Қазақстан қатты бидай өнімін Еуропаға экспорттайды. Десе де еліміздің астығы Ресей бидайымен бәсекеге түсе алмай отыр. Бұл жайында Ауыл шаруашылғы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Ведомство басшысы атап өткендей, Қазақстан дәстүрлі сату нарықтарын сақтап келеді. Бұл – негізінен Орталық Азия елдері.
Министр Қазақстан астық жөнелтетін нарықтарынан айырылып жатыр деген пікірге қатысты да жауап берді.
«Иә, мойындау керек, бәсекеге түсу қиынға түсіп отыр. Ресей бидайы қазақстандықпен салыстырғанда арзанырақ. Өйткені біздегі өзіндік құнымыз жоғары, ал өнімділік төмен», – деді Айдарбек Сапаров Мәжіліс кулуарында.
Айдарбек Сапаров биыл Президент тапсырмасымен көктемгі дала жұмыстарына қосымша 400 млрд теңге бөлінгенін мәлім етті. Бұған қоса, егін егуге өткен жылдардағыдай 180 миллиард теңге бөлінгенін еске салды. Жалпы алғанда бұл жұмыстарға биыл барлығы 580 млрд теңге жұмсалды. Министр бұл қаржы фермерлердің агротехнологиялар кешенін толық сақтауына бағытталатынын айтады.
«Бұл минералды тыңайтқыштарды енгізу, тұқымдарды жаңарту, яғни кем дегенде үшінші класты жоғары сапалы тұқыммен жұмыс істеу және жоғары сапалы пестицидтерді қолдану», – деп түсіндірді министр.
Сапаровтың айтуынша, бұған дейін фермерлерге қаржы жетпейтін. Өйткені қаржыландырудың басым бөлігі тұқымға, содан кейін жанар-жағармайға және жұмысшылардың жалақысына жұмсалатын. Министр қосымша қаржы астықтың сапасын жақсартып қана қоймай, гектарына 5-7 центнерден өнім алуға мүмкіндік беретініне сенімді.
Қазақстанда қанша егістік жер су астында қалды?
Еске салсақ, бұған дейін АШМ су тасқыны болған өңірлерде маңызы бар ауылшаруашылық нысандары, егістік және жайылымдық жерлер, бау-бақша алқаптары мен жылыжай кешендері су астында қалғанын мәлімдеді. Өңірлерде тұқым қоймаларын да су басып, 120 мың тонна тұқымдық дақылдар бұзылған.
Министрлік мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында су тасқыны жағдайының нәтижесінде жалпы 4,9 мың гектарға жуық күздік дақылдар алқаптарын және Бәйтерек ауданында «Алтын болашақ» шаруа қожалығының 1 гектар жылыжай кешенін су басқан. Ал егіннің отаны саналатын Солтүстік Қазақстан облысында 2,7 мың гектар егістік алқапты су басу фактісі анықталған. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің хабарлауынша, судың кетуіне қарай егіс алқаптарында тиісті жұмыстар атқарыла бастаған. Сонымен бірге Ақтөбе мен Қостанай облыстарында тұқым сақталатын қоймаларды су басқан. Нәтижесінде 120 тонна тұқым бүлінген. Ақтөбеде – 80 тонна, Қостанайда – 40 тонна тұқым су астында қалып қойған.
Министрлік су тасқынына байланысты жем-шөп тапшылығы туындамайтынын, ұн бағасы өспейтінін мәлімдеді. Себебі алдыңғы жылы қажетті қор жиналған.
Әлемде бидай бағасы неге қымбаттап жатыр?
Айта кетейік, әлемде бидай бағасы қымбаттап жатыр. Бағаның өсуіне Ресейде мамыр айында жүріп өткен аяз себеп болған. Bloomberg мәліметінше, Чикаго тауар биржасында астық фьючерстері 2023 жылдың тамызынан бергі ең жоғары деңгейге жеткен. Сарапшылар алдағы маусымда бидай өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 6 %-ға төмендеуі мүмкін деп болжайды. Оған құрғақшылық пен ауа райының қалыпты салқындығы әсер етеді.