Bank of America сарапшысы алдағы 12−18 ай ішінде алтын бағасы 3000 долларға дейін өсуі мүмкін деп болжап отыр. Осылай деп болжауға ФРЖ мөлшерлемелерді төмендетуі мүмкін деген тұжырымдар мен геосаяси шиеленістер себеп болды деп жазады Business Insider.
Толығырақ
Bank of America-ның шикізат тауарлары бойынша стратегі Майкл Уидмердің болжамына сай бұл бағалы металдың нарықтағы тартымдылығы арта бермек. Оған инвесторлардың алтынға деген сұранысының артуы, әлемдегі геосаяси шиеленістер, АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемелерді азайту ықтималдығы мен орталық банктердің алтын сатып алып жатқаны сияқты жиынтық факторлар себеп болады. Сөйтіп, алдағы 12−18 айда оның бағасы унциясына 3000 долларға дейін өсуі мүмкін деп хабарлайды Business Insider.
Инвестициялық сұраныс
BofA мәліметі бойынша, 2023 жылы инвесторлардың алтынға деген сұранысы айтарлықтай өскен. Сатып алғандардың 49%-ы − құйма жинап, жеке қорларын толықтырғандар, 43% − орталық банктер. Сонымен қатар SPDR Gold Trust сынды физикалық тұрғыда қамтамасыз етілген ETF активтерінің қысқаруы салдарынан жалпы сұраныстың өсуі баяулады.
«Биржадағы сауда көлемінің ұлғаюы алтынға коммерциялық емес сұраныстың өскенін аңғартып, бағаның да көтерілетінін, сөйтіп нарықтағы тепе-теңдіктің сақталатынын білдіреді», − деп келтіреді Уидмердің сөзін Business Insider.
Орталық банктердің сатып алуы
Дүниежүзілік алтын кеңесінің (WGC) орталық банктер туралы соңғы шолуында монетарлық өкілетті органдардың бағалы металға деген «тәбетінің» қайтпағаны айтылған. Реттеуші органдар 2023 жылы 1037 тонна алтын сатып алған (тарихтағы екінші ең үлкен жылдық сатып алу). Ең жоғарғы көрсеткіш 2022 жылы болған: 1082 тонна сатып алынған.
Орталық банктер арасында жүргізілген сауалнамаға сенсек, олардың 29%-ы келесі жылы алтын қорын ұлғайтуды жоспарлап отыр (бұл – осындай сауалнамалар басталған 2018 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш). Реттеушілердің 83%-ы алтынды халықаралық резервінің бір бөлігі ретінде ұстайды. Ал 88%-ы оны ұзақмерзімді жинақтау әрі инфляциядан сақтану құралы деп атайды.
ФРЖ саясаты
Bank of America болжамына сай, ФРЖ мөлшерлемелерді төмендетіп, 2024 жылдың екінші жартысында және 2025 жылы АҚШ доллары әлсіресе, инвесторлардың алтынды сатып алуы металдың бағасын өсіреді. ФРЖ шенеуніктерінің өзі болса мөлшерлеме биыл бір-ақ рет, ал келесі жылы төрт рет төмендейді деп отыр.
BofA пікірінше, инвесторлардың АҚШ қазынашылық облигациялар нарығына деген наразылығы өссе де, табыстылық артса да, алтын өз деңгейін сақтап қалмақ. Майкл Уидмер қазынашылық облигациялар нарығының өтімділігі мен тұрақтылығы төмендеген жағдайда алтын – «қорғаныс активі» ретіндегі тартымдылығын жоғалтпайды деп жазады. Трежерис табыстылығының күрт өсуі нәтижесінде бастапқыда алтын бағасы арзандауы мүмкін, алайда кейін «тұрақтылық іздеген тараптардың ақша ағыны, шамасы, қайтадан алтын нарығына бет бұрмақ». Сарапшы: «Алтын мен мөлшерлемелер арасындағы көптен бері қалыптасқан кері тәуелділік қазірдің өзінде әлсіреген. Болашақта да осылай қала бермек деп ойлаймыз», − деген қорытындыға келді.