Экономика жаңалықтарын жібермей қарап отыратындар бұл саладағы терминдермен жақсы таныс. Олар күн сайын «фьючерс» деген сөзді мақалалардан кездестіріп отырады. Фьючерс — алып-сатуға арналған ең танымал құралдардың бірі. Бірақ әжептәуір қиын әрі күрделі. Сондықтан фьючерс сатумен айналыспас бұрын инвестиция тақырыбын жілігін шағып, майын ішу керек. Әсіресе, енді бастаған инвесторларға ә дегеннен түсінікті бола бермеуі мүмкін. Kursiv Media тілшісі осы бір күрделі терминді қарапайым тілмен түсіндіру үшін нұсқаулық дайындады.
Фьючерс деген не?
Фьючерс — екі инвестордың бір-бірімен активті болашақта келісілген бағамен сатуға не сатып алуға жасаған келісімі. Екі тарап та осы келісімді орындауға тиіс. Фьючерсті биржадан сатып алуға не сатуға болады. Түсінікті болуы үшін мұнай фьючерсін мысалға алып көрейік. Мәселен инвестор жарты жылдан кейін өндірілетін мұнайды сатып алғысы келеді делік. Қазір оның бір баррелі 85 доллар тұрады. Инвестор мұнай шығаратындармен мұнайды осы бағаға жарты жылдан кейін сатып аламын деп келіседі. Фьючерс деген осы. Ал енді осы екі аралықта алты айда кімнің ұтып, кімнің ұтылатыны — мұнай бағасының қалай құбылатынына байланысты. Яғни жарты жылдан кейін нарықтағы мұнай бағасы 85 доллардан қымбаттап кетсе, инвестор пайда көреді. Егер 85 доллардан аз тұратын болса, онда шығарып жатқандарға пайда. Инвестор нарықтағы бағадан қымбатқа сатып алады. Өндіруші болса, фьючерс болмағанда мұнайды қымбатқа сата алмас еді. Қысқаша айтқанда осылай.
Сатуға не сатып алуға келісетін активті негізгі не базалық актив деп атайды. Ол акция, облигация, алтын, индекс не басқа да актив болуы мүмкін. Әдетте фьючерс мерзімі ретінде бірнеше ай алынады. Келісімшарттың аяқталатын уақытын экспирация кезеңі дейді. Болашақта келісім жасайтын бағаны орындайтын баға деп атайды. Инвестор келісімді фьючерспен жасаған кезде инвестордан комиссия ұстайды. Ал шоттан кепілді қамсыздандыратын соманы бұғаттап қалады. Ол кепілдік ретінде жүреді. Инвестор позицияны кез келген уақытта жаба алады. Ол үшін қайтара келісім жасау керек. Яғни фьючерс сатып алсаңыз, сатуыңыз қажет. Сатсаңыз — сатып аласыз. Инвестор позицияны жаппаса, экспирация кезеңінде фьючерс орындалады. Былай қарағанда фьючерс өте түсінікті әрі қарапайым көрінуі мүмкін. Десе де, оның механизмі күрделі. Оған сәл кейінірек тоқталамыз.
Фьючерстің қандай түрлері болады?
Трейдерлердің фьючерсті үйде отырып, компьютер алдынан тұрмастан сата беретініне қарап, базалық актив мұнай баррельдері болған кезде не істейді деп ойлауыңыз мүмкін. Негізі фьючерс дегеніміз үнемі актив сату дегенді білдірмейді. Барлығы фьючерс келісімшартына байланысты. Жеткізетін фьючерс болса, онда келісімшарт орындалады. Яғни фьючерс сататын тарап базалық активті жеткізеді. Айталық, 100 акция сатады. Жеткізетін фьючерсті келісім оңай жасалатын, акция сияқты активтермен рәсімдейді. Сатып алу үшін не сату үшін бірнеше батырманы басса, жетіп жатыр. Ал шикізат тауарларын жеткізуге шығу өте қиын. Сондықтан оларға фьючерс жоқтың қасы.
Жеткізетін фьючерсті экспирация кезеңінің ертеңіне жасайды. Егер фьючерс алатын адамда актив сатып алуға ақша болмаса немесе сатушының жеткізуге ақшасы болмаса, онда брокер қарызға пайызбен ақша береді. Есеп айырысу фьючерсі кезінде активті ешкім жеткізбейді. Брокер соңғы қаржы нәтижесін есептейді де, ақша салады не алады. Мәселен сіз 300 000 теңгеге фьючерс сатып алып, экспирация кезеңінде бағасы 330 000 теңге болып кетсе, брокер сізге 30 000 теңге өтемақы береді. Есеп айырысатын фьючерсті активтің кез келген түріне рәсімдей береді. Әдетте биржадағы фьючерстің біразы есеп айырысатын болып келеді. Оны экспирация кезеңі болған күні кешкісін орындайды. Фьючерстің қай түрі екенін білу үшін сипаттамасын қарап шығыңыз.
Фьючерс бағасы, орындау бағасы мен базалық актив бағасының арасында қандай байланысы бар?
Фьючерс басқа да қаржы құралдары секілді биржада сатылады. Мысалы сіз мұнай фьючерсін үш айдан кейін жеткізетін қылып 2024 жылдың қыркүйегіне ала аласыз. Сөйтіп оны сатып алған соң үш аптадан кейін не тіпті экспирация кезеңіне екі күн қалғанда сатып жіберсеңіз болады. Биржадағы фьючерс бағасын қашан да нарық белгілейді. Бұл құралға сұраныстың қандай болуына, инвесторлардың не күтетіне және базалық актив бағасына байланысты. Базалық актив биржада сатылады. Бағасы өзгерген кезде фьючерс бағасы да өзгереді. Әдетте фьючерс бағасы активке қарағанда сәл қымбаттау болады. Бірақ кейде керісінше де болуы мүмкін. Көбіне экспирация кезеңіне дейін уақыт ұзақ болған сайын фьючерс бағасы мен базалық актив бағасының арасында айырма көп болады. Экспирация кезеңіне қарай фьючерс пен базалық актив бағасы теңеседі. Бұл уақытта бүгін жеткізетін мұнайды алдыңыз не, фьючерсін алдыңыз не — бірдей боп қалады.
Орындау бағасына келсек, бұл сәл күрделілеу. Бір қарағанда фьючерсті базалық актив бағасын бекітіп қоюға арналған келісімшарт деп қарастырамыз. Яғни тараптар белгілі бір күні, бекітілген бір бағаға сатып алуға не сатуға қатысты келісім жасасады. Биржада барлығы басқаша. Егер инвестор фьючерсті биржадан алса, онда экспирация кезеңінде активті бекітілген бағада ала алмайды. Оның орнына инвестор күн сайын аралық қаржы нәтижесін алып отырады. Ол нәтижені биржа фьючерс бағасы өзгергеніне қарай өзі есептейді.
Инвестордың қолында фьючерс бар кезде сол нәтижелердің есебінен инвестор шығынға батады не пайда көреді. Сол шығын не пайда инвестор болашақта белгіленген фьючерстік бағамен базалық актив алғанмен шамалас болады. Аралық қаржы нәтижесін вариациялық маржа деп атайды. Оның механизмі күрделі. Ол туралы алда айтамыз.
Вариациялық маржа деген не?
Вариациялық маржа деп келісімнің аралық қаржы нәтижесін атайды. Яғни фьючерсті сатқаннан не сатып алғаннан кейінгі нәтиже. Биржада әдетте вариациялық маржа күніне екі рет — клириң яғни техникалық үзіліс кезінде есептеледі. Бұл маржаны фьючерстің қазіргі бағасы мен алдыңғы клириң не позиция ашылған кездегі бағаның айырмасы деп көрсетеді. Айырмашылығын шоттан ұстап қалады не шотқа салады. Шотыңызға салынған ақшаны не істесеңіз де, өзіңіз білесіз. Айталық, инвестор таңертең акцияларға фьючерс алды делік. Сөйтіп түске таман акция құны өсіп кетті. Оның соңынан фьючерс те өседі. Нәтижесінде биржа вариациялық маржаны төлеп береді. Бірақ кешке қарай фьючерс бағасы түсіп кетсе, биржа осы баға мен алдыңғыны есептейді де, айырмасын инвестор шотынан алып алады. Инвестордың соңында алатын қаржы нәтижесі оған қанша ақша салып, қанша алғанына байланысты.
Есеп айырысу фьючерсі
Есеп айырысу фьючерсі бұдан сәл өзгеше, оңайырақ десек болады. Бұған дейін айтқанымыздай, бұл активтері сатылмайтын фьючерс. Инвестор бар болғаны қаржы нәтижесін алады. Яғни орындау бағасы мен экспирация кезеңіндегі актив бағасының арасындағы айырма. Бұл қаржы нәтижесі жиналған вариациялық маржаға тең болады. Мысалы фьючерс сатып алған кезде 400 000 теңге тұрған болсын. Экспирация кезеңінде бағасы 450 000 теңге болып кетті. Осы уақыт ішінде инвестор 50 000 теңге маржа көрді деген сөз. Активті бағасын келісіп сатып алса да, осындай пайда көрер еді.
Ендігі кезекте жеткізілетін фьючерс механизмін қарастырайық. Жеткізетін механизм деп экспирация кезеңінде сатылатын не сатып алынатын фьючерсті айтады. Мәселен инвестор 500 000 теңгеге фьючерс алды. Экспирация кезеңіне қарай фьючерс 600 000 теңге болып қымбаттап кетті. Есіңізде болса, базалық актив пен фьючерс бағасы экспирация кезеңіне таяғанда теңеседі дедік. Логикаға салсақ, инвестор 500 000 теңгеге актив алуы керек еді. Бірақ шын мәнінде ол активті 600 000 теңгеге алады. Бірақ осы уақыт аралығында инвестор вариациялық маржа алып келді. Оның сомасы 100 000 теңге болды. Ол фьючерс сатып алған кезде келісілген еді. Осылайша жеткізілетін түрінде де, есеп айырысу фьючерсінде де инвестор базалық активті келісілген бағаға алғандағыдай қаржы нәтижесіне ие болады. Дегенмен ол актив сатып алғаннан емес, вариациялық маржа еебінен.
Кепілді қамту қалай жұмыс істейді?
Кепілді қамту — фьючерс сатып алған кезде инвестор шотынан бұғатталатын қаражат. Әдетте кепілді қамту фьючерстің 10-40 пайызына тең болады. Дәл осындай қаражатты екінші тараптан да ұстайды. Келісім жасасу үшін инвестор фьючерстің құнын толық төлемесе болады. Ол 10-40 пайызын берсе жеткілікті. Сондықтан да фьючерсті кредитке сатуға болады деп айтады. Кепілді қамтуға керек сома өзгеріп тұрады. Олай болатын себебі кепілді қамту сомасы фьючерс бағасына байланысты. Ал фьючерс бағасы базалық активтің нарықтағы бағасына байланысты болады. Ол үнемі өзгеріп тұрады. Сөйтіп нәтижесінде кепілді қамту өседі не түседі.
Егер фьючерс бағасы өсіп кетіп, кепілді қамту сомасын жаба алмайтын болса, онда брокер мына екі амалдың бірін жасайды:
- Маржалық позиция ашады. Яғни кредит береді. Ол үшін жабылмаған позицияны ауыстырғаны үшін күнделікті төлем алып отырады. Шотыңызда кепілді қамтуға керек сомадан аз ақша болса, ала береді.
- Болмаса позицияларыңыздың бірін еркіңізден тыс жауып тастайды. Айталық бұрын сатып алған акцияларыңыздың бір бөлігін сатып жіберуі мүмкін. Ол болса, шығынға ұшыратуы ғажап емес.
Сондықтан шотыңызда үнемі кепілді қамтудан артық ақша тұрғаны дұрыс. Ең абзалы — фьючерстің толық бағасы тұрғаны. Болмаса, кепілді қамтудан екі есе көп сома жатсын.
Фьючерс не үшін керек?
Инвесторлар фьючерсті мынадай екі жағдайда қолданады: салымдарын сақтандыруға немесе алып-сату үшін. Тәуекелді сақтандыру принципі былай жұмыс істейді: инвестор келісілген бағаға актив сатып алады. Тіпті нарықтағы көбірек болса да ала береді. Ал сатушы болса, активті сатып алатын адам болмай қалмасын деп алдын алады. Көбіне қор нарығында инвесторлар фьючерсті алып-саты яки спекуляция үшін қолданады. Базалық актив бағасы өсіп кететі деп ойласа, инвестор фьючерс сатып алады. Егер баға өсіп жатса, инвестор активті нарықтағы бағадан арзанға алады да, содан пайда көреді. Мысалы «ҚазМұнайГаз» акциясы 18 000 теңге тұрады делік. Инвестор 1 800 000 теңгеге үш айға 100 акция алады. Осы уақытта акция бағасы 20 000 теңге болып өсті. Демек, фьючерс те 2 000 000 теңге болып қымбаттайды. Осы арада инвестор 200 000 теңге табыс табады.
Фьючерсті қалай сатуға болады?
Фьючерс сатып алу үшін брокер таңдау керек. Одан соң шот ашып, тесттен өтіп, фьючерс таңдап, келісім жасасасыз. Қазір брокер өте көп. Оның ішінде сенімдісін таңдап алу маңызды. Брокерсіз сауда жасай алмайсыз. Себебі биржалар инвесторлармен тікелей жұмыс істемейді. Шотты брокердің сайтынан немесе мобайл қолданбадан ашуға болады. Ол үшін өзіңіз жайлы деректерді, атап айтқанда аты-жөніңізді, телефон нөміріңіз бен ЖСН енгізу керек.
Фьючерс келісімін жасағыңыз келсе, қолданба немесе сайтты тестілеу өтуге ұсыныс шығады. Әр брокердің өз тесті бар. Көпшілігі алдымен оқуыңыз керегін айтады. Фьючерс таңдағанда бәрі сіздің не күтетініңізге және қандай активтермен келісім жасағыңыз келетіні маңызды. Мысалы сіз «ҚазМұнайГаз» акциясының бағасы өседі деп ойласаңыз, онда оларды сатып алатын фьючерс іздеуіңіз керек. Ондай көп болуы мүмкін: экспирация кезеңі де, шарттары да әр түрлі болады. Фьючерс сатып алу үшін брокердің кабинетіне кіріп, бірнеше батырманы бассаңыз жетіп жатыр. «Сатып алу» деп басқан соң сізден комиссия ұстайды. Ал шотыңыздан кепілді қамту сомасын бұғаттайды. Сату мәселесі де оп-оңай. Есеп айырысуға арналған фьючерсте оны сату үшін базалық актив сатып алу міндетті емес. Ал жеткізілетін фьючерсте сізде актив не шотыңызда болашақта келісім жасауға жететіндей қаражат болуы міндетті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні
- Фьючерс — екі инвестордың бір-бірімен активті болашақта келісілген бағамен сатуға не сатып алуға жасаған келісімі. Оларды сақтандыру мақсатында немесе алып-сату үшін қолданады.
- Фьючерспен жұмыс былайша жүзеге асады: инвестор оларды толық емес бағасына сатады не сатып алады. Оның шотынан кепілді қамту бағасын бұғаттап қояды. Одан соң биржа күн сайын ақшаны алып отырады не салып отырады. Ол актив бағасының қалай өзгергеніне байланысты. Фьючерс бағасы да дәл солай.
- Фьючерсті екі жолмен орындауға болады. Егер есеп айырысатын фьючерс болса, биржа қорытынды есеп жасайды. Ал жеткізілетін фьючерс болса, онда бір тарап актив жеткізеді, екіншісі оны сатып алады.
- Фьючерсті сату үшін брокердің сынағынан өту керек. Оларды сатып алу үшін не сату үшін сайт немесе мобайл қолданбада бір батырманы бассаңыз жеткілікті.