Базалық мөлшерлеме 7,5 пайызға дейін төмендей ме? ЕАДБ экономикалық мүмкіндігімізді қалай бағалайды?

Жарияланды
Қазақстанның экономикалық өсімі 5 пайыз деңгейінде болжанып отыр /коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Қазақстан экономикасының биылғы жәй-күйіне тұшымды шолу жасаған зерттеуін жариялады. Онда елдің экономикалық өсімі 5 пайыз деңгейінде болжанады. Банк сарапшыларының айтуынша, Үкіметтің инвестиция тарту бойынша атқарып жатқан шаралары экономикалық дамудағы анықтаушы фактор болмақ. Ал инфляция 2026 жылдың соңына қарай біршама баяулап, мақсатты дәлізге жақындай түседі деп күтіледі.

2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 3,7 пайызға өсті. Өсімге құрылыс секторы (2,6 пайыздық тармақ) айтарлықтай үлес қосқан. Сарапшылар құрылыс жұмыстарының артуы Астана қаласы мен Жетісу облысында байқалғанын айтады. Қызмет көрсету секторы экономика драйвері санатында қалған. Бірақ оның ЖІӨ-ге қосқан үлесі 1,6 пайыздық тармаққа дейін (бір жыл бұрын 2,9 пайыздық тармақ болған) төмендеген. Мұндай динамика тұтынушылық сұраныстың тұрақталуымен түсіндіріледі.

«Бөлшек сауда көлемі 2024 жылдың бірінші тоқсанында 3,3 пайызға өсті. Өңдеуші өнеркәсіп салаларының (машина жасау және металлургия) арқасында өнеркәсіптік өндіріс шығарылымдары 3,9 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы көрсеткіштері өткен жылдың екінші тоқсанындағы шығынды маусымнан кейін биыл бірінші тоқсанда оң бағытқа бұрылды. Биыл қаңтар-сәуірде экономика қарқыны біраз төмендеп кетті, бұған су тасқыны салдары әсер етті. Үкімет апаттың экономикаға тигізетін кері әсерін өтейтін және өсудің оң динамикасын сақтауға мүмкіндік беретін шаралар қабылдады. 2024 жылдың сәуіріндегі PMI индексі бейтарап деңгейден жоғары болып, жеке сектор белсенділігінің тұрақты өсуін көрсетті, бұл экономикалық өсу перспективасына қатысты оптимизмнің жоғары деңгейін аңғартуы мүмкін», – дейді ЕАДБ сарапшылары.

2024 жылдың мамырында инфляцияның 8,5 пайызға дейін төмендегені белгілі. Сарапшылардың айтуынша, бұған мына факторлар ықпал етті:

  • Тауарлы-шикізаттық нарықтардағы әлемдік бағаның тұрақтануы;
  • Тұтынушылық баға өсімін тежеуге бағытталған ақша-несие саясаты;
  • 2023 жылдың қазанынан бері теңге бағамының нығаюы;
  • Жылдық мәндегі базалық инфляцияның әсері;

Банк өкілдерінің бағамдауынша, егер тұрғын үй коммуналдық қызметтерінің тарифі өспегенде, инфляция бұдан да жедел төмендеуші еді. Азық-түлік бағасының өсімі 2024 жылдың сәуірінде – 6,3 пайызға дейін, азық-түлік емес тауарлар 7,6 пайызға дейін баяулаған. Ал қызмет көрсету секторындағы баға өсімі 13,5 пайызға жылдамдаған.

Ұлттық банк 2024 жылғы бірінші тоқсанда ақша-кредит саясатын жұмсарту циклін жалғастырған еді. 2024 жылдың наурыз айының соңындағы базалық мөлшерлеме 14,75 пайызға дейін төмендетілді (жыл басындағы 15,75 пайыздан).

«Бағаның әлсіреуі сыртқы сектордың қысымы және орташа қатаң ақша жағдайларының әсері жағдайында инфляцияның баяулауына ықпал етті. Сәуір айында реттеуші су тасқыны салдарының инфляцияға әсер ету ауқымына қатысты белгісіздікке байланысты базалық мөлшерлемені 14,75 пайыз деңгейінде сақтай отырып, төмендеу циклін тоқтатты. Мамыр айында су тасқынының Қазақстан экономикасына әсерін бағалай отырып, ҰБ базалық мөлшерлемені 14,5 пайызға дейін төмендетіп, ақша-кредит жағдайын мұқият жеңілдетуді жалғастырды», – деп мәлімдейді ЕАДБ.

Сонымен қатар банк сарапшылары төлем балансының көрсеткіштері жақсарғанын мәлімдейді. Қазіргі операциялар шотының тапшылығы 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 892,5 млн долларға төмендеген (бір жыл бұрынғы 1,6 млрд доллардан). Мұндай динамика тауарлар мен қызметтер балансының оң сальдосының өсімімен және тікелей шетелдік инвесторлар төлейтін кірістің төмендеуімен байланысты. Сауда балансының оң сальдосының кеңеюіне импорттың құндық көлемінің едәуір төмендеуі ықпал еткен (6,9 пайызға, ал экспорт 2,6 пайызға төмендеді). Шетелге азық-түлік, машина мен жабдықтар, химия өнеркәсібі өнімдерін жеткізудің төмендеуі, сондай-ақ энергия ресурстары экспортының өсу қарқынының баяулауы салдарынан экспорттың құндық көлемі қысқарған. Тасымалданатын машина мен құрылғылар көлемінің қысқаруы импорттың азаюына себеп болған.

«2024 жылы қаңтар-наурызда мемлекеттік бюджет 271,3 млн теңге тапшылықпен қалыптасты. Бір жыл бұрын мемлекеттік бюджеттің теріс сальдосы 382,2 млн теңге болған еді. Бюджеттің кіріс бөлігінің 7,6 пайызға ұлғаюы Ұлттық қордан (47,7 пайызға) алынатын трансферт көлемінің артуымен, салықтық емес түсімдерден (46,9 пайызға) және негізгі капиталды сатудан түскен табыспен (1,9 есе) қалыптасты. Бірінші тоқсан қорытындысында бюджетке 2024 жылға жоспарланған Ұлттық қордан алынатын жылдық трансферт көлемінің 40,3 пайызы түсті. Салықтық емес кірістердің өсуі айыппұлдар мен өсімпұлдардың, сондай-ақ басқа да салықтық емес түсімдердің ұлғаюымен қамтамасыз етілген. Мемлекеттік бюджет шығындарының ұлғаюы көбінесе әлеуметтік аударымдар мен қарызға қызмет көрсетуге байланысты шығындардың ұлғаюына байланысты», – деп түсіндіреді сарапшылар.

Банк сарапшыларының мәлімдеуінше, биылғы ЖІӨ өсімі 5 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Өткен жолғы болжаммен салыстырғанда бағалау өзгермеген.

«Біз ел үкіметінің тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша атқарып жатқан шаралары экономика өсімінің катализаторы рөлін атқарады деп болжап отырмыз. 2024 жылы 4,6 трлн теңге сомасына 400 жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асуы өңдеуші салалардағы, ауыл шаруашылығындағы, энергетика, транспорт және қызмет көрсету секторындағы әлеуеттің артуына сеп болады. Аталған секторлардағы белсенділік ауқымының кеңеюі мұнай өндіру саласындағы нөлдік өсімді өтейді. Мұндай динамика ішінара ОПЕК + келісімі шеңберінде Қазақстан қабылдаған міндеттемелермен айқындалатын болады. Бюджет саясаты да экономиканы қолдауға бағытталады. 2025-2026 жылдары Қазақстан ЖІӨ-сі 5,5 пайызды құрайды. Бұған мұнай өндірісі көлемінің өсуі мен оның экспортының оң аймаққа оралуы (ОПЕК+ аясындағы шектеулердің әлсіреуі негізінде) әсер етеді. Сондай-ақ біз күтіліп отырған ақша-несие саясатының жұмсара түсуі экономикалық белсенділік динамикасына азырақ кедергі келтіреді деп күтеміз. Әлеуетті өсудің жоғары деңгейлері жоспарланған құрылымдық реформаларды жүзеге асыру есебінен қалыптасатын болады», – дейді.

ЕАДБ сарапшыларының бағалауынша, 2024 жылдың соңында инфляция 8,3 пайызға төмендейді. Бұл алдыңғы болжамнан 1,2 пайыздық тармаққа жоғары.

«Мұндай өзгерістің енгізілуіне тұрғын үй коммуналдық қызметі тарифінің өсуі себеп болды. Үкімет мәлімдемесіне сүйенсек, биыл коммуналдық қызметтердің барлық түріне тариф орташа алғанда 20-30 пайызға өседі. 2022 жылдың соңынан бері базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде тежеп ұстау жоғары инфляциялық күтулерді бақылауға алуға мүмкіндік берді деп есептейміз. Бұл өз кезегінде 2024 жылғы инфляцияның төмендеу деңгейін қамтамасыз етеді. Инфляция бойынша мақсатқа 2026 жылдың ортасында қолжеткізілуі мүмкін. Бұған қалыпты қатаң ақша-несие шарттары, инфляциялық күтулердің төмендеуі және сыртқы сектор тарапынан қысымның болмауы ықпал етеді. Сонымен бірге, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге тарифтерді қайта қарау орта мерзімді перспективада инфляцияның тезірек бәсеңдеуіне жол бермейді деп ойлаймыз. Біз Ұлттық банк ақша-несие саясатын жұмсартуда консервативті тәсілді ұстанады деп сенеміз. Инфляцияның болжанған баяулауына қарамастан, мақсатты көрсеткішке қолжеткізу болжамды кезеңнің соңында ғана күтілуде. 2024 жылдың соңында базалық мөлшерлеме бұрынғысынша 13,0 пайыздан жоғары болады. Біз 2026 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлеменің 7,75 пайызға дейін төмендеуін болжап отырмыз», – деп жазылған зерттеуде.

Банк бағалауынша, экспорттан түсетін табыстың азаюы жылдың екінші жартысында теңгенің нығаю үрдісін бұзады. Сарапшылар теңге бағамы биыл шамамен 447 деңгейінде болады деп болжам жасайды. Базалық мөлшерлеме төмендесе теңгелік активтердің тартымдылығы да төмендеуі мүмкін. Бұл ұлттық валютаның қалыпты әлсіреуіне алып келеді. Проинфляциялық тәуекелдер әлі де өзектілігін сақтап тұр дейді сарапшылар. Қызмет көрсету тарифтерінің жедел артуы және азық-түлік бидайымен қамтамасыз етудің нашарлауы тәуекел тудырады. Егер бұл тәуекелдер жүзеге асқан жағдайда базалық мөлшерлеменің төмендеу кеңістігі азая түспек.

«Сауда серіктестері тарапынан экспорттың негізгі позицияларына сұраныстың азаюы және Brent маркалы мұнай бағасының шамамен 60 долларға дейін төмендеуі үлкен тәуекел саналады. Осы тәуекел сценарийі іске асқан жағдайда жоғары ююджеттік шығыстар аясында мұнай жеткізуден түсетін экспорттық кірістердің төмендеуі теңгенің 2024 жыл бойында орташа есеппен 7 пайызға құнсыздануына әкеліп соғады. Бағамдық динамикаға жауап ретінде инфляцияны тежеу қажеттілігі реттеушіден 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін базалық мөлшерлемені 14,75 пайыз деңгейінде ұстап тұруды талап етеді. Таза экспорттың төмендеуі және қатаң ақша-несие шарттарының сақталуы экономикалық өсудің 2024 жылы 3,8 пайызға дейін баяулауына әкеледі. Экономика орта мерзімді перспективада мұнай бағасына 60 доллар деңгейінде бейімделеді, бірақ бұл теңгерімді өсу қарқынына теріс әсер етеді», – деп негізгі тәуекелдерді атап өтеді сарапшылар.

Сондай-ақ оқыңыз