Су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 257 млрд теңге қажет

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
257 млрд теңге қажет
227 млрд теңге қажет/Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 257 млрд теңге қажет. Елімізде су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету жұмысы жалғасып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер Қанат Бозымбаев айтты.

Вице-премьер қазіргі кезде шамамен 67 мың адам өз үйіне оралса, эвакуация пунктерінде 3 664 тұрғын бар екенін айтты.

Су тасқынынан зардап шеккендердің жалғыз баспанасы саналатын 12 086 тұрғын үй мен 7 380 саяжай құрылысы су астында қалды. Зардап шеккен өңірлерде 18 228 тұрғын үй тексеріліп, 15 651 объект бойынша бағалау аяқталды.

«Бағалау қорытындысы бойынша 9 306 үй жөндеуге жатқызылды, 8 190 үй қалпына келтірілмейтіні анықталды, олар бойынша қайталама нарықта 5 714 үй мен пәтер сатып алу, сондай-ақ үлгілік жоба бойынша 2 576 үй салу жоспарлануда. Жалпы, тұрғын үйді қалпына келтіруге шамамен 257 млрд теңге қажет», – деді Бозымбаев.

Қазіргі кезде тұрғын үйді жөндеу және қалпына келтіру үшін 6 176 отбасына 40 млрд теңгеге өтемақы берілді. 3 414 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтер алған. Батыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға арналған 2,5 мың жаңа үйдің құрылысы басталды.

Инфрақұрылымды қалпына келтіруге жалпы қажеттілік 48,7 млрд теңгеге бағаланды. Бұл қаражат автомобиль жолдарын, электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіруге және әлеуметтік объектілерді жөндеуге бағытталады. Бүгінгі таңда 39,8 млрд теңгеге жобалар дайындалған.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов жергілікті билікті жұмысына салғырт, шешім қабылдауда баяу, оған қоса ұйымдастыру ісінде әлсіз деп сынаған еді. Үкімет басшысы су тасқынынан бүлінген үйлерді белгіленген мерзімде әрі сапалы салуды талап етті.

Сондай-ақ оқыңыз