Жаңалықтар

Amazon ChatGPT-ге бәсекелес болатын жүйе әзірлеуде

Amazon OpenAI жасаған ChatGPT-ден асып түсетін Metis деп аталатын чат-бот әзірлеуде \ Фото: Reuters/Steve Marcus

Amazon түрлі сұрақтарға жауап беретін, ақпарат көздеріне сілтейтін, сондай-ақ суреттер жасап, «ақылды үйді» басқара алатын жасанды интеллект (ЖИ) чат-ботын әзірлеп бітуге жақын. Бұл чат-ботты Alexa атты дауыстық көмекшінің жаңартылған нұсқасымен бірге күзде таныстыруы мүмкін деп жазады Business Insider.

Толығырақ

Business Insider басылымы жобамен таныс дереккөздерге және қолда бар қызметтік құжатқа сілтеме жасап, қыркүйек айында Amazon компаниясы пайдаланушыларға жаңа чат-бот (оның компания ішіндегі жасырын атауы − Metis) ұсынуы мүмкін деп хабарлады.

Жаңа сервисті, өзге ЖИ көмекшілерін қолданғандай, веб-браузерден ашып қолдануға болады. Metis Amazon-ның Olympus атты ішкі ЖИ моделі негізінде жұмыс істейді, Olympus дегеніміз – жалпыға қолжетімді Titan моделінің әлдеқайда қуатты нұсқасы.

Қарапайым үлгідегі Metis мәтін мен сурет негізінде «ақылды біреумен» сөйлескендегідей жауап береді. Ол сондай-ақ жауаптарының дереккөзіне сілтей алады, қосымша сұраулар ұсынып, суреттер жасайды, акциялар бағамы сияқты маңызды мәліметтерді хабарлап, алуан түрлі саяхат маршруттарын құрастырып, билет брондай алады. Бұған қоса, Metis «ақылды үй» жүйелерін басқаруы керек. Демек, жаңа көмекшінің функциялары OpenAI жасаған ChatGPT-дікінен көп болмақ.

Amazon өкілі басылымға түсініктеме беруден бас тартты.

Контекст

Amazon Metis өнімі арқылы бәсекелестер көп үлкен нарыққа шықпақ. Microsoft пен Google өз ЖИ көмекшілерін шамамен екі жыл бұрын іске қосқан, ал OpenAI компаниясы нарықта көш бастап тұрған ChatGPT-ге миллиардтаған доллар инвестиция салып келеді. Бұл салада өз ЖИ чат-боттары мен көмекшілерін ұсынған компаниялар қатарында Anthropic және басқа да бірқатар стартап бар. Business Insider жазғандай, Amazon ЖИ жарысына енді ғана қосылуға тырысып жатыр. Оның Titan атты моделі бәсекелестерінен осалдау, корпоративтік клиенттерге арналған Amazon Q чат-ботын да мақтағандар көп емес.

Өткен аптада белгілі болғандай, Amazon Alexa атты ЖИ көмекшісін жаңартуды қолға алған, ол функционалы бойынша Apple-дің жаңа Siri-іне ұқсайды. Жобаға «Керемет Alexa» деп ат қойып, қыркүйек айында таныстырмақ.

Amazon-ның бас директоры Энди Ясси компания ЖИ саласындағы бастамалары арқасында жылына 1 миллиардтан доллардан астам табыс табады және алдағы бірнеше жылдағы сатылым көлемі «ондаған миллиард долларға» жетеді деп уәде етті.

Акция жайы

Дүйсенбі күні Нью-Йорктегі саудада Amazon котировкалары 1,86%-ға төмендеп, 185,6 долларға жетті. Жыл басынан бері компанияның акциялары 22,1%-ға, ал соңғы 12 айда 45,7%-ға өсті. MarketWatch мәліметтері бойынша, Amazon акцияларын бақылайтын 65 аналитиктің басым көпшілігі оларды сатып алуды ұсынады, тек үшеуі бұрын сатып алған акцияларды портфельде ұстауды жөн көріп отыр. «Сату керек» деп ешкім айтпады. Уолл-стриттің консенсустық бағасы − бір акцияға 221,8 доллар, бұл қазіргі деңгейден 19,5%-ға өсу мүмкіндігін білдіреді.