Cаяси қатерлер, Батыс пен Қытай арасындағы сауда соғысы, криптовалюта нарығының құлдырауы

Жарияланды
БАҚ шолуы / Shutterstock

Сарапшылар әлемдік қаржы нарығына төнуі ықтимал үш саяси қатерді атады. Канада Қытай электромобильдеріне баж салығын салуға дайындалып жатқанын ресми түрде растады. Криптовалюта нарығы арнаулы ETF-терге сұраныстың саябырсып, ФРЖ-ның ақша-несие саясаты қалай өрбитіні белгісіз болып тұрған шақта құлдырап жатыр. Осы және басқа тақырыптар туралы 24 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Macquarie әлемдік қаржы нарығына төнуі ықтимал үш саяси қатерді атады

Алдағы апталарда инвесторлар нарықтарға айтарлықтай әсер етуі мүмкін бірқатар саяси жайтқа тап болады деп жазады Market Watch. Маңызды саяси жайттар деп отырғанымыз: АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден мен осы лауазымға үміткер Дональд Трамп арасында бейсенбі, 27 маусымда, өтетін пікірсайыс, сондай-ақ Франция, Ұлыбритания және Ирандағы сайлау. Осы оқиғалардың нәтижесі әлемдік облигациялар мен валюта нарығына әсер етеді деп санайды Macquarie стратегі Тьерри Визман.

Әдетте АҚШ-та президенттікке үміткерлердің пікірсайысына қарап, сайлау қорытындысын болжап жатады. Бұл іс-шараға жұрттың ерекше назар аударатыны да содан. Қазір Франция қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Президент Эммануэль Макрон бастаған биліктегі ​​партия парламенттегі үстемдігінен айрылуы ықтимал. Ал шынымен айырылатын болса, бұл жайтқа деген нарықтардың реакциясы оң болмайды.

Сауалнама нәтижесіне сенсек, Ұлыбританияның қазіргі премьер-министрі, консерватор Риши Сунак 4 шілдедегі парламентті сайлауда жеңілуі мүмкін. Ал лейбористердің жеңісі британ фунтына нақты қалай әсер ететіні белгісіз.

Жұма, 28 маусымда, Иранда президент сайлауы өтеді. Екінші туры 5 шілдеде өтуі мүмкін. Бұл сайлау елдің сыртқы саяси бағытын өзгерте қоймас, дегенмен кімнің президент болып, экономикалық реформаларды қалай жүргізетіні маңызды-ақ.

Франциядағы әсіре оңшылдар елдің қаржы нарығында елеулі өзгеріс болмайды деп отыр

Марин Ле Пен бастаған партияның бас қаржы қызметкері Жан-Филипп Танги оңшыл радикалдардың билікке келгенде қолға алатын қаржы реформалары Ұлыбританияда премьер-министр Лиз Трасс басшылық еткен кезеңдегідей салдарға әкеп соқтырмайтынын мәлімдеді деп жазады Bloomberg. Еске сала кетсек, Трасс ханым кезінде салық реформасын іске асыратынын хабарлап еді. Инвесторлар салық азаятын болса, мемлекеттік бюджет тапшылығы туындайды деп қауіптеніп, артынша Англияның мемлекеттік облигациялар нарығы құлдыраған болатын.

Танги инвесторларға партияның бюджет тапшылығын ұлғайтпайтынын айтты. Марин Ле Пен сайланған жағдайда, үкімет энергия мен отын сатудан түсетін табысқа салынатын салықты азайтуға 2024 жылы 7 миллиард еуро жұмсауы керек. Оңшылдар бұл қаражатты иммигранттарға арналған шығындар есебінен, сондай-ақ Францияның Еуропалық Одаққа жұмсайтын үлесін қысқартып, кейбір компанияларға берілген салық жеңілдіктерін жою арқылы алуды жоспарлап отыр. Қалған мәселелерде партия қолданыстағы қаржы жоспарынан ауытқымауға уәде береді. «Біз Францияның міндеттемелерін құрметтейміз, бізде жүгенсіз тапшылық болмайды әрі елді еуропалық келісімдерде көзделген траекторияға шығарамыз. Мұны Брюссельге жағыну үшін емес, мемлекет қаржысын бақылау − Франция мүддесіне сай болғандықтан істейміз», − деді Танги.

Канада АҚШ пен ЕО-ның ізімен Қытайдан әкелінетін электромобильдерге баж салығын енгізуі мүмкін

Канада Қытайдан әкелінетін электромобильдерге импорттық тарифтер енгізу мүмкіндігін қарастыруда, бұл мәселе елде қоғам талқысына түспек деп жазады Reuters елдің премьер-министрінің орынбасары Христи Фриландтың мәлімдемесіне сілтеме жасап. «Қытай өндірушілері әлемде әдейі артық ұсыныс тудырып отыр, соның салдарынан дүние жүзіндегі, соның ішінде Канададағы электромобиль өндірушілеріне нұқсан келіп жатыр», − деді Фриланд ханым.

Bloomberg өткен аптада Канада Қытайдан әкелінетін электромобильдерге тосқауыл баждарын салуға дайындалып жатқанын хабарлаған еді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елге жеткізілген сондай көліктердің саны 20 есе өскен. Канада билігі АҚШ пен ЕО-да Қытайдан әкелінетін электромобильдерге салынатын баж салығы күрт артқандықтан, ел нарығы ақыр соңында қытай көліктеріне толып кетеді деп алаңдап отыр.

Канадада тарифтер тек автомобильдерді жеткізуге ғана емес, сонымен қатар аккумулятор сияқты құрамдас бөліктерге де салынуы мүмкін.

Бұған жауап ретінде Қытай ақпарат құралдары Канаданы «стратегиялық тұрғыда ақылды болуға» және «Вашингтонның стратегиялық өзімшілдігіне бола Қытаймен арадағы экономикалық қатынасты құрбан етпеуге» үндеді.

Криптовалютаға сұраныс азайып барады

Bloomberg-тің хабарлауынша, криптовалюта нарығында шығын көбейді, биыл апталық көрсеткіштердің нашар болғаны бір емес, екі рет қайталанып отыр. Бұл үрдіске биткоин биржа қорларына деген сұраныстың басылғаны және ФРЖ-ның ақша-несие саясатын болжап білудің қиындығы себеп болған.

Өткен аптада 100 ірі цифрлық активтің индексі шамамен 5%-ға төмендеді. Бұл – сәуір айынан бергі ең үлкен құлдырау. Дүйсенбі күні биткоин 6,1%-ға арзандап, 59,827 доллар болды. Осылайша 2024 жылғы 3 мамырдан бері алғаш рет 60 мың доллардан төмен түсті. Өткен аптада биткоины бар инвестициялық өнімдерден жалпы қаражаттың кетуі шамамен 600 млн доллар, ал одан бұрынғы аптада 630 млн доллар болған.

«Криптовалюта нарығының қазіргі динамикасын – құбылу аз, көлем де аз, тапсырыстар портфелінде тепе-теңдік жоқ деп сипаттауға келеді, мұндайда бағалар өз диапазоны шегіндегі шамаларға қарай қозғала бастайды», − деген FalconX зерттеу бөлімінің басшысы Дэвид Лавант клиенттерге арналған жазбасында. Осы ретте Ether мен екінші дәрежелі криптоактивтерге инвестициялайтын алғашқы америкалық ETF-терді іске қосуға дайындық жүріп жатқанына қарамастан, криптовалютаның құлдырап бара жатқаны назар аударарлық жайт. «Аю нарығына тән көңіл күйі орнайтын сияқты, − деді цифрлық активтерге инвестициялайтын Orbit Markets қорының тең құрылтайшысы Кэролайн Маурон. − Нарыққа кез келген ірі сату ордерін игеру қиынға соғып тұр».

Сондай-ақ оқыңыз