Шегірткеден шығын келген жоқ – Ауыл шаруашылығы министрі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Шегірткеден айтарлықтай шығын келмеген/ Коллаж: архив kursiv.media

Елімізде шегірткенің зардабын есептейтін әдістеме жоқ десе де шегірткеден шаруаларға шығын келмеді. Осылай деп сендірген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде шегірткеге қарсы күрес қалай жүргізіліп жатқанын және оған бюджеттен қанша қаржы кетіп жатқанын түсіндіріп берді.

Шегіртке 2,5 миллион гектар жерге жайылып кетті

Министр сөзінше, осы уақытқа дейін шегірткеден айтарлықтай шығын келмеген.  

«Оңтүстік Қазақстанда (шегіртке) таралды. Жалпы жағдайды, бау-бақшаны да көрдік. Алайда біз шегірткелерді уақытында залалсыздандырып үлгердік. Шаруаларға жеңілдетілген несиені 5%-бен беруге дайын екенімізді де айттық», – деді Айдарбек Сапаров Мәжілістегі Үкімет сағатынан соң.

Сондай-ақ биыл шегірткеге қарсы күреске мемлекеттен қомақты қаржы бөлінгенін жеткізді. Мәселен, өткен жылы шегіртке 1,5 миллион гектарға таралса, биыл зиянкеске қарсы дәріні кеш алғандықтан, жәндіктер 2,5 миллион гектар жерге жайылып кеткен.

«Бұған бекітілген бюджетте 4,2 млрд теңге болды. Премьер-министрге рақмет айтамыз. Себебі ол бізге қосымша тағы 3,9 млрд теңге бөлді. Сондықтан бүгін де қаражат пен (шегірткеге қарсы) препарат жеткілікті. Шегірткемен күресу үшін  427 техника, 36 ұшақ, 30-ға жуық дельтаплан жұмылдырылды. Залалсыздандыру жұмысы кешкі сағат 7-ден басталады. Бұл – жұмыс өте ауыр. Ол күндіз істелмейді, себебі нәтиже болмайды. Жалпы (шегіртке) бір ауылға кіріп кетті, айтарлықтай шығын келді деген дерек болған жоқ. Біз бекітілген жоспар бойынша уақытында жұмыс істеп жатырмыз», – деді Сапаров Мәжіліс кулуарында.

Ведомство басшысы шекаралас аймақтарда шегірткенің таралу қаупі жоғары екенін айтады. Өзбекстан тарапынан қауіп төнгенін жасырмады.

«Шекара жақтан туындаған мәселелер болды. Жалпы Қазақстанның ішін (шегірткеден) тазартып жатырмыз. Өзбекстан жағынан қауіп болған. Ол жақтағы министрмен өзім сөйлестім. Шекара маңында техниканы орналастырдық. Алайда 2 жерде шегіртке таралды, ол мәселені шештік»,- деп түсіндірді Министр.

Ресей тарапы шегірткені улау жұмыстарын жүргізді ме?

Сапаров Ақтөбе облысындағы жағдайға тоқталды. Шегірткені улау жұмыстарында көршілес Ресеймен қандай келіссөз жүргізілгенін айтты.

«Мен РФ вице-премьері Дмитрий Патрушев, РФ Ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лутқа хат жазып, телефон арқылы сөйлестім. Оренбург облысынан біз жаққа шегірткелер таралды. Себебі онда авиация жұмыс істемеді. Мен шекара жаққа бардым. Олармен (ресейлік тараппен) кездесіп, бәрін түсіндірдім. Сондықтан олар техниканы күшейтіп, 3-4 күн ішінде  жұмысқа қатты кірісті. Менің ойымша, сол жақты бақылауда ұстау қажет», – деді министр.

Министр шегірткеге қарсы себілетін дәрінің тиімділігі қанша деген сұраққа да жауап берді. Айтуынша, зиянкестердің 90%-ы препараттардың әсерінен қырылған. Десе де министрдің айтуынша, елімізде шегірткенің зардабын есептейтін әдістеме әзірге жоқ.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресеймен шекара аймақтарда 104 км қашықтықта шегірткеге қарсы өңдеу жүргізді. Орынбор облысының ауыл шаруашылығы вице-министрі облыста Ресей-Қазақстан шекарасы бойымен 22 мың га – 10 км жер өңделгенін атап өтті. 12 техника жұмыс істеді, 20 маусымнан бастап тағы 12 техника тартылды.

Ал, Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес аяқталды. 340 мыңнан астам гектар жер өңделгені мәлім болды. Бұған дейін зиянкес 271,5 мың гектар жерге таралады деп есептелінген. Ақтөбе облысында 414 мың га, Қостанай облысында 140 мың га жерге пестицидтер себілді.

Сондай-ақ осыған дейін Қазақстан, Ресей, Қытай және Орта Азия елдері шегірткелердің таралып кетпеуін қадағалау мақсатында шекара маңында зерттеу жүргізетіні жайлы хабарлаған едік. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков болса, Қазақстанда егінді ақбөкен мен шегірткеден сақтандыру мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз