немесе 1,1 млрд долларды құрайды (өсім 35,8%). Импорт – 495,2 млн доллар (өсім 9%).

Қырғызстан парламенті үшінші оқылымда уран кен орындарын игеруге мораторий күшін жою туралы заңды қабылдады. Қырғызстан Премьер-Министрі Ақылбек Жапаров құжат бірінші кезекте уран мен торий кен орындарын емес, титаногнетит кен орындарын игеруге бағытталғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз